23 Қараша, Сенбі

Әдебиет

Ғалым Әріп

Әріп ғалым Бисембіұлы (1960 жылы туған, Маңғыстау ауданы Шебір ауылы) – журналист, Қазақстан журналистер одағының мүшесі (1986).

Өмірба

Туған түбектің текті перзенті






(Портреттік очерк)

Даңқты дәстүрлерімен аты аңызға айналған киелі мекен - қарт Маңғыстау өткен ғасырдың 60-жылдарында ұйқысынан дүр сілкініп оянып, нар маялар маң-маң басқан маңғаз өлкеде өркенді өндірістердің құлашын жая бастаған кезеңі еді. Алыс аймақ өміріне ерекше серпін туғызған сол бір жылдарда ту өлкеден түлеп ұшқан арманшыл жастардың арысы Мәскеу, Уфа, Грозный, Баку, тағы басқа қалаларға, берісі ел астанасы Алматыға шарқ ұрып арман жолында қанаттарын қомдай қаққан сәттері. Сол топ, сол дүбірмен күншуақты Алматыға ат басын бұрған жастардың жуан ортасында ата-бабалары осынау Ұйқылы-Ұшқи-Боржақты, Ақтау-Қолтық аймағында ғасырлар бойы мал бағып, көшпенділік дала салтын ұстанған Ноғай ақсақалдың тоғыз баласының бірі, Ақтаудан оқып, білім алған Ықыластың да болғаны ақиқат. Бастапқыда сол кездегі дағдымен ақ желеңді оташы дәрігер болуды ниеттеген бозбаланың бұл мамандықтан жыл өтпей айнып шығуында да табиғи мән бар секілді көрінеді. Өйткені, сол кездегі талапшыл жастардың таңдауы мен талғамына қарсаң, олардың дені мұнайшылықты таңдап еді. Құрылыс, тау-кен, энергетик, экономист мамандықтарын төңіректегендер де біршама баршылық. Ал тағдырдың айдауы, бәлкім, ата-бабалардың қолдауынан болар, өзі түскен Алматы мединститутын тастап, аттың басын ҚазПТИ-дің түрлі-түсті және сирек кездесетін металдар факультетіне күрт бұрған Ықылас Ноғайұлына сол сирек кездесетін және бытыраңқы элементтер мамандығын маңдайына жазыпты ғой. Ал Маңғыстаудан мұндай мамандықты алып отырған бұл бірінші маман.

Алайда, бұл орталықтан басқарылатын, қазақтың өз еркі өзінде емес замана еді ғой. Сол кезде аты дүрілдеп шыққан алпауыт ПГМК-ның маңына да жуытпайды жергілікті кадр атаулыны. Дегенмен де, сол кездің өзінде осынау атышулы өндірісте механик, энергетик, КИП мамандықтары, немесе парторг, комсорг секілді қоғамдық қызметтер саласында жасаған қазақ азаматтарының бірен-сарандап, қадау-қадау болғаны рас. Алайда, бұл өндірістегі қосалқы салалар ғана болатын.

Алайда, құпия материалдар туралы толыққанды ақпарат ала алатындай өндіріс ошақтарына жергілікті кадрларды маңайлатпайтын. Міне, ұзақ жылдардан қалыптасқан, жоғарыдан арнайы қаулы алынған бұйрықты бұзып, біздің кейіпкеріміз, өз жерлесіміз, ауылдан шығып, Ақтауда апасының қолында оқып қазақша мектеп бітірген Ықаңның бесінші разрядты слесарға дейін өндіріс қазанында қайнап, одан аппаратшы, технолог-шебер, күкірт қышқылы зауытының ауысым бастығы, цех технологы, цех бастығының орынбасары болып 17 жыл ақ адал терге малшынатын жері де осы жер. Тегінде бұ іске шамалы адамның жүрегі дауалайтын да жер емес. Өйткені, ол өзге ұлт арасындағы жалғыз әрі жергілікті қазақ еді! Өзінің алға қойған мақсатынан танбайтын өрлігі мен іскерлігі, батылдығының, бірбеткейлігінің нәтижесінде тасы өрге қарай домалай берді. Өйткені, ол Менделеев таблицасында кездесетін барлығы 65 металдың екеуі ғана (хром мен темір) қара металға жататын болса, қалғаны түрлі-түсті металл, ал Ықаң болса солардың ішінде де жер бетінде сирек кездесетін-бытыраңқы (уран, торий, цезий...) және радиоактивті элементтер бойынша қанық білім алған сауатты жас дарын еді. Еңбекпен есейген ер жігіттің жұмысшылықта ХГМЗ-да 5 разрядты слесарь, СКЗ-да 6-разрядты аппаратшыға дейін, одан кейін мастер, ауысым бастығына дейін жегу жолдары тек қана ащы термен ғана мес, сыншыл ортадағы қиян-кескі тартыс, табандылық, текті мінез, алмас қылыштай қиып түсер туралық, өжеттілікпен өлшенетін дүниелер еді. «Қия шатқал шың-құзға жорғалай жылжып жылан да жетеді, қалықтай ұшып қыран да жетеді» демекші, бұл сол өктемшіл ортада қанаты тез қатайған, топшысы бекіп, шеңгелін шегендей білген сәулелі де ұлағатты ұлан еді.

Әрине, ол кезде бұл жабық қала. ПГМК - уран өндіретін құпия әрі Орта машина жасау министрлігінің қорғаныстық бағыттағы аса маңызды нысаны. Ондағы ХГМЗ (химия-гидро-металлургия зауыты), СКЗ (күкірт-қышқыл зауыты) және АТЗ (азот-тук зауыты) -бір-бірімен тығыз байланыстағы, яғни бірінсіз-бірінің рөлі жоқ зауыттар. Мұнда урандық қоспалар және тыңайтқыштар шығарылады. Ең негізгі маңызға ие басты мамандық -технолог. Денсаулық үшін аса зиянды өндіріс болғандықтан, бұл жерде он жыл еңбек еткен соң зейнеткерлікке шығуға толық мүмкіндік бар. Ал өз мамандығын ғана емес, туған жерін сүйген намысты жігіттің ХГМЗ мен СКЗ-да 17 жыл табан аудармастан қызмет жасауы талайды таңғалдырады. Өзімен қызметтес болған талай көз көрген әріптестерінің бақилық болып кеткенін де ол жақсы біледі.

Әйтеуір, Алла қолдап, ата-бабалар дем берген, туған жер перзенті Ы.Ноғаев біздің ортамызда абырой арқалап жүр. Кей-кейде өткен іздері ойына оралғанда кейбір оқиғалардың есіне түсетіні де бар. Бірақ, оның өзі тереңнен күрсінбегенмен бас шайқай еске алатындай сәттері де аз емес-ау. Әйткенмен, бұған өзгелер «жалғыздың үні шықпас» деп тырнағын батыра алмады. Тумысында жүректі де ақылды, зерек боп туған қайсар жігіттің еңбекте ысылып, шыңдалуы тұғырын биіктетіп, табан тірегін бекем еткен еді. Жаратылысында жайсаң жанды, жағасы жайлау, алды-арты кең азаматтың бой бермес асау болмысы мен айтқанынан таймас мәрт мінезі айналасын сескендіріп, бүкіл комбинатқа атын да шығарып еді.

...Әлі есінде, бірде бұл зауыттың ауысым бастығы болып, бүкіл өндірістік процеске жауап беруші, яки бейне асау айдын төсіндегі кеме капитанындай, міндетті атқарып тұрған. Мұндайда, күні-түні жұмыс жасайтын зауыттың директоры да, бас инженері де өзіңсің. Міне, Ықылас жұмыс істеп тұрған блоктардың (өндірістік құрал-жабдықтардың) -барлығы 13- 3-4-уінің сыр беріп тұрғанын байқады да, ХГМЗ-ның бас инженері Н.Д.Алпатовқа зауыттың 3-4 блогын уақытша тоқтатып, техникалық жөндеуден өткізіп барып қайтадан іске қосуды, әйтпесе ол басқа да зауыттардың қалыпты жұмысына кері әсер ететінін батыл ескертіп, талап қойды. Алайда, бас инженер оны орындаудан бас тартты. Бұл өндіріс ырғағының бұзылуына себепші болды да, 3-4 күн шамасында бүкіл зауыттың тұрып қалуына әкеліп соқтырды. Мұндай ақымақшылыққа шыдамаған Ықылас Ноғайұлы бүтіндей комбинаттың бас директоры Ю.В.Кузнецовты басқарма алдында күтіп тұрып, өз қолымен орыс тілінде өткір әрі өндіріске деген шынайы жанашырлықпен жазылған рапортты табыс етті. Онда былай деп жазылған еді:

«Уважаемый Юрий Владимирович!

Из-за неграмотного действия гл. инженера Н.Д.Алпатова ПГМК понес ущерб на более чем 7 млн. рублей. На оснований вышеизложенного прошу тов. Алпатова убрать с должности и переправить в подшефный совхоз Тущикудукское рядовым чабаном, либо на другую должность не годится...»

Көп ұзамай комбинаттың партком хатшысы (әрі ол обкомның да хатшысы болып есептелінеді) Кольвах бастаған арнайы комиссия келіп тексеру жүргізіп, жиналыс өткізеді. Оны жүргізіп отырған зауыт парткомы міңгірлеп ештеңе айта алмайды. «Давай начнем по-кругу» деп отырғандарға сөз береді. Сөйлеушілердің аужайы: «Он грубиан... Никого не признает, ни парторга, ни комсорга. Все начальники жалуются на него» деген секілді сарында, мұқатқысы кекеткісі келген сыңайда болады. Біреуінің аузынан:

— Настоящий Адаец! - деген де жағымсыздау рәуіштегі дауыстар естіліп қалыпты.

Осы жерде жетінші болып сөз алған көптен келе жатқан байырғы маман, еврей ұлтынан, Борис Семенович Бернштейн: «Біз оны өзіне тән характері үшін сөге алмаймыз ғой. Ал өндірістегі бүкіл технологиялық күрделі процестер жағдайында ауысымға осы Ноғаевты қойып, соған сенім артатынымыз, ол жұмыста барда біз оған сенгендіктен тіпті ескертпей де кетіп қалатын тұстарымыз бар екенін неге айтпаймыз, оның бүкіл зауыттағы ең үздік технолог екенін неге мойындамаймыз, - деген салиқалы сөзі жиналғандардың көздеген ойын болдырмай, ақиқаттың салтанат құруына жеткізген еді. Сол жерде Ықылас Ноғайұлы: «Борис Семенович, моральдық қолдау білдіргеніңізге рахмет. Бұлар енді сізді.., ал маған ештеңе де істей алмайды!» - деп тағы да ата-бабалардан келе жатқан тектілік мінезін танытқан еді. Мұншалықты батыл сөйлеуге жетелеп тұрған бір жағы ата-баба жері, аталар рухы болса, екіншіден, бастан-аяқ қара жүмысшыдан бастап суарылған таза еңбегі, өз біліміне деген сенімі еді. Сабырға жүгінген Кольвах: «Ну ладно, мы выводы сделаем», - деп жиналысты жылы жауып аттанып кеткен еді.

Өмірде өзіңе ғана сенбесең, жолда қаласың. Бүгінгідей әкеге, көкеге сеніп тайраңдап жүргендерді көргенде қайран қаласың. Бала күнінен қозы бағып, қырда өскен жас өреннің өндіріс қазанында қайнап, қатал тәртіп, әскери режим, ұқыптылық пен дәлдік, кәсіби шеберлік пен жауапкершіліктің шыңына шығуы ерлікпен пара-пар іс еді. Бұл мойындалуға тиісті шындық. Заманында «өз адамдарын» ғана алып, өз жерінде қазақты өгейсіткісі келгендердің жалғыз қазақ тарапынан тауы шағылған тұстары да аз емес. Ең бастысы, Ықылас Ноғайұлы оларға басы істейтін, техника мен технологияны, физика мен химияны терең білетін жергілікті ұлт өкілдерінің де табылатынын таныта әрі мойындата, өзін сыйлата білді.

Бұл Ықаңның өндірістен кетіп қалуы да қызық. Бір күні бір бөлімнің бастығы Солодкин деген телефон шалып:

— Ықылас Ноғайұлы, 20 текше метр бөшкенің салмағын қалай шығаруға болады? -деп сұрайды. Табиғатында турашыл Ықаң сонда:

— 5-кластың физикасын білмейтін адам маған керек емес, жұмыстан боссың, болмаса статья бойынша шығуға мәжбүр етемін, - деп тура сөйлеп, айбат шегеді. Бұл кезде үш жыл бойына цех бастығы міндетін атқарушы болған Ықаңның қарауындағыларға билігі жүретін еді. Келесі күні таңертең Москва облысына іссапарға кетіп, 12 күннен кейін оралса, өз орнында «Ты извини, меня назначили» деп, өткенде жұмыстан шығардым деп кеткен Солодкині цех бастығы болып отыр екен. Ықаң: «Ну, работай!», - депті де, сол кеткеннен мол кетіпті.

Шындығына келгенде Ықаң да ет пен теріден жаратылған адам ғой, біраз шаршады. Неше бір оқиғалардың қалың ортасында жүрді. Зауыттағы ең қиын мезгіл - 16.00-ден басталатын оның ауысымына (сменасына) ылғи да тексерулер келіп тұрды. Ілік іздеп, сын таққысы келді. Білігіне қарай амалсыздан технолог етіп қойғанымен үш жыл бойына цех бастықтығына қоймады. Өз ісін, зауыттың жұмыс режимі мен регламентін бес саусағындай білетін жоғары білімді жергілікті маманды қасақана өсірмеді, оның тапқырлығы мен өткірлігі, бәрін білетіндігін кешіре алмады. Әлгі айтқан Солодкиннің өзі кезінде оны цех бастықтығына ұсынғанда Ноғаевтан сескенетінін айтып, тәуекел ете алмаған сыңайы бар. Енді жұмыстан шығып қалатын болғасын, сол қызметті өзі барып сұрап алған ғой шамасы.

Сөйтіп, киелі Маңғыстаудың төл перзенті Ықылас Ноғайұлы ұзақ жылдар маңдай тері сіңген комбинаттан өз еркімен кетті. Бір кісідей еңбегі сіңді. Сол кездегі 4 мың адам еңбек еткен МАЭК-тің БН-да бір ғана қазақ маманы болса, отыз екі мың адам еңбек еткен алып комбинат-ПГМК-да бірден-бір технолог қазақ осындағы саусақпен санарлықтай өрелі кәсіби шебер мамандардың көшбасында болды.

Содан бері де он үш жылдай уақыт өткен-ді. Осыдан үш-төрт жыл бұрын СКЗ-ні (Ақтау-ЛТД) екі күн бойы әуреленіп іске қоса алмай, әбден дағдарған тұстарында баяғы «атақты» Ы.Ноғаевқа іздеу салынды. Қаншама мықтымын дегендер басын ауыртып түк істей алмаған зауытты телефонмен нұсқаулар беру арқылы мінсіз басқарып, жарты сағатта бірқалыпты ырғақтағы техникалық режимге шығарып берген Ықылас Ноғайұлы өзінің өзге ұлт өкілдерінен өресі биіктеу болғанын тағы да дәлелдеп, қазақтың намысын абыроймен қорғай білді. Оның алдында, 1996 жылы, ОСЫ СКЗ-НЫҢ қышқыл шығаратын бағытын күкіртке ауыстыру жөнінде де біздің Ықаңның нұсқаулары нәтижелі болып, өндіріске енгізілген еді. Бұл мысалдардың барлығын да сол кезде зауыт директоры болған, қазірде Ақтауда АЭС салу мәселесінің басы-қасында жүрген азамат Виктор Васильевич Данилов та растайды. Бүгінгідей өз қолы өз аузына жетіп, егемендік алған тәуелсіз елдің азаматы әлгілерге өз білігін енді тегін емес, тиісті пұлына сатып беріп, өз білік қуатын тағы да дәлелдеуіне мүмкіндік туды. Ал енді мойындамай гөр! Бұл еті тірілік қана емес, бұл дарындылық!

90-жылдары ПГМК-дан экология мекемесіне ауысқан Ы.Ноғаев бар болғаны 2,5 жылдың ішінде қатардағы инспектордан аға инспектор, бөлім бастығы сатыларынан іркіліссіз өтіп барып, облыстың экологиялық бас сарапшысы, аумақтық басқарма бастығының орынбасары дәрежесіне дейін өскен еді. Өйткені, ол еңбекқор, «улы газдардың ауаға таралуы», «зиянды заттардың жерге төгілуі» (ластауы) дегендеріңнің зауытта талайын өз басынан өткерген, олардың залалын тереңнен түйсіне алатын маман. Сауатты. 1993 жылы Қошқар ата өлі көлінің проблемасына байланысты сотқа қатысып, ПГМК-ға 1 млрд. 300 мың теңге айыппұл салғызуға тәуекел етіп, сотта жеңген «сабазың» да осы кісі. Ал ол жылдардағы республикадағы экологиялық санкцияның асып кеткендегі мөлшері миллиондық деңгейлер шамасында болатын. Қошқар ата бойынша нормативтік-құқықтық актіні жасап шығарған да өзі. Біле-білгенге қазіргі аумақтық басқарманың ғимараты мен ондағы бір кездегі жылжымалы экологиялық жапондық химлаборатория да осы Ықаңның жеңісінің нәтижесінде өзара есептесу жолымен келген дүние. Немесе, Ы.Ноғаев әзірлеген «3X3 валдық шығарындысын анықтау бойынша және шаруашылық қызметтік мұнай-газ өнеркәсібі нәтижесінде су және жер қорларына ауаға келтірілген залалды бағалаудың республикалық әдістемесі», «Маңғыстау облысы табиғатты пайдаланушыларының табиғи ортаның ластануына төленетін төлемақы мөлшерін анықтау бойынша уақытша әдістемесі», басқа да республикалық ауқымдағы жобалар баршылық.

Тәжірибелі эколог, әсіресе, Каспий теңізінің солтүстік қайраңындағы мұнай операцияларын жүргізу бойынша жобаларды қарау кезінде өзін жоғары маманданған сарапшы ретінде таныта білді. Ол Каспий теңізін игеруге байланысты өзіндік ұстанымын әлі күнге ұстанып келеді. Яғни, теңіз саясат пен экономиканың құрбандығы болуға тиіс емес. Қойнауында құны 500 млрд. АҚШ долларымен есептелетін, ата-бабалардан аманат етілген зор биоресурстар байлығы тұнған тұйық теңізді жоғалтып алмау - мемлекеттің, ұлан ұрпақтың парызы. Ықаң бүгінде теңізде күні-түні үздіксіз бақылау-сараптама жүргізетін мемлекеттік мониторинг орнатуды ыждаһаттауда. Бұл ретте облыс әкімі, іскер басшы Қырымбек Көшербаев тарапынан ел, халық мүддесі жолындағы барлық заманауи оң идеялардың қызу қолдау тауып отырғанын атап айту керек.

Маңғыстау облысының жер қойнауын пайдаланушылар, ТМД және Қазақстан экологтары, шетелдік инвесторлар ел, жер мүддесі жолында қадалған жерінен қан алатын қатал да талапшыл бас экологтан әрі сескенеді, аяқтарын аңдап басады әрі оның біліктілігін аса жоғары бағалайды.

Ендеше, оның еңбегі қандай бағаға да, қандай марапатқа да лайық. Туған түбегіміздің түлегі, түрлі-түсті металдар мен радиоактивті қалдықтар, экология жөнінен академиялық білімі бар Ы.Ноғаев баба даланың қасиетін қанына сіңірген қайсар тұлға, қарымды-қабілетті Ер! Алпысты алқымдап отырған азаматтың шашына бір тал ақ қылау түсірмей, дүниеге текті тәрбиелі Алмагүл, Зада, Салтанат, Гүлданай, Жанат есімді бес қызғалдақты әкелген ағамыздың жар қосағы Сұлухан Шадиева ханым ҚазПТИ-дің геология факультетінің түлегі, бүкіл өмірін КазНИПИ саласына, бір мекемеге қызмет жасауға арнап келеді. Қыздары мектепті алтын, күміс медальмен, институтты қызыл дипломмен бітірген. Кенжесі Жанат ҚБТУ-дың студенті. Берекелі отбасының бақыты жарасып, шаңырақтан шаттық күлкісі естіледі. Бар ғұмырын материалдық байлыққа қызығуға емес, рухани байлық пен кемелдікке, ел-жұртпен, дос-жаранмен бірлікте саналы ғұмыр кешуге арнаған бұл жандардың өмірі өзгелерге өнеге бола бермек.

...Ықаңның бір арманы бар: ол - қазақтың маман-кадрларының, жастарының қай салада да өзгелерден артық болмаса, олқы соқпайтын деңгейдегі білімді, тегеурінді болғаны. Сонда ғана Қазақстан бәсекеге қабілетті болып, экономикалық, экологиялық, денсаулық, басқа да өзекті мәселелердің барлығының тігісі жатқызылып, шешіліп жүре берер еді...

21.02.2008 жыл.