23 Қараша, Сенбі

Әдебиет

Ғалым Әріп

Әріп ғалым Бисембіұлы (1960 жылы туған, Маңғыстау ауданы Шебір ауылы) – журналист, Қазақстан журналистер одағының мүшесі (1986).

Өмірба

Анамның әңгімесі






Кәрі әкеміз Батырша атқа мінген, өздігімен өмір сүруге бейім, сауда-саттықты да кәсіп еткен, жүріп-тұратын кісі болыпты. Сол үнемі Астрахань, Бесқалаға сапар шегіп, сол жақтардан жиде, жуа, шекер, жүгері, тары, сондай-ақ түрме белбеу, мата секілді түрлі заттарды әкеліп, кәдесіне жаратады екен. Өзі бір емен-жарқын, қолы ашық болған деседі, сұраған ел адамдарына үстіндегі көйлегіне дейін шешіп беретін мырзашылдығын ауылдастары жақсы білген.

Сол кісінің осынау малмен ғана байланып қалмай, ел аралап, жаңалыққа жаршы болып, көрші-көлем, жұрағаттармен үзбей байланысып, алыс-беріс жасайтынының ықпалы болса керек, әулеттегі қыздардың есімдері де Жібек, Дарайы (жібек орамал), Мұнара, Түрме болып келеді.

Оның бойындағы осынау қасиеті біздің әкеміз Ұлықпанға үлгі-өнеге болып жалғасыпты. Ол саудагерлікті кәсіп қылмаса да, өз бетінше өмір сүрудің, жер ырзығын пайдаланудың тиімді жолдарын біліпті.

Әкеміз Ұлықпан, шамамен, 1873 жылдары дүниеге келген кісі. Ұштағанның маңында, Қосқат деген жерде таудың көбесінде жайдақ жерге егін егетін. Ол үшін әуелі соқамен жерді жыртатын, соқаны түйеге, не атқа жегетін. Сосын тұқым себеді, көбіне жер қатпай тұрғанда күздік бидай (сары ұн), жазда жаздық бидай, жазғытұры тары егеді. Көктемнің сәуір, мамыр айларында қонақ, меке жүгері, жәмші қауын, қарбыз, асқабақтың тұқымын себеді. Ол үшін құмның мал көп түспейтін ыңғайлы, ойпауыт жерін таңдап алады да, оның бұрыш-бұрышынан құдық қазып, қауғамен суарып тұрады. Ол кезде халық аз ба, әлде адамдар иманды, ақ адал ма, ұрлайды деген мүлде жоқ еді. Егіп тасталған егін жаңбырмен де тым тәуір болып толысып шыға келуші еді.

Содан кейін оны орып алады да, топырағын алып, тақыр жерге жақсылап тазалап, қырман жасап үйіп, атпен, түйемен бастырады. Сосын суырады, елекпен елейді. Сонда аппақ болған қызыл бидай болады. Соны қара диірменге тартып ұн қылып, екі жағында қызыл бауы бар қапқа салады. Одан әрі,сірә, нан қылып пісіріп жейді ғой.

Ал тарыны жинап алғаннан кейін әуелі суға қайнатады, сосын қуырады. Кебегін ұшырады, сосын келіге түйеді. Сонда аппақ тары болып шығады. Тарыдан талқан жасап, екшеп жейді. Әлі есімде, осы тарының кебегін сұраушылар да аз болмайтын. Әкеміз ержеткен балаларымен бірге өнімді әбден жинап алып болған соң, үлкен ұлы Қонысбайдың (біз оны «Бапа» деп кеткенбіз) отауын астыққа, асқабаққа толтырып қоятын. Ең бастысы, осының барлығын олар үлкен еңбекқорлықпен, ептілікпен, ынта-жігермен және біліктілікпен мұқият жүзеге асыратын. Шаруаларын осылай әбден бірыңғайлағаннан кейін ауылдастарға, ағайын-туысқа қырман түп, бауыздау деп садақа беретін. Бұл күндері жұрттың бәрі көңілденіп, мәз болысып қалатын, үй иесіне, қолынан іс келетін кәсіпшіл кісілерге риза болып тарасатын.

Осындай жердің игілігін, ырысын көре білгеннің, күнкөріс қамын ойлай білгеннің әсері болар, Ұлекең (әкеміз) 1934-35 жылдары дүниеден өткенге шейін біз өзгелер секілді таршылықты қатты сезінген жоқпыз. Қазіргі Ильич атындағы совхозға жақын Жабағылысаз деген жерде сонау кезде әкеміз отырғызған жиде ағашы күні кешеге дейін бар еді. Соңғы мезгілде біреулер сол бір қасиетті көрінетін ағашты кесіп алыпты...

Ал аштық, жоқшылық болған отызыншы жылдарда да әулетімізде аса қатты тарығу болған жоқ. Әкеміз бен ағаларымыз тірлік қамына алаң болып, өз еңбектерінің жемісіне төгіп-шашпай мұқият қарағанымен тым ұсақсып кетпейтін. Әлі есімде, бір көрші үйдің әйелі ұн сұрап келіп, жеңгем екеуміз етегімізге салып беріп жатқанымызда әкеміз сыртымыздан көріп, қадағалап тұр екен. Бірақ, үндемей есіктен шығып кетті...

Әке жолын балалары жалғастырып келді. Сосын олар соғысқа қатысты, одан әрі оқыды. Советтік заманның мүмкіндіктері болды.

Соғыс жылдарыңда мен дүкенші болып істедім. Ол кезде бәрі де өлшеніп берілді ғой. Ел қиналды, аштықты, жоқшылықты әбден көрді., бірақ Ұлы Отанымызға төнген қауіп-қатер жылдарында мойыған жоқ. Соғыс жылдарының ауыртпалығын, тауқыметін көрген адамдар әрбір үзім нанның қадірін жақсы біледі. Сондықтан да олар тоқшылық заманға да асып-таспай сабырмен қарады. Орынсыз рәсуа болған тамақ, жерде жатқан нанды көрсе, іштей қапаланды, күйзелді. Өйткені, мұндай сәттерде олардың көз алдына сонау жоқшылық, соғыс жылдары елестейді.

Енді нан да, азық-түліктің басқа түрлері де қымбаттап отыр. Оны өте дұрыс деп есептеймін. Өйткені, астық, нанның қадір-қасиетін адамдар білмей, тым тойынып кетті. Оның несіне өкінейін, нанды қымбаттатса, үйде отырған біз сияқты қарттарды да ескеріп, пенсия мөлшерін тағы да молайтты. Біз үкіметтің саясатын дұрыс санаймыз.

Ал сендер жассыңдар, аянбай еңбек етіңдер. Адам ұмтылса, қолынан келмейтін шаруа бар ма? Мал ұстау, егін егу — бәрі де керек. Ата-бабадан келе жатқан тіршілік дағдыларын, жөн-жобаларды одан әрі жалғастырып, дамыта түсу — ұрпақ парызы. Сосын нанға мұқият болыңдар, оны қоқысқа салмаңдар. Бұл — менің сендерден аналық өтінішім. Ана, ана сүті адамға қандай қымбат болса, нан да солай.