23 Қараша, Сенбі

Әдебиет

Ғалым Әріп

Әріп ғалым Бисембіұлы (1960 жылы туған, Маңғыстау ауданы Шебір ауылы) – журналист, Қазақстан журналистер одағының мүшесі (1986).

Өмірба

Күтпеген қонақ






Қаз-қалпында

Бұл дүниеде кездейсоқ, күтпеген оқиғалар деген де көп-ау өзі? «Әлемде талай қызық бар», «Қызықтың көкесін түйе сойғанда көрерсің» деген мәтелдердің тегіннен-тегін шықпағанына тағы да бір көзім жеткендей...

...Жаңа жыл қарсаңында азын-аулақ сауда жасаған болып, екі қолымда екі сөмке, жанымда жар дегендегі жалғызым бар, үсіген саусақтарым икемге келмей асыға-аптыға жеткенім сол еді... Есікті әдеттегі «пароль» бойынша бір-екі рет тұтқасынан нұқып жібердім темен қарай. Арғы жағынан сес болған жоқ. Апыр-ай, бұ несі-әй? Он жасар ұлымның үйде болатын реті бар еді ғой. Енді қоңырауды да бір-екі рет түртіңкіреп жіберуіме тура келді... Ләм-мим жоқ! Ендеше, үйде ешкім болмағаны ғой. Сыртқы есіктің астыңғы кілтін салып, бұрамақшы болып едім, бұралмады, себебі ол кілттелмеген екен. Жоғарғы кілтті салдым да, тіземмен қағып, тоңазыған дірілді күйім ішке енейін. Кірген бетте көзім ас ішетін бөлмеде газ плитасы жаныңда жүрген толықша келген, үстінде жүннен тоқылған жемпірі бар, бұйра бас бейтаныс жігітке түсті. Ол сол газ тұрған жердің айналасында бүгежектеп бір әрекет жасауда. Газды тұтатып жатыр ма, әлде... Бір кезде ол сойылған түлкідей ыржиған қалпында, асылы, бұл теңеуім артықтау болар, тойған қозыдай томпаңдап, екі көзінде жымың-жымың күлкі тұнып, «здравствуйте» деп арсалаңдап жақындай берді. Таңырқаған біз ештеңеге түсінбей «мынау өзі біздің үй ме, әлде басқа бір есікке қателесіп кіріп кеттік пе?!» - деп айналаға қарағыштаймыз. Жоқ, тұп-тура өзіміздің үйіміз. Көзге ілігер дүниелердің барлығы да жылы ұшырап барады. Сонда қалай? Мынау орыс жігіті қайдан жүр? Ұлым қайда? Күлгеніне қарағанда, әйтеуір, оқыс оқиға бола қоймағаны ғой. Жуынатын бөлмеде жарық бар екенін кірген бетте-ақ жіті аңғарып үлгергенмін. Мына пәтшағардың еркін алшаң басып, біздің үйде кердеңдеуіне қарағанда бұл үйге бір қатты сыйлас, сырлас мырза келген-ау. Ойым бейтаныс жігітпен сәл-пәл сұхбат құрғаннан кейін діттеген межесінен шыққандай.

 Здравствуй, дорогой. Когда ты приехал?  деп сұрақты бар білгенімше шала-шарпы жаудыра келдім де, «вообще кто ты такой?» дедім төтесінен әзілді-шынды.

 А ты кто?  дегені әлгімнің езуіндегі күлкісін әрең тежегендей болып.

 Я? Хозяин этой квартиры,  деп соқтым. Қарсыласым да міз бағар емес. «Хозяин? О, хозяин, обед готов» дегені. Енді мынау қызықты да күтпеген кездесудің сыр-сипатын аңғара түстім де, «здесь кто?» деп жайраңдай сауал қойдым, жуынатын бөлмені нұсқап. Ол алыс аудандағы полковник бажамның атын айтып, көңілі бұрынғыдан да өсіп барады. «Төрт аяқтыда бота, екі аяқтыда бажа тату» деген сөздің растығы да бар-ау деймін кейде. Жаны жай тауып, ол да шықты жарықтық. Маңғыстаудың нар түйелері секілді. Ештеме болмағандай маңғаз, біздің манадан бергі «өзара түсіністіктерімізден» титтей де хабары жоқ, маңқиып сәлем-сауқат алысып жатыр. Әлгі елгезек орыс бауырым үлкен бөлмеге барып креслоға жайғаса берген екен. «Ей, друг, - дедім манағы жарасымды да ғажайып әзілді одан әрі жалғағым келіп, - что сидишь? Ну-ка готовь обед, у меня времени совсем мало» дедім бір жағы қайтер екен дегендей. Ол ас бөлмеге қарай беттеп барады...

 Қой, ол манадан бері тамақ дайындаймын деп шаршады. Еттерің болса мұздатқышта қатып жатыр екен,  деп бажам сөйлей берді. Қасымдағы біздің үйдің «мықты» кісісі болса, «қой, ұят болар» деп бәйек болып жатыр. Өзім де қызмет киімімді үстімнен шешкенім жоқ. Ас бөлмеге кірдім. Әлгі әзілқой жігітім нан кесіп, біздің үйдің шаруасын дүр айналдырып жатыр. Келіншегім оның қолынан пышақты алғысы келгенімен, «кесе берсін» деп қойдым мен.

Бір кезде кәдімгідей тым жақсы дайындалған суп-сорпаны іше бастадық. Дәмді-ақ, «Еті қаттылау емес пе?»,  дейді тамақ дайындаушы мейманым. «Қатты емес тәтті, жарайсың, жігітім!»,  деп көтеріп қойдым. Әттең, осы бір есте қаларлықтай күтпеген кездесуді «атап жіберуге» үйде тұрған ащылайтын ештеңе болмай қалғаны. Әйтпесе, осындай жарқын, көңілді кездесулер үшін нақ мереке қарсаңында «жүз грамды» тартып жібергенде тұрған ештеңе де жоқ еді. «Ничего, тағы бірде келерсің, Женя. Тағы да өз үйіңдей көріп аунап-қунарсың. Мүмкін, түстікте пісіріп қоярсың біз асығып келгенде», дедім мен оған. Ол сол күні Ростов қаласына ұшып кетті. Бейнеу шаһарындағы өндірістік шаруаларға қатысы бар, басшы қызметтегі белгілі азамат екен. «Әзілің жарасса!..» дегенің осы-ay тәйірі!

1991 жыл.