Әдебиет
Бексұлтан Нұржекеев
Нұржекеев Бексұлтан (1941 жылы т., Алматы облысы Панфилов ауданы Ақжазық ауылы) – жазушы.
Бір ғана поэма жазған ақын
Қазақ естелігінің дені адам жанының күрделілігін ашуға емес, жақсылардың жақсы болғандығын уағыздауға әуес. Оның өзіндік себебі де бар: естелік көбіне-көп өзі арамызда жоқ адамдар жайында жазылады, сондықтан өмірден өткен адамның кем-кетігін айтын жату, бір жағы, ыңғайсыз; екінші жағы, оныңды оқырман да оң ұға бермей қинайды. Өзіндік мінез-құлықсыз өнер адамы өмірде болмайды. Оның өнердегі ерекшелігінің өзі жеке басының мінез-құлқымен астасып жатады. Ал мінез-құлық, дегеннің өзі әкімшілік тәртіппен үйлесе бермейді, ол адамның өзіне ғана тән ішкі заңдылықтардан туындайды. Басқаның ондай ерекшелігін әркім өз дәреже-деңгейінде немесе белгілі бір жағдайға байланысты ғана түсінеді. Біреулер көрген-білгенін айтса, соның төңірегінде саясат жасап, біріміз қорғаушы, тағы біріміз қорлаушы боп айтысып жататынымыз бар. Ілдалда бірлікті о да бүлдіріп кете ме деп, көп адамның көрген-білгенін дәл айтудан қашатыны — сол.
Бірақ Мұқаң — Мұқағали Мақатаев — жайында үндемей қалу маған үлкен күнә сияқты. Өйткені мен — оның ағалық алақанын әдебиет табалдырығын аттаған сәтте-ақ көрген адаммын. Ағаның да ағасы болатынын өмір тәжірибеміз тәп-тәуір көрсетті. Үлкенді сыйлау — қазаққа ертеден қалған өнеге. Бірақ аға шіркін әр түрлі: жалпақтап, алдынан қия өтпей, жұмсағанына жүгіріп тұрсақ, қана іні санап; есесіне ініге де ілтипат керегін не ұмытып кететін, не оған ой бөлуге ерінетіндері; керісінше менен гөрі мүмкіндігі аз ғой, менен гөрі соған қажет шығар деп, өзінен бұрын інісіне қамқорлық жасайтындары да болады. Мен үшін Мұқағали осы соңғы ағалардың қатарына жатады.
Мен оған көзі тірісінде інілік жасап жарымадым, қолымнан келмеді, мүмкіндігім болмады, ал ол маған риасыз, еш пайда күтпеген, жасаған жақсылығым өтеледі-ау деп дәметпеген аға болды. Ондай ағаға кезіккенімді өзімнің бақыттылығым санаймын.
Құдайға шүкір, қазақта ғұлама да, данышпан да, қайталанбас өнерпаздар да баршылық, Ұлттық, болмысымызға олардың әрбірі өзіндік үлес қосты да. Оларды қанша мадақтасақ та артық емес. Алайда олардың да адам екенін, біздің кез келгеніміз сияқты ет пен сүйектен жаралғанын қалайша ұмытуға болады? Періштенің өзінен басқа ешкім де періште боп туып, періште боп өлмесе керек. Данышпан да ашуланып, әлдекімнен алданып, әлдекімді өзі де ренжітіп, бала-шағасына ұрсып, жұмыр басты пендеге тән талай-талай өткелектерден өтуге тиіс. Ой өрісі, мәдениеті мен білімі соншалық заңғар, соншалық биік бола тұрып; ылғи елдік, халықтық істерде өзгеге үлгі бола жүріп; ісімен де, сөзімен де биік парасаттылықты сан рет көрсете тура анда-санда, онда да өмір деген ұлы күштің ықпалымен данышпан да өз дәрежесінен мүлде төмен, тіпті ұсақ қылық жасап қоюы әбден мүмкін. Меніңше, естелік жазудың бір қиындығы осында: сондай-сондайды айту керек пе, жоқ па? Айтсаң, аруаққа шет болатын сияқтысың; айтпасаң, онда естелікті несіне жазасың?
Өмір тәжірибесі дәлелдеген мынандай да шындық бар: ой-парасаты, таланты биік адамдар ұсақ қылық жасап, кейде өз тұғырынан төмендеп жатқанмен, ой-парасаты, таланты жоқ адамдар ешқашанда өз тұғырынан асып, бір рет те болса биік іс-әрекет жасай алмайды. Сондықтан атақты адамдардың осалдықтарын айту да өзінше бір қызық дүние. Биік биігін, осал осалдығын, қысқасы, әркім одан өз керегін алады. Естелікке деген ықыластың көзі — шындықты білуге құштарлық. Сол себепті әркім өз көрген шындығын бүкпесіз жазуға міндетті, әруақ, алдында бір-ақ нәрседен — өтірік айтудан ғана — қорқу керек, тірілер үшін қажет нәрсені айтқандықтан, қалғанын құдай өзі кешірер.
`... Бүкіл менің жазғаным — бар-жоғы бір ғана бүтін поэма. Адамның өмірі мен өлімі, қасіреті мен қуанышы туралы поэма. Егер нанбасаңдар, барлық өлеңімді жинап, бір жинаққа топтастырып көріңдерші. Естерінде болсын, әрбір өлеңім өз орнында тұрсын, — депті Мұқаң 1976- жылдың 14-акранында жазған күнделігінде. Өлерінен бір ай бұрын ғана. — Егер мені содан таппасаңдар, онда ақын болмағаным!`.
Бұлай деу, меніңше, өзіне өзі сенген адамның сөзі. Жазғанына, бітіргеніне көңілі толған кісі ғана осылайша кесіп, кесек айтуға тиіс. Ақын екеніне ол өзі сенді, бірақ оқырман жұрттан жаутаңдап жылы сөз күтті, олар да сенсе екен, бағаласа екен деді, ақыры тірлігінде біразын, өлгеннен соң бүкіл қазақты ақын екендігіне сендірді. Қай нәрсеге де қазақтың көзін жеткізу қиын ғой, Мұқағалидың классик ақын екендігіне көз жеткізу де өзіне тән кезеңдер мен кедергілерден өтті. Оның бәрін өмірдің заңы деп қабылдаған дұрыс.
Ол, рас, жиірек ішіп жүретін, кейде ішпей-ақ кішіпейіл жүретін. Кейбіреулер оны үнемі ішіп жүретін алқаш атағысы келеді, біреулер ол жағын айтпай-ақ мақтай бергісі келеді, бірақ, оның өзі айтқан бүтін поэмасынан бір де өлеңді өз орнынан алып тастауға болмайтыны сияқты, оның өмірінен де шын қылығын жасырып қалуға болмайды. Бүтін Мұқағалиды бүтін күйінде көру керек. Ол ұрпаққа сонда ғана қызық. Бірақ бәріне қаншалық бүтін айтсаң да Мұқағали бәрібір жұмбақ. `Менің нәзік жанымды кім түсінер?` — деп оның күрсінгені өзінің жұмбақ болатынын сезгендіктен.
Оның жұмбағы — өлеңіндегі сиқыр. Өзін ғана, өзі туралы ғана жазып отырған адам қалайша сенің де жаныңды дөп басып, сенің ғана құпия сырларыңды өлеңге қосады? Оны қалай біледі, қайдан біледі? Оның қолданған сөздері түгелдей сен білетін сөздер, бірақ оқысаң, шындық өмірдің бір шымшымын алдыңа әкеп жая салады:
— Таудағыдай еш жерде күн шықпайды,
Түн болмайды еш жерде таудағыдай.
`Рас-ау`, — дейсің ішіңнен. Өзің көрген таудың таңын, таудың түнін қалай сағынышпен еске алғаныңды өзің де аңғармай қаласың. Бір ғажабы: тау көрмеген адам да, ой көрмеген адам да таудың таңы мен түнін ойша елестете алмайды, оның сұлулығын тау мен ойды тең көргендер ғана шынайы түсінуге тиіс.
Өз көңіл күйін ақын біткеннің бәрі жазған. Және ұйқасын да, сөз байлығын да — бәрін жарастырған. Сырт қарасаң, Мұқағалидікі де сол сөз, сол ұйқас. Тек әсері басқаша. Неге? Нендей жұмбағы, қандай құпиясы бар? Біз қайғыны жазсақ, қайғырған адам қайтуі мүмкін деп, соны елестете отырып жазамыз, ал Мұқаң өйтіп елестетпейді, өзі қайғырып отырып жазады. Сондықтан оның өлеңі өзгеміздікінен табиғи, өмірдің өз туындысы боп шығады. Өзі айтқандай, ол `жырламайды, сырласады`.
Мұқаңның бүтін өмірі менің көз алдымда өткен жоқ. Мен оның кезеңін де емес, бірер үзігін ғана көрдім. Сол үзігінің өзі бүкіл өміріме азық боп келеді.
Оның жағдайын түсінікті қып айту үшін, өз жай-күйімді де біраз түсіндіріп айтуға тиіспін.
Мен 1964-жылы күзде, 5-курста үйлендім. Әйелім Айзаштың аулы Шымкенттің Түлкібасы болғанмен, ол Жамбыл қаласында медучилищеде оқыды. Мен ҚазМУ-дан төрт айлық іс дағдыға Жамбыл қаласындағы қазақ орта мектебіне бардым да, тұзымыз жарасып, екеуміз сол арада табыстық.
Мен оқу бітіріп, өзімнің туған ауданыма барып мұғалім болдым. Үшарал дейтін колхозды ауылда тұрып жаттық. Ләйлә атты түңғыш қызымыз сол ауылда дүниеге келді. Мен каникулға шыққан кезде Айзаштың аулына барып қайтуға бел будық. Бірақ бірінші сапар сопайып өзіміз ғана баруды ыңғайсыз көрдік, қазақы тәртіпке де қисынсыздау көрінді. Алайда бізді бастап апара қоятын жақын туыс шыға қоймады.
Ақырында өйтіп-бүйтіп жүріп, туған жездемді жалдадық. Жол қаражатын біз көтеретін болып келістік. Жалдадық деп отырғаным сондықтан. Сонымен, жездем үшеуміз он айлық Ләйләмізді алып Алматыға қарай жол тарттық.
Ол кезде Жаркенттен Алматыға `Марава` дейтін төрт орындық Чехословакияның ұшағы ұшатын, соның таңертеңгі рейсімен 1966-жылғы 4-шілдеде шықтық, Ұшақ, тұп-тура 45 минөт ұшты. Отырғанда ұйықтаған Ләйлә жерге қонғанша оянбады. Өте жайлы көлік екен.
Сағат таңғы сегіздің шамаларында таксимен Алматының орталық тұсына да жетіп үлгердік. Үкімет үйінен онша алыс емес арада жиен әпкем тұрушы еді, сол үйге түстік. Мен үйге келген бойда шамаданнан қолжазбамды алдым. Қолжазба дегенім — оқушы дәптеріне жазған тұңғыш повесім. Нөмірлеп жазған сегіз дәптер еді. Повесімнің аты — `Күнәлі махаббат`. Ойым — қазір дереу Жазушылар одағына бару, жазғанымды `Жұлдыз` журналына тапсыру. Сол үшін ауылда ұзақ дайындалғам. Бар ықыласыммен таза көшіріп шықтым. Жақын жер болғандықтан, Айзаш та бірге баратын болды. Ләйләні көтеріп, дәптерлерімді алып Жазушылар үйіне келдім. Ол кезде `Жұлдыз` журналының редакциясы, ұмытпасам, З-қабатта `Балалар әлемі` дүкені жақта болатын. Сағат таңғы тоғыз әлі бола қоймаған, бірінші боп кірейік деген оймен асығып келдім.
Үшінші қабатқа көтерілсек, барлық есік әлі жабық. Біз үшеуміз вестибүлде күттік. Тоғыздан әбден асқан кезде бір ақ сары әйел келіп `Жұлдыз` редакторының кеңсесін ашты. Жөн сұрасақ, машинкашы екен.
— О, бұлар сағат онда келсе де ерте келгені ғой, әлі көп күтесіңдер, — деді ол кісі.
Ол кісі отырған бөлменің оң жағында редактордың, сол жағында бөлімдердің есігі бар екен.
Весгибүлге келіп тағы күттік. Біраздан кейін баспалдақты солқылдата басып, ірі денелі сары жігіт көтеріліп келе жатты. Мен не де болса тілдесуге дайындалып, икемделе бастадым.
— Ассалаумаликум! — дедім ол баспалдақтан көтерілген бетте қарсы кеп.
— Әлікісалам, — деді сары жігіт жымиып. Айзашпен, ұмытпасам, бас изеп қана амандасты.
Ол арадағы барлық әңгіме қазір менің есімде жоқ. Ол жөн сұрады, мен жөнімді айттым. Сірә, `жазғаным бар еді` деп жалпылай айтқан болуым керек, `Проза ма, поэзия ма?` — деп, ол кісі нақтылап қайыра сұрады.
— Проза, — дедім.
— Ә-ә, оның адамы Ақан Нұрманов деген, ол роман жазамын деп, Қостанайын аралап кеткен. Қане, әкелші, жазғаныңды көрейін!
Сегіз дәптерімді түгел қолына ұстаттым.
— Ә, мұғалім екенің көрініп тұр, — деді дәптерімді ашқан бетте.
Әр жерін ашып көрді де, повесімнің басталуын оқыған сияқтанды. Сонан соң бетіме қарап:
— Сен былай істе, — деді. — Қазір мына дәптерлеріңді бастыруға беріп кет, сен Шымкенттен келгенше даяр боп тұрады. Келген соң өзің 2-данасын оқы, түзет, бірақ 1-данасына қол тигізбе. Оған дейін Ақаң да келіп қалар, келмесе, тағы жолығамыз ғой. Жүр, қазір келісіп алайық, — деп мені манағы машинкашы әйелге алып келді.
Әйелге менің жағдайымды айтты да, әйелдің шартын маған көзбе-көз айтты:
— Әр бетіне 20 тиыннан төлейсің. Сен келгенше басып қояды. Оны оқисың да, маған әкеп бересің.
Осы келісім бойынша мен өз жөніме кеттім. Кешкісін 7-пойызбен Шымкентке тартып отырдық. Түлкібаста 8 күн болып, тоғызыншы күні, 14-шілдеде Алматыға оралдық. Жалпылай алғанда, көңіл күйіміз жаман емес еді. Аға-жеңгелерімен, ел-жұртымен татуласып, Айзаштың көңілі көтерілген соң, жездем екеуміздің де жағамыз жайлау болатын.
15-шілдеде `Жұлдызға` барын машинкашы Ырымкеш апайдан қолжазбамды сұрадым. Ол кісі әлі басын үлгермеген екен. Қынжылғанмен амал жоқ, 3-4 күннен соң бітіріп қояйын деп келісті.
Шілденің 19-ы күні өз шығармамның алғаш машинкаға басылғанын көрдім. Балалық па екен әлде шынында да солай ма, машинкаға басылған дүниеде әлдебір артықшылық бар секілденді. Жазу күйіндегіден гөрі оңай оқылады, оңай түсініледі, беделділеу тәрізді.
Обалы не керек, Ырымкеш апай қолжазбамды қатесіз дерліктей басыпты. Оқып, түзетіп шықтым. Айзаш, Ләйлә үшеуміз тағы журналдың редакциясына келдік. Әпкем онда сырттай оқитын, оның жазғы сессиясы біткенше жездем қасында қалатын болып, бізден бөлініп кеткен.
Әйелім мен қызымды Жазушылар үйінің 3-қабатыңдағы вестибүлге отырғызып қойып, редакцияға өзім кірдім. Үлкен бөлменің іші айнала үстел, ортасы ғана ашық. Мұқаң сол жақ бұрышқа таман Рахматолла Райымқұловтың қасында отырады екен. Не дегенім сөзбе-сөз есімде жоқ. Әйтеуір, қолжазбамды Мұқаңның қолына ұстаттым. Асықпай аударыстырып көрді де, алдына қойды. Ұққаным: Ақан Нұрманов әлі іссапардан келмепті. Оны естіп, ұнжырғам түсіп кетті ме екен, білмеймін.
— Жарайды, мен мұныңды әуелі өзім оқып көрейін, — деді қолжазбамды Мұқаң қайта қолына алып. — Ертең тоғызда кел, сонан соң біржола сөйлесейік.
Менің өң-түсімнің қандай күйде болғанын бір құдай біледі, бірақ өткенде машинкашы әйелдің: `Олар онда келсе де ерте келгені ғой`, — дегені есімде, тоғыз дегені мән бермей айта салғандай көрініп, жолығатын уақытымызды қайыра сұрадым.
— Қорқпа, келем, — деді. Уәделестік.
Ертесі тоғызда тағы үшеуміз келдік. Мұқаң дәл тоғызда, кешікпей келді. Баяғы вестибүлден қарсы алдым. Жымиып, өте жылы амандасты.
— Сен жазушысың, бәтшағар, — деді салған жерден. Қуаныштың буы бұрқ етіп бетіме тепті, басыма шықты.
Алақайлаған шүйінші сезім өне бойымды кернеді де кетті. Ол кісі мені ұзақ, ойлантып толғантпады.
— Сен мұның жазғанын оқисың ба? — деді Айзашқа бұрылып.
— Оқимын, аға. — Әйелімнің ұяң үні әрең-әрең естілді.
— Міндетті түрде оқы. Бұл анау-мынау емес, үлкен жазушы болады. Сен бұған жағдай жаса! — деді ұрысқан адамның даусындай дік-дік үнмен.
Сезімтал адам алғашқы әсермен шығармам жайлы мақтау айтса айтқан шығар, бірақ, әйеліме айтқан әлгі ақылына әлі күнге дейін ризамын. Сол Айзаштың қазіргі Айзаш болуына Мұқаңның ақылы, сөз жоқ, бас себеп болды.
Дәл менің көкейімдегі сөзді айтты. Жазушы екені белгілі адамға жағдай жасау бір басқа да, әлі жазушы емес адамға жағдай жасау бір басқа ғой. Менің қағазға қадалып отырын алғанымды Айзекең ылғи жақтыра бермейтін, одан да үй тіршілігіне қолқабыс жасағанымды артық көретін. Менің жазғым келгенде, оның маған жұмыс істеткісі келе қап, екеуміз жиі-жиі кикілжіңдесіп қала беретінбіз. Мұқаңның мына сөзі маған әншейін жумақтың жолын дәл сілтеп жібергендей болды.
Жазушылар үйінің 3-қабатыңда тұрып Мұқаң маған не бір мақтау сөздер айтты. Қанаттансын деген болар, төбемді көкке жеткізіп тастады. Ол кісіге повестегі атамның образы әсіресе ұнапты. Менің `Күнәлі махаббат` деп ат қойғаныма Мұқаң таңданды. `Кінәлі` мен `күнәлі` дегеннің айырмашылығын әдейілеп қадала сұрады. Мен, ұмытпасам, `кінәлі — виновный; күнәлі — грешный` деп түсіндірдім, үндемеді.
— Ал енді мен мұныңды жер бетінде тірі жүрсем, жариялатам. Бұған алаң болмай, басқа дүниелерінді жаза бер, — деді Мұқаң мейірімі түсе бетіме қарап. Сонан соң қойын қалтасынан алып, маған бір кітапша ұсынды. — Мынау таныстығымыздың басы болсын.
Жұқалтаң ғана өлең кітапшасының `Армысыңдар, достарым` екенін, бірінші бетіне көп сөз жазылғанын ғана шолып үлгердім. Толқығаннан аузыма жөнді сөз де түспеді.
— Аға, бір жерден шай ішейікші! — дедім шын жүрегіммен өтініп.
— О, қызталақ, — деп, Мұқаң рахаттана күлді. — Шай ешқайда қашпас, ішерміз әлі. Қайын жұртқа, оның үстіне Шымкенттегі қайын жұртқа барудың оңай емес екенін білем. Бұл жолға екеуміздің осы танысқанымыз да аз емес.
Мына кітапты зейін сап, сенше айтқанда, сәп сап оқы. Сенің мені сыйлағаның — сол.
Мен повесімде `зейін сап` дегенді жергілікті ерекшелікпен `сәп сап` деп жазады екем, Мұқаң алдында ғана соның мәнісін тәптіштеп сұраған.
`Шай ішейік` дегенім ресторанға барайық дегенім ғой. Онымды Мұқан;, әрине, түсінді. Бірақ бармады. Екеуміз енді хатпен хабарласып тұруға келістік. Ол кісі кабинетіне қарай кетті, мен өз отбасымды бастап төменге қарай асықтым. Сыртқа шыққанға дейін шыдамым жетпей, екінші қабатқа түсе бере кітапшаны ашып, жалма-жан қолтаңбаны оқыдым.
`Бексұлтан! — депті бірінші жолға атымды оқшаулай жазып. — Повесіңді бір әрпін қалдырмай мен қалай оқысам, сен де осыны солай оқы. Есінде болсын, өлеңнің де басы мен аяғы болады... Сапар алыс, жол ұзақ, талайларға кездесерміз, бірақ, осы қалпымызда қалуды тілеймін мен. М.Мақатаев. 21/VII-66 ж.`.
`Талайларға` мен `осы қалпымызда қалуды тілеймін мен` дегеннің астын сызын қойыпты. Қазір ойласам, екіжүзділер мен күншілдердің біразына жолығып та үлгерген кезі екен ғой Мұқаңның. Әдебиеттің есігінен енді аттайын деп тұрған маған кісілік, адалдық қалпымнан өзгермеуді аманат еткен екен. `Сұлу әйелден үсті-басы таза әйел қош артық` — деген-ді мен есейіп қалған кезімде бір жеңгем ақыл қып. Мен ол сөздің мәнін тап сол сәтте түсінгем жоқ, кейін — бойдақтықтың ыстық, суығын бастан өткірген соң барын — білдім. Сол сияқты, Мұқаның `талайларын` да кейін — алуан түрлі алыс-жақын адамдармен дәмдес-тұздас болған соң — түсіндім. `Е, Мұқаң жарықтық,та іштей өксіп өстіген екен-ау!` — дейтін болдым.
Осы қуанышпен ауылға жинала бастадық. Ертесі белетке барғалы жатқанымызда, оқу бітірген інісін алып Түлкібастан Айзаштың ағасы келіп қалды. `Қазақстан` пойызынан түсіпті. Енді амал жоқ, Айзаштың інісі институтқа құжатын тапсырын, жатақханаға орналасқанша аялдау керек болды.
Сол күні түске таман Айзаштың ағасы Тұртан көкем бәрімізді ресторанға шақырды. Балаларды үйге қалдырып, жиен әпкем, жездем — бесеуміз кіші парктегі `Жетісу` ресторанына бардық. Барсақ, Мұқаң бір жолдасымен сонда отыр екен. Ұзын сөздің қысқасы, Мұқандарды өз үстелімізге шақырып әкелдік.
Түлкібаста болған тоғыз күнде түк татпай, тәртіпті күйеу боп абыроймен қайтқан мен сол күні сөз бен қуаныштың әсерінен әп-әжептәуір сілтеппін. Ақырында абыройым айрандай төгіліп, Айзаштың айтуынша, мас болғаным сондай, қайнағам (көкем) таксиден көтеріп түсіріп, үйге көтеріп кіргізіпті.
— Мені көтерудің орнына маған көтертіп қойды ғой, — деп, көкем кінәлай күліпті. Оны кім біліпті, ол күннің егжей-тегжейін күні бүгінге дейін есіме түсіре алмаймын. Ал Айзаш айтса, айызы қанып, мені масқаралай айтады. Көкем көтеріп келе жатқанда, тіпті әрі күлкілі, әрі ұяттау жағдайға тап болғанымды да кейітеді.
Одан кейінгі оқиғаларды егжей-тегжейлі есімде қалғандай жаза бергенім жараспайтын сияқты. Соңдықтан шындыққа қиянат болмас үшін, әр жағдайды Мұқаңның хаты мен күнделігімде сақталған жазбалар арқылы ғана өрбіткенім орынды секілді.
Менде сақталған Мұқаңның бірінші хаты 1966-жылдың 13-желтоқсанында жазылыпты. `Жұлдыз` журналының бланкісіне басылған ресми хат, тіркелген нөмірі •— 13.
`Бексұлтан!
Халдерің қалай? Демалыс болды, бірнеше ай командировкада жүрдім де, бұрынғы хатың мен соңғысын қосып алдым десем де болғандай, айып етпе, кешірім!
Сол арпалыс тіршілік. Повесінде Ақаң да оқып шыққан, кейбір пікірлерін қоспағанда, қарсы емес. Ал енді екі адамның пікірімен санасады ғой кім де болса.
Өткен жыл, өзіңе белгілі, ылғи бір науқанмен өтті де, журнал босамады. Биылғы жоспарда турсың, алаңдамай, әрі қарай еңбектене бер. Бұл жолда адам сағын сындырмау керек, аттанбай жатып атың болдырса, сапарға аттанудың сәті қалай болар екен?!
Әдебиет шаруаның жұмысы, бауырым, оған жең түріп, жалаңаяқ кірісу керек. Еңбектен, еңбектен! Мен өз басым саған сенемін!
Келінге, балаларға менен сәлем!
Мұқағали.
Жинақ туралы `Лениншіл жасқа`, `Жетісуға`, `Қазақ әдебиетіне` тәуір рецензиялар жарияланды. Пікіріңді іске асыру — өз шаруаң, мен не дейін. Хабарласып тұр`.
Екінші хатымда, сірә, мен повесімнің жариялана қоймағанына қамығып, түңіліс байқатқан болуым керек.
Мұқаңның ақындығын қолтаңбасымен сыйлаған өз жинағы арқылы алғаш таныдым. Одан бұрын оқымаппын. Оқысам да, ойымда қалмапты. `Армысыңдар, достарға` хат арқылы пікір айтып, `Осы ойларымды газетке ұсынсам, ұят болмай ма?` — деген сияқтымын-ау. Бірақ мен ондай пікір жазбадым да, ешбір газет-журналға жолдамадым да. Алайда жазбақ болып бірнеше оқталдым, ақ қағазды алдыма жайып, жазбаққа отырдым да. Ақыры жаза алмадым. Қолымнан келмеді, өлеңге ой айту оңайға түспеді.
1967-жылдың 16-мамырында: `Жылға айналды `К.махаббат` әлі жарық көрген жоқ. Уәделердің өзі де ескіріп бара жатқандай`, — деп қамығыппын да, орысшалап: `о данным переписи 1926 г. казахи составляли 61,3 проц. всего населения республики`, — деппін. Ол мәліметті қайдан оқығанымды көрсетпеппін.
67-жылдың 20-маусымында Мұқаң тағы хат жазыпты.
`Бексұлтан!
Аман-саумысыңдар! Келін, балаларға менен мың қайтара сәлем!
Өлең туралы пікірлеріңе қосыламын. Алайда бұл құрғыр поэзияға, жалпы, бөлен деп болмайтын сияқты. Әйтеуір, өз басым көкейге әуелде қандай ырғақпен өлең туса, солай жазам. Жазбаймын-ау, қалай шығып кеткенін өзім де аңғармай қалам. Шіркін өлеңге өзім толық ерік берем. Оның үстіне тек ұлттық шеңберде қалып, тек ұлттық түрді ғана ұстап тұрғым келмейді де, арпалысатыным сол.
Бұрын да жазған болуым керек, повесіңді Ақан Нұрманов екеуміз оқып, жоспарға кіргізіп, бастықтарға ұсынғамыз, енді олар бізді аттамас деген сенімдеміз. Оның үстіне мынау 50 жылдық мерекеге лайықты материалдар жол берер емес, кешігіп жатқаны сондықтан.
Өзім командировка, демалыста болып, жаңа оралдым, жауап кешігіп қалды, айып етпе!
Хабарлас. Мұқағали. 20/V1-67 ж.`.
Мұқаң мақтаған повестің `Жұлдызда` жатқанына бір жылға толып қалған. Әуелгі қуаныш күте-күте күдер үзуге таяды. 22-маусымда күнделігіме: `Үміттің өшуге жақын, ынтаның қайтуға жақын тұрған кезі`, — деп жазыппын. Дегенмен үмітімді әлі біржола үзе қоймасам керек, `Жасуды жинап қойып, тағы бір талпынып көрем-ау, осы. `Өсуді` бітіріп барып өшсем, дұрыс сияқты`, — деп, өзімді өзім қайраппын. `Өсу` деп отырғаным — кейінгі `Бір өкініш, бір үміт` романының алғашқы жоба аты. Алғашқы повесімді жариялай алмай жүріп роман жазуға жоспарлағаным жастықтың ғана қолынан келетін құлшыныс болар.
1967-жылдың күзінде Алматы облысының `Жетісу` газетіне `Күй толғақ` деген әңгімем басылды. `Менен жазушы шыға ма, жоқ па? ` — деген күдік сонда да кілкіп көкейімде тұрды да қойды.
Осындай халде жүргенімде, Мұқаңнан тағы хат алдым.
`Қадірлі Бексұлтан! — депті Мұқаң. — Аман-саулықтарыңды білдім, тілектеспін солай болуларыңа.
Біз де орынша, тіршілік. Демалысын да, командировкасын да өткеріп біткендеймін. Биыл жазда жүріс-тұрыс көбейіп кетті.
Хат жазып, хабарласып тұрғанның несі айып? Хабарласқаның жақсы.
`Күнәлі махаббатты` біз (Нұрманов Ақан екеуміз) ұнатып, ұсынғамыз, алайда бізден жоғарғылардың алдында әлі жатыр. Әне-мінемен әлі оқылмай жүр. Желкесінде отырып, мен де мазалаудамын. Өзіңе дегенім деген, оны қалайда іске асырамын.
`Жетісудағыңды` оқып, оларға да оқыттым, ұнатып жатыр.
Алаңдамай тірлігіңді істей бер. Не дейін енді, амандықтарыңа тілектес Мұқағали. 12/Х-67 ж.`.
Сірә, Қазан мерекесімен құттықтаған болуым керек, кешікпей Мұқаң тағы хат жолдапты.
`Бексұлтан!
Рахмет, құттықтауыңды алдым. Повесіңмен редакция түгел танысып құптап жатыр, риза болғандары да жетерлік. Оншама қысқартпай, барынша түгел басу мәселесімен байланысты Хамза Есенжановқа жіберілді. Ол біздің редколлегия мүшесі ғой. Оның үстіне ащы шындықтың алдында ептеп жүрексіну де болады ғой. Өзіңе белгілі, шындықтың жарып шыға беруі — белгілі жәйт...
Қорықпа, бәрісі де менің өзіңе айтқан пікірімдей болып жатыр. Біле білсең, мұның өзі — жарты қуаныш.
Есен-сау бол, тағы да хабарлармын, үй ішіне менен сәлем, Мұқағали. 14/XI-67 ж.
P.S. Жалпы, жазғандарыңды жинақта да, жазға кел. Біріншісіне қол тигізбе!`.
Мұқаңның жанашырлығы, ағалық қамқорлығы әр хатынан ашық аңғарылады. Үмітімді үздірмей, үнемі дем беріп отырады. Коп кешікпей тағы бір хат алдым. Әдеттегідей, оны да: `Бексұлтан! — деп бастапты. — Халдерің жақсы ма? Үй ішке менен сәлем.
Екінші сөз — повесіңді Есенжанов оқыды. Оның пікірі — алдыңда. Қалай істесек абзал? Менімше, қысқы демалысыңда келесің ғой деймін. Келіп, қалай даярлап, қалай жіберуімізге қатысқаның жөн ғой деймін. Хабарлас.
Сәлеммен Мұқағали.
P.S. Есенжановтың мына пікірін жоғалтып алмай ала кел, ол түбінде керек болады`.
Бұл хат, сірә, 67-жылдың күз айларының бірінде жазылған болар. Хатты алғанда, Хамзекеңнің пікірін оқығанда, қандай қуанғаным есімде. `Бітті, менен жазушы шығатындығы анықталды. Енді күдіктенбеуге болады`, — деген сезімнің құшағында жүріп, Хамзекеңнің сол пікірін көшіріп те алмаппын-ау!
Хамзекең пікірін Рахметолла Райымқұловтың атына жазыпты. Ол кісі `Жұлдыз` журналының проза бөлімінде істейді екен. Хамзекеңнің мені: `Бұрыннан жазып жүрген адам болуы керек`, — дегені әсіресе қуантты. Повесті жариялау керек дей тура, бас кейіпкер тым көп күйеуге тиеді екен, соны азайтса деген ыңғай танытыпты.
Қысқы каникулда Алматыға келдім. Мұқаң онда Интернационал көшесіндегі 129-үйдің
20-пәтерінде, ұмытпасам, Жүмекең Нәжімеденовтің отбасымен ортақтас туратын.
Мұқаңның `Капиталды` астын сыза мұқият оқып, Дантенің `Құдіретті комедиясын` аударып жатқан кезі екен. Ойлап отырсам, менің жеке үйге дербес қонақ, есебінде алғаш сыйлы мейман саналуым да сол Мұқаңның үйінен басталыпты. Мұқаңның Карл Маркс пен Данте жайында біраз әңгіме айтқаны еміс-еміс ғана есімде. Ақынның анасы мен әйелі дастарқан үстінде көп әңгіме айтпады. Нағиман шешеміз бен Лашын жеңгеміз ет асын, жақсылап күтті. Мұқаңның жұмыс кабинетіндегі диванға ұйқтап шықтым.
Повестің атын `Кінәлі махаббат` деуге келістім. `Күнәлі` дегенді бәрі, әйтеуір, ұнатпады. Журнал бірінші бөлімін ғана басатын болды. Мен оған да қуандым. Ақын адамның үйінде болып, өзімен емін-еркін сөйлесудің өзі де маған аз қуаныш емес еді.
Ақырында `Кінәлі махаббаттың` бірінші бөлімі жеке повесть тәрізденіп `Жұлдыздың` 1968-жылғы 5-нөміріне шықты. `Тірі болсам, жариялатам`, — деген уәдесін Мұқаң осылай орындады.
`Жақсы шығарма қайтсе де жарық көреді`, — деп жатамыз. Солайы солай да шығар. Әйткенмен өз жағдайымды ойлап қарасам, егер Мұқаң болмаса, мен екі жыл бойы редакция адамдарымен табанды түрде байланысып, повесімнің жариялауға жарамды екенін дәлелдей алмаған болар едім. `Баса алмаймыз`, — десе, баса алмайды екен деп күдер үзер едім. Бақытыма қарай, күтпеген жағдайда алдымнан Мұқағали Мақатаев шығын, маған қамқорлық жасауға міндетті адамнан бетер бейнетіне төзіп, алғашқы шығармамның баспасөз бетінде жарық көруіне асқан табандылықпен көмек жасады. Оның сол ағалығын тәлейіме жазылған үлкен сәттілік санаймын.
Бір сәттілікті еске ала отырып, екінші сәттілігім жайында айтпай кетуім өз көңіліме кінәрат секілді. `Кінәлі махаббатым` журнал редакциясының тартпасында жатқан кезде, екі әңгімемді бірінен соң бірін облыстық `Жетісу` газетіне өзімді көрмей-білмей-ақ жариялап жіберген тағы бір ақын Бекен Әбдіразақов ағам болып шықты. Ол кісімен мен кейін, Алматыға келген соң таныстым. Мен үшін ең қуаныштысы: Бекең мен Мұқаң бір-бірін шынайы сыйлайтын, пікірлес таланттар екен. Өзара сыйласа білгендер өзгені де сыйлай біледі ғой.
`Кінәлі махаббат` мені мансапқа да жетелеп әкелді десем, қателеспеспін. Жазатын қабілеті бар дегенді естіп, ауылдағылар маған той басқартатын болды. Сөйтіп жүріп, бір күні аукомол қызметкерінің, дәлірек айтсам, аукомолдың 2-хатшысы болып жүрген кластасымның үйлену тойын басқардым. Сонда мені сол тойға қатысып отырған аупарткомның басшылары да байқапты. Ақырында сол жаз мені аудандық патрия комитеті комсомол жұмысына шақырды. Шілдеде аукомолдың 2-хатшысы, желтоқсанда 1-хатшысы боп сайландым. Сайланар алды Алматыға шақырылып, ҚАКЖО Орталық Комитеті хатшыларының алдынан өттім. Сол арадағы жағдайдың біраз түсінігін Мұқаңның мына хаты жаман бермейтін секілді:
`Бексұлтан, қолың тимей, асығып, жолыға алмай кетіпсің, қалдырып кеткен хатыңнан, базарлығыңнан білдім. Енді өтіп кетті, амал жоқ, әйтпегенде біраз әңгімелесіп, біршама адамдардың мазасын алып, кіріп шықсақ, па деп ем. Осында Комсомолдар мен Жазушылар Одағы бірігіп жастардың (жазушылардың) мәслихатын өткізгелі жатыр, январьдың екінші жартысында. Баспасөзден бақылап жүрген шығарсың, тым болмаса Одаққа кіріп, соның жай-жапсарын да ұғынбалсың ғой. Есінде болсын, кезінде менен өткен биязы (скромный) адам жоқ болатын, бұл күнде онымды тыға тұруға тура келді. Бақсам, әдебиет қана емес, жалпы әдеби өмірден аулақтап, өзінше жұмыртқа басқан ақын-жазушы жоқ екен... кіріп, қатынасуыңа қақың бар ма, жоқ па, біліп-ақ кетуің ғой.
Сені шақыра ма, жоқ, па деген мәселемен бүгін (12/1-69 ж.) бір бастыққа кірсем, әуелі тізімге жазыпты да, артынан әдірісіңді білмей, өшіріп тастапты. `Жұлдыздан` сұраған екен, ол адамның әдірісін білмейміз, әлі қаламақысын да алған жоқ деген жауап алыпты. (Шынында солай ма еді?). Әлгі бастыққа айтып, тізіміне кіргізген болдым. ЦК комсомолда Қалаубек Тұрсынқұлов (секретарь ғой) жоқ екен, командировкаға кетіпті. Келгесін оған да хабарлап қоям. Шақыру барын қалар, ала қалсаң, бастықтарыңмен ақылдасып, кел, қатынас. Қолыңа қалам ұстатып, былай жазады деп көрсетпегенімен, өзің теңді құрбыларыңмен танысып, ауызекі пікірлесіп, білгіштердің дегендерін тыңдайсың ғой. Қанша дегенмен де өз республикаң мән беріп отырған кәдімгідей мәслихат қой. Тіпті, қызық та өтуі мүмкін. Шақыруын алсаң, барып-келу қаражатын өкімет өзі төлейді.
Әнеукүнгі өзіңе айтқан повестің бірінші данасын ала кел. Енді оны баспаға өткізейік, менде жатқанша, сонда жатсын.
Енді не айтам, із суытпай хабарласып тұрайық. Есінде болсын, тек қана хабарласып, пікірлесіп тұрайық, басқадай қазақшылықтың қажеті жоқ!
Балаларға, келінге менен шын сәлем, аман-саулықтарыңа тілектеспін!
Мұқағали.
12-январь, 1969-жыл`.
Жас ақын-жазушылардың тұңғыш кеңесіне шақыру алдым, бірақ келе алмадым. Келе алмағаным — аупарткомның І-хатшысы Шаймухан Сапиев жібермеді. Сол жылы оңтүстік аймақта асантын айрықыта қатты қыс болды: қар күні-түні жауып, биіктігі белуардан келді; бір қора қойдан айрылып, таяғын ғана ұстап қалған қойшы аз болған жоқ, Аукомолдың І-хатшысы болғандықтан, мен Қоңыр өлең қой совхозына аудандық өкіл боп бөліндім де, дереу сол шаруашылыққа аттанып кеттім. Алматыға жол қатынасы қиындап, жол бойында адам шығыны да кездесті, соның бәрі мені Алматыға жібермеуге себеп болды.
Комсомол қызметінде жүріп, мен жөнді ештеме жаза алмадым. Оған кіріскенге дейін жазып қойған `Не үшін?` атты әңгімемді ауданға іссапармен келген Сайын Мұратбеков алып кетті де, Бек Тоғысбаевқа тапсырып, `Жалын` альманағына бастырды. 1969-жылдың желтоқсанында ҚЛКЖО Орталық Комитет! қызметке алып, Алматыға келдім. Мұқаңмен жиірек жүздескен кезім — осы түс. Алайда әр кездескенім бастан-аяқ әлі есімде, ұмытқам жоқ деп өтірік айта алмаймын. Есімде қалғаны қалды, қалмағаны ұмытылды.
Жаңылмасам, екі-үш рет-ақ Мұқаңмен бірге ресторанда болдым. Соның бірде-бірінде ол кісі артық ішіп, басы артық әңгіме қозғаған жоқ. Бірде `Есік` ресторанында отырғанымызда, жабыла бастаған кезі ме екен әлде бос орын болмады ма, ешкімді кіргізбей қойған кезде, қонақ үй жақтағы темір тордың сыртынан Олжас Сүлейменовтің даусын естіп, Мұқаң орнынан ұшып түрегелді. Барып келді де, маған бір бөтелке коньяк алдырды. `Үйіне қонақ келіп қапты`, — деді маған мән-жайды түсіндіріп. Олжасты өте қатты сыйлайды екен, маған ұғындыра оның атына біраз жақсы сөз айтты.
`Поэзия бітеді, таусылады, — дегені есімде. — Мен әлі сенің егініңе түсіп, проза жазам`. Деуін дегенмен, Мұқаң поэзиясын жазып бітіре алмай кетті. Бірақ проза мен драматургияға поэзиясын бітірмей жатып-ақ қалам сілтеп байқады.
`Саясатты жазбай болмайды. Әсіресе жас ақын-жазушыға онсыз қиын. Саясатты жазбасаң, сені санатқа ілмейді`, — дейтін. Осы ойын екі-үш рет естідім.
Қызып жүретіні, Жазушылар Одағына қызып келетіні болушы еді. ҚАКЖО Орталық Комитетінің қазіргі Абай мен Алтынсарин даңғылы қиылысындағы жатақханасында тұрдым. Бір бөлмеде әйелім, үш қызым және өзім — бес жанбыз. О баста бұл бөлмені Олег Ли деген кәріс жігіт екеумізге берген. Ол менің бала-шағамның бар екенін білген соң, оз еркімен бөлмені босатып берді. Кейін мен `Кәріс қыз` деген әңгімемді оған да арнадым. Сөйтіп, сол тар бөлмеме Мұқаңды қонаққа шақыруды ұйғардым. Жалақым 130 сом, ол кез үшін аса жаман емес.
Мұқанды Одақта (Жазушылар Одағын ақын-жазушылар күні бүгінге дейін осылай атаймыз) жолықтырдым. Қатты қызу екен. Үй көрсетпек ойым бар екенін айтып ем, сәл ойланғандай сыңай танытты да: `Жеңгеңе әдірісті жазып беріп кет!` — деді.
Дереу Мұқаңның үйіне барып, жеңгейге әдірісті жазып қалдырдым. Бірақ Мұқаң да, жеңгем де шақырған күні келмеді. Сірә, демалыс күнінің біріне шақырсам керек, дүйсенбіде ме екен, жұмыс күні Мұқаңды жолықтырдым да, реніш білдірдім.
— `Жеңгеңе әдірісті қалдыр`, — деп ем ғой, — деді Мұқаң.
—Бәрін жазып беріп кеттім ғой?
— Жеңгеңе ме?
— Иә, жеңгеме.
— Үй, жеңгеңнің... — деді де, Мұқаң бұрылып кетті. Жеңгемнің айтпай қойғанын ұқтым да, мен қайтып Мұқаңа үндемедім. Бірақ содан кейін о кісіні үйге шақырып, отбасымды көрсете алмадым. Тек шешем қайтыс болғанда көппен бірге келіп көңіл айтты. Алты-жеті адам ақша жинап берді, тізімнің басында Мұқаң тұр екен. 1972-жылы мен әлі қаланың әдет-ғұрпына үйрене қоймағам, өйтіп ақша жинап көмек көрсетуді білмейді де екем. `Өмірде жаман әйел болса болар, бірақ жаман ана болмайды`, — деді Мұқаң сонда мені жұбатып тұрып.
Жаңа жылдан кейінгі күннің бірі болатын. Мұқаң Одақтың 2-қабатынан түсіп келеді екен. Қызы Шолпан қолынан жетектеп алыпты. Мұқаң қатты қызу. Бірдемеге ұрынып қала ма деп, есік алдынан бір мәшина жалдадым да, Күләш Байсейітовадағы үйіне жеткізіп салдым. Есікті Лашын жеңгей ашты. Мұқанды үйге ісіргізіп алды да, есікті тап мұрнымның тұсынан жаба қойды. `Е, мен ішкізіп әкелді деп ойлап қалды-ау!` — деп түйдім.
Мұқаң сол үйде тұрғанында, қазіргі Төле би көшесіндегі ауруханада қайтыс болды. Ол жасаған 45 жасты аз деп те, көп деп те айтуға аузым бармайды. Өйткені оның өмірі әлі жалғасып келеді. Құдайға шүкір, жалғаса да беретін шығар.
Оның күшті ақын екендігін көп адам көзі тірісінде-ақ таныған. `Қазына`, `Әбділдаға` деген өлеңдері `Қазақ әдебиетіне` жарияланғанда, гу-гу мақтау сөздің талайын өз құлағымызбен-ақ, естігенбіз. Тірінің қадірін тап өлгеннен кейінгідей білу тірі адамға мүмкін емес те болу керек. Қасыңда жү