23 Қараша, Сенбі

Әдебиет

Джек Лондон

Джек Лондон, (Джон Гриффит) (1876 — 1916, Сан-Франциско маңы, АҚШ) — америкалық жазушы.

Мапуидің үйі






(әңгіме)

«Аораи» атты желкеме қаңқиып зор көрінгенімен қалай бұрса, солай жалтарып, самал желдің екпінімен зырлап келеді. Кеменің капитаны алда көрінген аралға таяна келе соқпа толқындардың жиегіне жетпей салдауыр тастады. Бұл — Хикуэру атолы, су ортасына сақинадай дөп-дөңгелек болып иірілген құм, маржанның үгіндісі, диаметрі жүз ярд, айналасы жиырма миль, биіктігі мұхит суының толқығанда көтерілетін деңгейінен төрт-бес фунттай ғана жоғары. Оның ортасындағы айнадай жарқыраған, суы тұп-тұнық үлкен қойнаудың түбінде меруерт қабыршағы өте көп. Міне қазір де меруерт іздеушілердің суға сүңгіп, жағаға кері жүзіп шығып жатқаны желкеменің палубасынан көрініп тұр. Бірақ атолға өзге түгіл сауда кемесі де кіре алмайды. Оған тек кішкене ескекті катерлер жел оңынан тұрса ғана. ирелеңдеген тар бұғазбен ептеп жүзіп өтеді, ал желкемелер рейдіге тоқтап, жағаға қайық жібереді.

«Аораидан» суға тез-тез шлюпка түсіріп, мықындарына қызыл борлат байлаған бірнеше жалаңаш қара матрос қарғып мінді. Матростар қайық есіп, атолға қарай жүзіп барады, оның қорамасында рульде бір жас жігіт тұр, үстінде әдетте тропикте европалықтар киетін ақ костюм. Бірақ ол тіпті европалық та емес, алтын түстес ақшыл сары реңкі, мөлдір көзіндегі жылт-жылт еткен алтындай сарғыш нүктелер полинезиялық екенін аңғартқандай. Бұл Раули, Александр Рауль, алты сауда кемесін жүргізіп тұрған бай әйел, арғы тегі сары нәсілге шатыс Мари Раульдің кіші баласы. Шлюпка бұғазға кіре берістегі судың сұрапыл иірімі мен биік соқпа толқындардан бұлталақтай өтіп, қойнаудың айнадай айдынына барып жетті. Рауль жағалаудағы күмістей аппақ құмға қарғып түсті де, бір ұзын бойлы кісімен қол алып амандасты. Ол осындағы жергілікті халықтың бір адамды, кеудесі кең, ірі кісі болғанымен, шолақ қолының сойдиып шығып тұрған аппақ сүйегіне қарағанда, бір кезде жайынның аранына ілігіп, қолдың жартысын беріп, енді су түбінен меруерт алып шығатын сүңгуір болуға жарамай, тек өсек айтып, бірді-бірге ұрындырып, жалбақтап күнін көріп жүрген мүсәпір жанға ұқсайды.

— Естідің бе, Алек? — деді ол салғаннан.— Мапуи меруерт тауыпты. Меруерт болғанда қандай! Ондай меруерт Хикуэруде, бүкіл Паумотуда, тіпті дүние жүзінде әлі ешкімге ұшыраған емес. Соны сен барып сатып ал, әлі ешкімге берген жоқ. Ақылы жоқ неме ғой, көп сұрамас. Есіңде болсын: мұны саған елден бұрын мен айттым, ұмытпа. Темекің бар ма?



Рауль жалт бұрылып, жарлауытпен жоғары шығып, биік пандал ағашының саясындағы лашыққа қарай жүрді. Рауль шешесінің агенті болып қызмет етеді, оның. міндеті Паумотудың аралдарын аралап жүріп, кокос жаңғағының дәнін, меруерт қабыршағын, меруерт сатып алу еді.

Бұл кәсіппен ол жуырда ғана айналысып жүр. Осы сапары агент болып екінші рет шығуы. Меруерттің шын бағасын әлі айна қатесіз айтып бере алмайды. Бірақ Мапуи меруертін көрсеткенде ол таң қалғанын сездірмей, кәнігі адамдарша жайбарақат қалып көрсетті. Шынында меруертке есі кетіп тұр. Үлкендігі көгершіннің жұмыртқасындай, жұп-жұмыр, ай жүзіндей жарқыраған аппақ бүйіріне түскен барлық бояудың сәулесі жүз құлпырады. Жаны бар нәрсе тәрізді. Рауль өмірінде мұндай жанып тұрған асыл тас көрген емес. Мапуи оны алақанына тастап жіберіп еді — ап-ауыр тиді. Меруерттің кетпес асыл зат екенін сонан-ақ аңғарды. Үлкейтіп көрсететін әйнекпен де айналдыра қарап жатыр, бірақ ешбір ақау, не бір сызат таппады: тазалығы сондай, үлбіреп, уылжып, қазір еріп кететіндей көрінді. Көлеңкелеп те қарап еді, жаңа туған жарық айдай жұмсақ нұр төгіп, құбыла жөнелді. Мөлдірлігі соншалық — стакандағы суға тастағанда көзге әрең ілігеді. Рауль суға тез батқанын көріп, салмағын да шамалады.

— Меруертіңе не сұрайсың? — деді Рауль оншама қызықпаған кісідей.

— Маған...— дей беріп еді Мапуи, оның сыртынан қылт етіп екі әйел мен бір қыз баланың басы көрінді. Үшеуінің де реңкі тап Мапуи сықылды қоңырқай. Олар үшеуі бірдей самсап, үй иесінің сөзін құптағандай басын изей бастады, көздері жарқ-жұрқ етіп, мойындарын созып, қызық көріп, ентелеп өліп барады.

— Маған үй керек,— деді Мапуи.— Төбесінде мырышпен аптаған темір шатыры, ішкі қабырғасында ceгіз бұрышты аспалы сағаты болсын. Өзінің ұзындығы қырық фут, айналасында верандасы болу керек. Ортасында үлкен бөлмесі, бөлмеде дөңгелек стол, қабырғасында екі гір асқан үлкен сағаты болсын. Үлкен бөлменің, екі жағында өзіміз жатып, рахаттанып, дем алатын екі-екіден тағы төрт бөлме, әр бөлмеде бір-бір темір кереует, екі орындық, қолжуғыш болсын. Үй сыртында ас үй — тап-таза, әп-әдемі ас үй болуы керек, оның ішінде пеш, кастрюльдері мен табалары тағы болсын. Бұл үйді сен маған өзімнің ата қоныс аралыма, Факараваға салып бересің.

— Болды ма? — деді сенбегендей Рауль.

— Киім тігетін машинасы да болсын,— деді Мапуидің зайыбы Тефара.

— Әйтеуір гір асқан сағаты болмай қалмасын, білдің бе, шырағым,— деді Наури, Мапуидің шешесі.

— Жә, болды енді,— деді Мапуи.

Рауль күлді. Шек сілесі қатып, ұзақ күлді. Күлкіні сылтауратып, бір жағынан саудасын да ішінен ойластырып тұр: бұрын үй салып көрмеген жігіт қой, құрылыстан хабары шамалы-ды. Күлген болып тұрып, ол материал әкелу үшін арнайы Таитиге баруға, материал сатып алуға, Факараваға қайтып келіп, жүгін түсіріп, үй салуға — осының бәріне қаншама қаражат керек болатынын есептеп шығарды. Бәріне төрт мың француз доллары керек екен, яғни жиырма мың франк. Сұмдық қой бұл. Ал меруерттің шын бағасы қанша екенін кім білген? Жиырма мың франк — керемет көп ақша, ақша болғанда өзінікі де емес, шешесінің ақшасы...

— Мапуи,— деді ол,— сен ақымақсың. Ақшалай сұра.

Мапуи басын шайқады. Артындағы үш кісінің басы да ырғалды.

— Маған үй керек,— деді ол,— ұзындығы қырық фут `болсын,

айналасында верандасы...

— Иә, иә,— деді Рауль оның сөзін бөліп.— Үй туралы айтқаныңды түгел түсіндім, бірақ онан ештеңе өнбес, сірә. Онан да ақшалай бір мың чили долларын төлесең қайтеді...

«Жоқ» дегендей төрт бас бірдей шайқалды.

— Оның үстіне жүз чили долларына менен қат нәрсеңді қарызға алып тұрарсың.

— Маған үй керек...— деп келе жатыр еді тағы да Мапуи Рауль оған:

— Үйден саған не пайда?—деді.— Дауыл тұрса ғой, үйіңді теңізге жығып кетеді. Оны жақсы білесің Капитан Раффи бүгін де дауыл болады деп отыр.

— Факаравада дауылдан үй құламайды,— деді Мяпуи, — оның жағасы биік. Бұл арада мүмкін, өйткені Хикуэруде дауылдың бәрі апат екені рас. Маған үй берсең Факараваға салып бересің, ұзындығы қырық фут болсын, айналасында верандасы...

Рауль оның үй туралы ұзын сонар өтінішін тағы да түгел тыңдады. Қарадай жабысқан осы бір қиялдан бұл неменің қайтсем көңілін бөлемін деп бірнеше сағат өзектеп те көрді — болмады, Мапуидің әйелі мен шешесі, қызы Нгакура оның сөзін қостай берді. Соларға әбден арман болған осы бір үйдің ай-жайын тағы да жиырмасыншы рет тыңдап тұрғанда лашықтың ашық тұрған есігінен «Аораидан» тағы бір шлюпка келгенін көзі шалды. Ескекшілері тым асығыс. Капитанның көмекшісі қайықтан жағадағы құмға қарғып түсіп, кездескен біреуден әлдене сұрады да, асыға басып Раульге қарай жүрді. Бұл кезде күн көзін қап-қара бұлт жауып, айналаның бәрі түксиіп, түнеріп келе жатқан еді. Міне қойнаудың ар жағынан ойнақ салып, теңіздің бетін тебірентіп келе жатқан сұрапыл қатты желдің етегі де көрінді. Капитан Раффи бұл арадан тез кетуіміз керек деп жатыр, — деді көмекші аптығып келген бойы.— Меруертке айналмасын, тез кетейік, аман болсақ тағы келерміз деп айт деді. Барометр жиырма тоғыз бүтін де, жүзден жетпіске түсіпті.

Ұйытқыған жел екпінімен Раульдің үстіндегі пандал ағашын зу еткізіп бір жұлқып, гулей жөнелді; піскен кокос жаңғақтары топылдап түсіп жатыр. Жаңбыр жауды — әуелі алыста сияқты еді, заматта қатты желге ілесіп келіп те қалды, қойнаудағы судың беті қыбырлап ала жөнелді. Бүрке жауған жаңбырдан ағаштың жапырағы шу ете түскенде Рауль орнынан атып тұрды.

Бір мың чили долларын қазір қолыңа салайын, Mапуи, деді ол,—тағы екі жүз долларға менен керегіңді алып тұрарсың.

— Маған үй керек...— деп тағы да тізбектей жөнелді Мапуи.

— Мапуи, сен ақымақсың! — деді Рауль желмен бірге күңіреніп.

Капитанның көмекшісімен екеуі лашықтан шыққан бойы жүгіріп отырып, шлюпка тұрған жерге әрең жетті. ІІІлюпка көрінбейді. Нөсерлеп құйып тұрған тропик селі түк көрсетер емес, олар тек аяғының астындағы жер мен қойнаудың жиегіндегі құмды құшырлана жалап жатқан толқындарды ғана көрді. Аяқ астынан біреу шыға келді. Ол шолақ Хуру-Хуру екен.

— Меруертті ала алдың ба? — деді ол Раульдің құлағына айғай салып.

— Мапуи ақымақ! — деді Рауль де айғайлап. Сол минутте сел көміп кетіп, екеуі бір-бірінен көз жазып қалды.

Жарты сағаттан кейін атолдың теңіз жақ жиегінде тұрған Хуру-Хуру «Аораидің» екі шлюпканы судан тартып алып, асығыс жүзіп кеткенін көрді. Тап сол араға дүлегей жел тағы бір желкемені зырлатып айдап әкелді, ол жалмажан салдауырын тастап, суға шлюпка түсіріп жатыр. Бұл да бұрыннан таныс желкеме болып шықты. Кәдімгі «Орохена». Оның қожасы саудагер метис Торики аралдарды өзі аралап жүріп, меруерт сатып алады. Шлюпканың сонау кормасында тұрған соның өзі. Хуру-Хуру залым күліп тұр. Мапуидің өткен жылы несиеге алған заттары үшін Торикиге бересілі екенін біледі.

Жел тынды. Күн қайнап ыси бастады. Қойнау тағы да айнадай болып жарқырады. Бірақ мақтадай тығыз ауа өкпені қысып, дем алу әлденеге ауырлап барады.

— Жаңалықты естідің бе, Торики? — деді оған Хуру-Хуру.— Мапуи бір меруерт тауыпты. Ондай меруерт Хикуэруде, бүкіл Паумотуда, тіпті дүние жүзінде әлі ешкімге кездеспеген шығар. Мапуи ақымақ неме ғой. Әрі мойнында өтей алмай жүрген борышы да бар. Есіңде болсын: мұны саған елден бұрын мен айттым, ұмытпа. Темекің бар ма?

Міне, Торики де Мапуидің сабаннан өрген лашығына қарай кетіп барады. Мінезі қатал, өктем адам болғанымен, Торики оншама ақылды кісі емес. Ол жайнап тұрған меруертке жайбарақат бір қарады да, асықпай-саспай қалтасына салды.

— Жолың болады екен,— деді ол Мапуиге,— меруертің әдемі. Мен саған тағы тауар беріп тұрармын:

— Маған үй керек...— деді Мапуи үрейленіп, дәбдірлеп.— Ұзындығы қырық фут...

— Әй, сенің үйің бар болсын! — деді саудагер оның сөзін бөліп.— Әуелі борышыңнан құтылып алсайшы. Маған бір мың екі жүз чили доллар бересің бар. Хош! Сол борышыңды түгел кешірдім. Арамыздағы алыс-беріс осымен бітсін. Ал мұнан былай менен екі жүз чили долларына несиеге керекті зат алып тұрарсың. Егер Таитиде меруертің жақсы бағаға өте қалса, мүмкін тағы жүз доллар қосармын,— сонымен, небәрі үш жүз доллар-ақ болсын. Бірақ ұмытпа — уәде тек жақсы бағаға өтсе ғана. Әйтпесе кім біледі, мүмкін зиян шегіп қалармын.

Мапуи қатты қынжылды, кеудесіне қолын басып, басын иді. Қазинасы көз алдында қолды болды. Жаңа үйден айырылды — бәрі борышына кетті. Қандай меруертіне түк ала алмай, құр алақан қалды.

— Сен ақымақсың,— деді оған Тэфара.

— Сен ақымақсың,— деді Наури кәрие.— Меруертіңді қолына неге ұстата қойдың?

— Енді қайтейін? — деді Мапуи.— Борышты екенім рас. Менің меруерт тауып алғанымды өзі естіп келіпті ғой. Маған тек көрсет дегенін өзің де естідің. Meн оған ештеме дегенім жоқ, бәрін өзі біліп келіпті. Бөгде біреу айтқан ғой. Бересі екенім рас,

— Мапуи ақымақ,— деді Нгакура да. Нгакураның, жасы биыл он екіде ғой, әлі ақылы толмаған бала емес пе?

Мапуи ашуын басқысы келгендей, қызын қойып қалып, жалп еткізді. Тэфара мен Наури байбалам салып, жылап жатыр. Әйелдердің қашанғы әдеті осы ғой.

Бұл кезде жағада тұрған Хуру-Хуру тағы бір таныс желкеме келіп, атолдың аузына салдауыр тастап, шлюпкасын түсіріп жатқанын көрді. Ол «Хира». Кеменің бұлай аталып кеткен себебі: иесі Леви, неміс еврейі, меруертті көп жинайтын адам. Таити елінде Хира ұрылар мен балықшылардың табынатын құдайы.

— Жаңалықты естідің бе? — деді Хуру-Хуру басы қазандай, беті быттиған жуан Леви жағаға түскенде.— Мапуи бір меруерт тауыпты. Ондай меруерт Хикуэрум , бүкіл Паумотуда, тіпті дүние жүзінде болып көрген емес. Мапуи ақылы жоқ неме ғой: оны Торикиге бір мың төрт жүз чили долларына сатып жіберді,— өзім үй сыртынан саудаласқанын естіп тұрдым. Торики де ақымақ адам. Сен соны амалдап арзанға түсіріп ала аласың. Есіңде болсын: мұны саған елден бұрын мен айттым, ұмытпа. Темекің бар ма?

— Торики қайда?

— Капитан Линчтің үйінде абсент ішіп отыр. Онда отырғанына бір сағаттай болды-ау.

Леви мен Торики абсент ішіп, саудаласып отырғанда, Хуру-Хуру олардың сөзін сырттан тыңдап тұрды, екуінің ақылға сыймайтын бағаға — жиырма бес мың франкқа келіскенін естіді!

Тап осы кезде «Орохена» мен «Хира» аралға жақын келіп, зеңбірек атып, асығыс атой сигнал берді. Капитан Линч қонақтарымен тысқа шыққан кезде екі желкеме жалма-жан бұрылып алып, желкендерін түсіріп, жағадан алыстап кетіп бара жатыр еді, жойқын желдің екпінімен ыққа қарай ауытқып, көбік шашқан теңіз үстінде бір жанбастап ыға жүзіп барады. Көп ұзамай олар қалың жаңбырдан көрінбей де кетті.

— Жел басылғасын келеді,— деді Торики.— Тегі осы арадан кеткеніміз абзал болар.

— Барометр сірә тағы төмен түскен ғой,— деді капитан Линч.

Бұл шашы аппақ құдай, қаба сақал қарт кісі еді. Теңізге шықпағанына көп жыл болған. Демікпе науқасына Хикуэру шипалы екенін ертеде-ақ түсінген кісі. Барометрін көрмекке ол үйіне қайта кірді.

— Жасаған-ау!—деген дауысын есітіп, басқалары да үйге асыға кірсе, ол барометрдің жиырма тоғыз бүтін жүзден жиырмада тұрған тіліне үрейлене қарап тұр екен.

Бұлар тысқа шығып, абыржып аспанға, теңізге қарады. Жел басылғанымен аспан әлі түнеріп тұр. Бағанағы екі желкеме, оларға қосылған тағы бір кеме — үшеуі де желкендерін түгел көтеріп алып, аралға қарай беттеді келеді. Міне айнымал жел тағы ауды, кемедегілер қапыл-құпыл желкендерін қайта түсіре бастады. Бес минуттан кейін жел енді екінші жағынан — кемелердің дәл қарсы алдынан соқты. Жағадағылар кеменің алдындағы көлденең желкен тез босап түскенін көрді. Соқпа толқындар өкіріп, жағаны сүзіп жатыр. Теңіз де теңселіп, толқып ала жөнелді. Құдіреті күшті нажағай қара аспанды қақырата қақ жарып, күркіреген көк аспан қалтырай күңіренді.

Торики мен Леви шлюпкаларына қарай жүгірді. Леви әбден үрейі қашқан бегемот тәрізді борсалаң-борсалаң етеді. Атолдан шыға бергенде бұлардың қайығына «Аораидің» шлюпкасы қарсы ұшырады. Оның кормасында ескекшілерді үсті-үстіне асықтырып келе жатқан Рауль көрінеді. Меруерт есінен кетпей ақыры Мапуидің сұрағанын бермекке қайтып оралған беті болса керек.

Жағалауда жаңбыр мен жел құйындай үйіріліп, түк көрсетпей ұйытқып тұр еді, ол құмға ырғып түскенде Хуру-Хурумен соқтығысып қалды.

— Кешіктің! — деді айғайлап Хуру-Хуру.— Мапуи меруертін бір мың төрт жүз чили долларына Торикиге сатты, Торики оны жиырма бес мың франкқа Левиге сатып жіберді.

Леви оны Францияда жүз мыңға сатады. Темекің бар ма?

Рауль еңсесін басқан ауыр зіл мойнынан түскендей күрсінді. Бағанадан бері жүйкесін құртқан азаптан арылды. Өзіне тимегенімен енді меруерт туралы ah ұрып ойламайтыны анық. Бірақ Хуру-Хурудің сөзіне сенбеді: Мапуи меруертін бір мың төрт жүз чили долларына сатуы мүмкін, бірақ жырынды саудагер Левидің жиырма бес мың франк төлеуі нағайбыл. Рауль капитан Линчтен анығын білейін деп үйіне келсе, қарт теңізші барометрдің алдында таң-тамаша болып тұр екен.

Меніңше қанша деп ойлайсың? — деді аңырып капитан, сөйтті де көзілдірігін сүртіп, барометрге тағы.

— Жиырма тоғыз бүтін он,— деді Рауль.— Мен барометрдің мұншалық құлдырағанын кергенім жоқ.

— Таң қалуға болмайды,— деді капитан.— Сен түгіл елу жыл ұдайы теңізде жүзген мен де мұндайды көрген емен.— Естимісің?

Бұлар үйді теңселте күңіренген соқпа толқынның гүріліне біраз құлақ салып тұрды да, далаға шықты. Дауыл жел басылыпты. Бірақ солтүстік-шығыстан үйдей-үйдей толқындар бірін-бірі қуалап, жарыса жағаға келіп, аралдың маржан құмды жағалауларына бар екпінмен соғылып жатыр. Жағадан бір мильдей жерде жүзіп жүрген «Аораиді» биік толқындар шайқалтып, теңселтіп, бір олай, бір бұлай лақтырады. Ескекшілердің бірі бұғаздың кіре беріс өңешін қолымен нұсқап, басын шайқады. Рауль да сол жаққа қарап еді, ақ көбігін аспанға атып, бұрқырап, буырқанып, астан-кестен болып жатқан бір керемет көрді.

Мен, сірә, сіздікіне қонармын, капитан,— деді ол Матросқа шлюпканы жиекке шығарып, өзіңе де, басқа да ескекшілерге де түнейтін орын тауып ал деп тәртіп берді.

Барометрін көріп келуге үйге кіріп кеткен капитан Линч қайта шығып:

— Аттай жиырма тоғыз,— деді.

Үйден ала шыққан орындығын жерге қойып, теңізден көзін алмай қарап отырды. Бұлт арасынан күн көрінді, бұрынғыдай жел жоқ, тымырсық, қапырық. Бірақ теңіз тағы толқи бастады.

— Мына толқындар қайдан келіп жатыр, түсінбеймін — деді Рауль мазасызданып.— Жел жоқ... Қараңызшы... жоқ, ана біреуіне қараңызшы!..

Ұзындығы неше миль, жүз бұралған зәулім толқын он мың тоннадай суды әлсіз атолға үйіріп дүрсе соққанда, жер сілкінгендей болды. Капитан Линч шошып кетті.

— Тәңірім!—деп дауыстап та жіберді, орындығынан бір тұрып, бір отырды.

— Жел жоқ,— деді тағы Рауль безек қағып.— Жел болса бір жөн-ау.

— Қам жеме, қарағым, жел де болар әлі,— деді капитан қабағын түйіп.

Үн-түн жоқ бұлар осылайша біраз отырды. Бусанған денеден шып-шып тер шықты, ол бара-бара тамшыға айналып, сорғалап жерге де тама бастады. Ауа жетпей, өкпесі қабарып, қарт қатты қиналып отыр. Жардан атып шыққан таудай толқын жолындағы кокос пальмаларын сипай соғып, бір шеті капитан Линчтің тап алдына келіп жусады.

— Су соңғы деңгейінен де асқан екен,— деді ол, бұл аралда мен тұрғалы он бір жыл болады.— Сағатына қарады.— Тура үш.

Жағадан бала-шағасын, иттерін шұбыртқан бір еркек пен бір әйел көрінді. Олар үйдің қасынан өте беріп, не қыларын білмей иіріліп біраз тұрды да, құмға отыра кетті. Аздан кейін үйдің екінші жағынан артынып-тартынған тағы бір семья көрінді. Көп ұзамай капитан Линчтің үйінің төңірегіне әйел, бала-шағасымен ұбам-шұбап жүздеген адам жиналып қалды. Капитан не болды деп сұрап еді, жас бала көтерген бір әйел: үйімізді жаңа ғана толқын соғып, жығып кетті деді.

Капитанның үйі аралдың ен, биік жерінде-ді. Оның оң жағынан да, сол жағынан да үйдей толқындар атолдың енсіз жіңішке жотасына соғып, шашырап, бергі қойнаудағы суға құйылып жатыр. Сақина тәрізді атолдың айналасы жиырма мильдей, ал енінің ең жалпақ жері үш жүз футтан аспайды. Қазір нағыз меруерт маусымның қызу кезеңі. Сондықтан төңіректегі аралдың бәрінен, тіпті Таитиден де жергілікті көп халық осында жиналған.

— Бұл арада бір мың екі жүздей кісі бар,— деді капитан Линч.— Соның ертең қаншасы қаларын айту қиын-ау.

— Жел неге жоқ? — деді Рауль.

— Қам жеме, қарағым, қам жеме, көп ұзамай нағыз дүрбелең басталады.

Капитан сөзін айтып үлгірмей-ақ таудай бір толқын атолға гүрс етіп кеп құлады. Айналаны үш дюймдей шымырлаған қара су қаптап, бұлар отырған орындықтың маңы да көлкөсір болды. Әйелдердің үрейлі дауысы естілді. Таудай-таудай болып қаптап келе жатқан толқындардан зәресі ұшқан балалар шуылдап жылай бастады. Малмандай су-су болған кілең тауық пен мысық су кешіп, сан-сапалақ жүгіріп жүр, бір кезде уәде еткенедей бәрі шұбырып үйдің төбесіне шықты. Бір кісі иттің жаңа туған күшіктерін корзинкаға салып алып, тырмысып кокос пальмасына шықты да, жиырма футтай биікке көтерілгесін корзинаны ағашқа асып байлады. Күшіктің енесі қыңсылап, үріп, суды шалпылдатып, ағаштың түбінде айнала жүгіріп жүр.

Күн бұрынғысынша жарқырап, жел тынып, ішін тартып тұрғандай. Бұлар «Аораи» кемесін олай-бұлай лақтырып жүрген толқындарға қарап отыр. Капитан Линч қарай беруге дәті төзбей бетін басып, үйге кіріп кетті.

— Жиырма сегіз де алпыс,— деді ол ақырын, үйден шығып.

Үйден бір буда жуан арқан ала шыққан екен. Арқанды шетінен ұзындығын он футтай қылып кесіп-кесіп, біреуін Раульге берді, біреуін өзі алды, қалғанын әйелдерге үлестіріп, оларға енді ағаштың басына шығыңдар деді.

Сол кезде солтүстік-шығыстан баяу самал жел де есті, самалдың лебі бетіне тиер-тиместе-ақ манаураған Рауль есін жиды. Ол «Аораидің» желкенін түзеп алып, жағадан жылжып кетіп бара жатқанын көрді де, өзінің мұнда қалғанына өкінді. Желкеме бәледен құтылар-ау, ал мынау арал ше... Атолдың үстіне ытқып шыққан толқын екпінімен қолқ етіп қойып кеткенде Рауль құлай жаздады. Жалмажан айналасына қарап, басына шығуға жарайтын бір мықтырақ ағаш іздеді, бірақ барометр есіне түсіп, үйге қарай жүгірді, тап есік алдында капитан Линчпен екеуі соқтығысып қалды.

— Жиырма сегіз де жиырма,— деді қарт.— Оһ, жын ойнағы басталады енді!.. Мынау не?

Ауада әуелі қарқыны күшті бір екпін пайда болды. Лезде үй селк етіп, сықырлап, теңселе жөнелді, дауыл жел ішін тартып, ышқына гуледі. Терезелердің әйнегі шылдырап, біреуі салдыр-гүлдір қирап түсті, бөлмеге лап қойған дауылдың екпіні екеуін де ұшырып жібере жаздады. Тарс ұрған есіктің ілгегі быт-шыт болды. Ақ тұтқасының да кұлпарасы шығып, сынығы еденге шашылып кетті. Бөлменің қабырғасы тым тез үрген бүйендей бүйірленіп барады. Бір кезде мылтықтың, дауысындай тағы бір тасыр-тұсыр еткен дыбыс естілді,— биік толқынның шоқтығы шашырап келіп үйге жеткен екен.

Капитан Линч сағатына қарады. Түскі төрт. Ілулі тұрған көк бушлатын алып киіп, қабырғадағы барометрді терең қалтасына салып алды. Тағы бір толқын гүрс етіп соғып кеткенде жеңіл үйдің қабырғасы іргесінен ақырын жылжып барып, бір жағына он градустай лықси шөкті.

Сыртқа алдымен амалдап Рауль шықты. Дауыл оны жағалаудың бойымен дедектетіп, үйіріп ала жөнелді. Жел шығыстан екен. Тырмысып жүріп, құм үстіне азар дегенде жер бауырлап жатты. Жел ұшырған қаңбақтай қалбаңдап келіп, үстіне капитан Линч құлады. Бұларды көрген Аораидің» екі матросы жәрдемдесу үшін кокос пальмасынан қарғып түсіп, аттаған сайын жер тырмалап, айналып-үйіріліп жүріп қастарына келді.

Жасы келген капитанның ағашқа өрмелеуге дәрмені жетпегесін, матростар арқанның үзігін жалғап алып қартты елу футтай биік ағаштың басына арқанмен тартып шығарып байлап тастады. Рауль де бір ағашқа арқанын сыбап, орап алып, жан-жағына қаранды. Сұрапыл жел соғып тұр. Мұндай сұмдық түсіне де кірмеген шығар. Атолдан атқып шыққан толқын жер бетімен зымырап келіп қойнаудағы суға құйылды, Раульдің үстін басып өткенде су тізесінен келген еді. Күн көрінбейді, төңіректі сұрғылт қараңғылық басып, ымырт та жамылып келеді. Қияс ұрған жаңбыр бетке бытырадай тисе, тұзды судың толқыны шапалақша шартылдайды. Раульдің екі беті дуылдап көзінен жас парлады. Жергілікті елдің жүз қаралы адамы ағаштың басына шығып алыпты. Жайда ағаш басындағы ұйлыққан мынау адамдарды көрсе, Рауль күлер еді. Бірақ ол Таитиде туған жоқ па, не істеу керек екенін біледі: ағашты қапсыра құшақтап. ұмтылған сайын аяғын тіреп, мықшиып жоғары өрмелей бастады. Ағаштың басында екі әйел, екі қыз бала, бір еркек отыр екен; қыздың біреуі мысығын кеудесіне басып, құшақтап отыр.

Рауль ағаш басынан қарт капитанға қол бұлғады, ол да сыр бермей, ширақсынып, қол бұлғаған болып жатыр. Аспанды көріп, түсінен шошиын деді. Аспан еңкейіп жерге түсіп, адамның дәл төбесіне түнеріп тұрғандай, сұрғылт түсі енді қап-қара қара көк. Көп адам ағаштан ұстап, иіріліп жерде отыр. Кейбіреуі құдайға ғибадат қылады, ал мормон-миссионер бір топ кісінің алдында уағыз сөйлеп тұр. Раульдің құлағыңа алыстан шырылдауықтың, дыбысындай ғажап үн естілді; ол бір минуттан артыққа созылған жоқ, аз уақыт болса да Раульге жұмақ туралы, аспан музыкасы жайлы әлде қалай ой түсірді. Сонау ағаштың түбінде арқаннан, бір-бірінен ұстап, ұйлығып бір топ адам тұр. Олардың түсіне, ауыздарының бірыңғай қимылдауына қарағанда, дұға айтып тұрған тәрізді.

Жел үдеп, күшейіп келеді. Оның екпінін Рауль ешбір құралмен өлшей алар емес, сұрапыл құйын оның жел туралы ұғымына жанаспайды да, бірақ құтырына түскенін білді. Қасындағы ағаштың бірін жел түп-тамырымен жұлып әкетті. Басында отырған кісілер жерге ұшып түсті. Сол арадағы тілдей ұзынша құмды толқын жайпап өткен кезде олар да жым-жылас болды. Осының бәрі көз ілестірмей заматта болған оқиға. Қойнаудың көпіршіп, көбік шашқан суынан кісінің қараңдаған басы мен бұлаң еткен иығы бір көрінді де батып кетті. Ағаштар майысып, қопарыла құлап, шашылған оттық сияқты айқыш-ұйқыш үйіліп жатыр. Рауль өршеленген желден сескенейін деді; өзі отырған пальма да бұраң қағып, әрең тұр. Әйелдің біреуі дауыс айтып баж-баж етіп, кішкентай қызын кеудесіне баса береді, қызбала қолындағы мысығынан айырылар емес.

Екінші баланы көтерген еркек Раульді иығынан қағып төмен қарай қолын нұсқады. Қараса жүз қадам-жерде мас кісідей теңселіп кішкентай мормон шіркеуі қалқып келе жатыр: оны фундаментінен жұлып әкеткен жел мен толқын қойнауға қарай ықтырып айдап келеді. Ересен күшті бір толқын шіркеусымақты іле көтеріп, үйіріп-үйіріп бір топ кокос пальмасына апарып соқты. Пальманың басындағы адамдар піскен жаңғақтай топырлап жерге шашыла құлады. Толқын кері қайтқан кезде кісілер де көрінді: кейі сұлап жатыр, кейбіреуі ирелеңдеп, тыпырлап жанталасады. Олар Раульге құмырсқа сияқты көрінді. Бірақ бұрынғыдай бұған жаны түршігіп, зәресі ұшқан жоқ,— ол енді не сұмдықтан болса да сескенбейтін сияқты, Мерт болған сорлыларды келесі бір толқын қалқытып суға алып бара жатқанына шімірікпей қарап отырды. Ең дәу үшінші толқын кішкентай шіркеуді көтеріп алып, қойнауға қарай лақтырып жіберді, ол Нұх пайғамбардың қайығы сияқты мелдегінен суға батқан күйі қалқып қараңғылыққа кіріп барады.

Рауль айнала қарап, капитан Линчтің үйін көре алмады, оның жым-жылас жоқ болып кеткенше таң қалды. Иә, апат көз ілестірер емес. Құламай тұрған ағаштардың басынан көп адам жерге түсе бастағанын көріп отыр. Жел әбден кәріне мініп, күшейіп алған. Рауль мұны өзі отырған пальманың бұрынғыша олай-бұлай ырғалмай, қамыстай жапырылып, жантая майысқан қалпында тек дір-дір еткенінен ғана сезді. Тынымсыз зіркілдеп отырған жаман екен, жүрегі лоблып, аузына тығыла береді. Ағаш, камертон сияқты немесе Гавайи гитарасының сым шегіндей діріл қағады. Безек қаққан пальманың селкілі ауыр тиді. Бүйте берсе ағаш та төзе алар емес, түбірінен жұлынып кетпесе де, морт үзілуі мүмкін.

Aha! Әне бір ағаш төзе алмапты! Оның қашан құлағаны белгісіз, бірақ орнында қазір тұқылы ғана тұр. Көз кермесе не боп жатқанын естіп біле алмайтын күй туды. Ағаштардың сатыр-күтір құлаған жаңғырығып, ыңырсыған адамдардың жалынышты үнін арқыраған адуын дауыл естіртер емес. Ал капитан Линчтің қандай халге ұшырағанын Рауль өз көзімен көрді, әлде қалай сол жаққа көзі түсіп кеткенде капитандар отырған пальма ортасынан дыбыссыз қақырап қақ үзіліп, үстіңгі жағы үш матроспен, қарт капитанмен бірге қойнауға қарай ұша жөнелген. Ол құлаған жоқ, сабанның талшығы сияқты ауамен қалықтап барып, жағадан жүз қадамдай жерде суға күмп етті. Қадала қарап отырған Раульге капитан Линч ақтық рет бақылдасып, қол бұлғаған тәрізді, иә, ол қол бұлғағанына Рауль ант етуге бар.

Рауль осыдан кейін орнында төзіп отыра алмай қасындағы еркекті иығынан қағып, жерге түсейік деп ымдады. Түсуге ыңғайланған ол, зәресі ұшқан әйелдер мелшиіп орнынан қозғалмағасын оларды тастап кете алмады. Рауль арқанын ағашқа орап, төмен қарай сырғанап өзі түсті. Тұзды толқын-су шарпып өткенде арқаннан мықтап ұстап алған бойы демін алмай тұра қалды. Толқын өтіп кеткесін барып, ағашқа сүйеніп тұрып, демін азар деп бір алды да, арқанды ағашқа мықтай байлады. Тағы бір толқын соғып өтті. Жоғарыдағы әйелдің біреуі жерге түсті, бірақ еркек, екі бала, бір мысықпен ағаштың басында әлі отыр. Рауль түсіп келе жатқанда-ақ ағаштың түбін паналаған адамдардың сиреп қалғанын байқап еді. Қазір айналасындағы жұрт тіпті азайыпты. Өзі де әрең төзіп тұр; қасындағы әйел де әлсірейін деді. Толқын соққан сайын әуелі өзінің, . екінші қасындағы әйелдің қалтиып әлі тұрғанына таң қалады. Тағы бір толқын жүз бұралып, ойнақтап өтіп еді, бір өзі ғана қалды. Жоғары қараса, ағаштың басы омырылып ұшып кеткен екен. Қалған жартысы қалтырап дір-дір етіп тұр. Рауль енді жан сақтайтын болды тамыры берік пальма жел-дауылды елең қылар емес. Рауль ағаштың бойымен тырмысып жоғары өрмеледі. Ал әбден біткен, әрең жылжып келеді. Екі рет толқын да соғып өтті, ақыры толқынның тепкісінен құтылдым дегенде ағашқа өзін-өзі арқанмен мықтап байлап, не болса да көрейін, түнді осылай отырып өткізейін деп ойлады.

Қараңғыда мұндай халде жалғыз отыру қандай қиын. Кей-кейде ақыр заман орнап, жарық дүниеде бір өзі ғана қалғандай көрінді. Жел сағат сайын үдеп, өршелене түсті, Раульдің есебі бойынша сағат он бір шамасында жел сұрапыл дауылға ұласты. Ол енді адам айтқысыз жойқын күшке айналды — ішін ышқына тартып, арсылдаған аң ба, жоқ жолындағының бәрін жайпай өткен дажал ма, әйтеуір бірінен соң бірі, қайта-қайта, үстi-үстіне екпіндетіп өтіп жатқан бірдеме. Өзі де қаңбақ сияқты жеп-жеңіл болып кеткендей, тіпті қалқып ұшып, қайдағы бір тып-тығыз қою заттың ішінде зымырап ағып келе жатқандай көрінеді. Жел желбіреген ауа емес, су немесе сынап сықылды қою затқа айналды. Оны жыртуға, өгіздің қара кесек еті тәрізді сыдырып алуға, тістелеуге, тіпті шық тас сияқты сүйенуге де болатындай.

Жел тұншықтырып барады. Ол мұрнынан, аузынан кіріп, өкпесін үреді. Бүкіл денесіне топырақ толып кеткендей. Дем алу үшін ол ернін пальмаға тақауға тиіс болды. Тоқтаусыз тепсінген долы дауыл жігерін құм қылып, тәнін қалжыратты, ақылы мен есін кетірді. Рауль айналасындағыны аңғарудан, ойлаудан қалды, есі кіресілі-шығасылы. Қиялында «дауыл деген осы екен ғой» деген бір айқын ой сөнбей қалыпты. Ол анда-санда жылт еткен әлсіз шырақтай миында лып-лып етеді. Бағзы бір уақытта есі кіргенде «дауыл деген осы екен ғой» дейді де тағы есі ауып талықсиды.

Дауыл әсіресе сағат он бірден түнгі үшке дейін сұрапыл болды, сол сағат он бір шамасында семьясымен Мапуи паналаған ағаш та омырылған. Мапуи өзі құлай түскен қойнау суының бетіне қайтадан қалқып шықты қызы Нгакураны қолтығына қысып алып, әлі айырылмай жүр. Мынау сұмдық арпалыста жергілікті халықтың жансебіл адамы ғана айла тауып, бассауға жасай алады ғой. Байлаулы отырған ағашының басы омырылғанда Мапуиді де ала кеткен, қазір ағаш байлаулы адам мен бірге көбік пен толқынның арасында үйіріліп жүр. Мапуи тырмысып ұстап, ағаштан айырылмайды, біресе қапсыра құшақтап алып, тұншығып кетпес үшін өзінің де, қызының да судан басын шығарып, демін алады, Бірақ шашыраған су, көлденең, ұрған бұршақтай жаңбыр ауамен бірге өкпесіне кіреді.

Қойнаудың арғы беті он миль жер. Суға батпай әзірше аман жүрген он адамның тоғызы қалқып жүрген көп ағашқа, тақтайларға, немесе қираған үй мен қайықтың сынығына соғылып, қаза болды. Тұншыққан шалажансар сорлыларды жын ойнағы келісіне салып, түйгіштеп, умаштап жүр. Бірақ Мапуидің жолы болып, тағдырдың әмірімен аман қалды: толқын оны қойнаудың құм жиегіне шығарып тастапты. Сол бойы қансырап біраз жатты; Нгакураның сол қолы сынған екен, оң қолының саусақтары мылжа-мылжа, беті мен маңдайын сүйегіне дейін бір нәрсе тіліп кеткен. Мапуи бір қолымен ағашты, бір қолымен қызын құшақтап, ыңырсып демін әрең алып жатыр, қойнаудан жағалауға қарай жарыса жүгірген толқындар кейде тізесіне, кейде белуарына жетеді.

Таң ата, сағат үш кезінде дауыл бәсеңдейін деді Сағат бесте едәуір жел бар еді, алтыда әбден басылып, күн көрінді. Теңіз де саябырлана бастады. Мапуи жиекке жете алмай қаза тапқан жандардың толқын астында қарауытқан денелерін көрді. Солардың арасында шешесі мен әйелі де жатқан болар-ау. Аяғын әрең басып, өліктерді аралап келеді. Бір жерде судың жиегінде жатқан әйелі Тэфараны көрді. Жерге отыра кетіп, аңдарша ұлып жылады — жабайы адамдар қайғысын осылай азалайды ғой. Бір кезде әйел қозғалып, ыңырсыды. Мапуи үңіліп, анықтап қараса, әйелі тірі, тіпті жарақаттанбаған. Ол жайымен ұйықтап жатса керек! Сонымен Тэфара да әлде қалай аман қалған.

Аралда кеше ғана жүрген бір мың екі жүз адамнан тірі қалғаны үш жүз қаралы кісі. Мормон-миссионер, жандарм екеуі оларды тізімдеді. Қойнау толы өлік. Бүкіл аралда сау қалған не бір үй, не үйшік жоқ, бәрі қираған, бүлінген. Кокос пальмаларын дауыл түп-тамырымен жұлып әкетіпті, бірен-саран қалғандары омырылып, жаңғағының бәрінен ада болған. Тұщы су жоқ. Аздап жаңбыр суы жиылған тайыз құдықтардың бәріне тұз толыпты. Қойнаудан қалқып жүрген бірнеше қапшық ұн табылды. Тірі қалғандар жерге түскен кокос жаңғағының өзегін алып жеп, жүрек жалғады. Жұрт құмнан қазып, үстін қираған шатырдың қаңылтырмен жауып, ішіне кіріп те жатыр. Миссионер буды суға айналдыратын жабайы құрал жасаған еді, бірақ ол үш жүз кісіге тұщы су жетістіре алмады. Келесі күні кешке таман Рауль суға түсіп жүріп, сусағаны сәл басылғандай болғасын, бұл жайды бүкіл жұртқа хабарлады. Сонымен аққасы кепкен үш жүз еркек, әйел мен бала-шаға мойнына дейін суға кіріп тұрды. Айналаның бәрі қалқып жүрген өлік, кейбірі кісінің аяғына оралады. Үшінші күні бұлар өліктерді жерлеп болғасын, енді құтқарушы кемелер келетін болар деп күтісті.

Жаушы-жаламда семьясынан ажырап қалған Наури диуылдың бүкіл әлеметін бір өзі көрді. Қолына іліккен жалғыз тақтайдың жарықшағы қайта-қайта қадалып, кейде оқыс тиіп, жарақаттаса да жармасып айырылмады. Сөйтіп жүргенде атолдан атқып өткен толқын оны теңіздің, жазығына ағызып ала кетті. Мұнда, тебіренген зәулім толқындардың арасында арпалысып жүріп, тақтайынан айырылды. Науридің жасы алпысқа келіп қалғанымен, осы аралдарда туып өсіп, өмірі теңіздің жарағасында өткен жан