Әдебиет
Бексұлтан Нұржекеев
Нұржекеев Бексұлтан (1941 жылы т., Алматы облысы Панфилов ауданы Ақжазық ауылы) – жазушы.
Талдықорғандық қыз-келіншектер
Қыз-келіншек қай ауыл, қай ауданда, қай облыста жоқ? Бәрінде бар. Бірақ... неге екенін, өнер мен еңбек даңқына бөленген қыз бен келіншектер шоғыры бұл облыста айрықша. Ол шоғырдың басы, әрине, сонау Сара ақыннан басталады. Қазақ халқының мәдениет тарихында Сара тұлғасы ерекше биік. Ол — халық мерейін көтеріп тұрған тарихи адам. Ал ақын Сараның сіңлілері де ел тарихын ерен еңбектерімен жазып келеді.
1938 жылы Нұрипа Досқожаева Қазақ ССР Орталық Атқару Комитетінің мүшесі болды. Ал мал өсіруші, сауыншы Салиқа Оңғарбаева 1,2-сайланған СССР Жоғарғы Советінің депутаты болды, Еңбек Қызыл Ту, «Құрмет Белгісі» ордендерімен наградталды. Социалистік Еңбек Ері Мәмила Әлімбаева 2-сайланған СССР Жоғарғы Советінің депутаты болды. Қазір Киров ауданының «Еңбекші» совхозында үш Социалистік Еңбек Ері бар. Олардың бірі ежелгі озат қызылшашы, Социалистік Еңбек Ері, СССР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Битай Татенованың оның тәжірибесі талай жылдар бойы жастарға тәлім-тәрбие мектебі болып келді. Ал Социалистік Еңбек Ері, звено жетекшісі Зәкәрия Сейітованың еңбек тәжірибесі де өз алдына еңбек мектебі. Ал Қазақ ССР Жоғарғы Советінің депутаты, Социалистік Еңбек Ері, «Еңбекші» совхозының директоры Зылиха Тамшыбаеваның еңбек жолы, ұйымдастырушылық шеберлігі қазір республика көлемінде баршаға үлгі. Кезінде Қ. Байсейітов пен Қ. Шаңғытбаевтың «Беу, қыздар-ай» пьесасына осы Зылиха өмірінің себеп болғанын әдебиет сүйгіш қауым жақсы біледі.
Талдықорған ауданының бір ғана XXII партсъезд атындағы колхозында 8 әйел Социалистік Еңбек Ері атағын алған. Олар: Тәшенбала Айдарбекова, Саумал Ноғайбаева, Қантша Есболатова, Нұрила Жидебаева, Сара Әлімбекова, Қалдыбала Тергеуова, Зәріш Дайырова, Феодосия Ивановна Гайворонская. Мұндай батыр әйелдер үшін ауыл, аудан, облыс қана емес, республика мақтанады.
Әйгілі жүгеріші, Социалистік Еңбек Ері, ұйғыр қызы Мәриям Ниязованы да Панфилов ауданының еңбекшілері орынды мақтаныш етеді. Сол ауданның «Киров» колхозында Социалистік Еңбек Ерлері Күләш Айтжанова, Адалат Зайнаудинова сияқты Мәриямның лайықты ізбасарлары еңбек етеді. Бұл ауданда алғаш Социалистік Еңбек Ері деген жоғары атаққа ие болған адам малшы Айтбала Абданова еді.
Еңбегімен ер атанған қыз-келіншектерді түгел тізімдеп атап шығудың өзі арнайы анықтамалықсыз мүмкін емес. Облыста Любовь Семеновна Сальникова Социалистік Еңбек Ері атанды. Жақында Алла Сергеевна Ким СССР Жоғарғы Советінің депутаттығына сайланды. Вера Иосифовна Лютова Социалистік Еңбек Ері атағын алды. Бүкілодақтық Ленин комсомолы сыйлығының лауреаты Бағдат Қожабаева «Қыздар, тракторды меңгерейік!» деген ұран тастап, өз құрбыларын механизатор болуға шақырды. Ал оның жерлесі Панфилов ауданы Киров атындағы колхоздың «Ұшқын» қой өсіруші комсомол-жастар бригадасының мүшесі Сатылхан Нүсіпбекова 1975 жылы өнімді еңбегі үшін Бүкілодақтық Ленин комсомолы сыйлығының лауреаты атанды. Сол ауданның «Үшарал» колхозының жүгерішісі Күлғайша Бердіғұлова жоғары өнім алғаны үшін Қазақ ССР Мемлекеттік сыйлығына ие болды.
Облыстың драма театрының артисі А. И. Рутееваға Қазақ ССР халық артисі деген жоғары атақ берілген. Талдықорған облысының 58 мың әйелі Совет Одағының ордендерімен және медальдарымен наградталған, ал 2679 әйелі «Ардақты ана» құрметті атағына ие. Мәселен, он бір бала тәрбиелеп өсіріп отырған шопан Қайша Мырзахметова Кирову ауданының Мұсабек Сеңгірбаев атындағы совхозында істейді, ал он бір баланың анасы сауыншы Төрехан Оралбаева сол ауданның Куйбышев атындағы колхозында тұрады. Олардың балаларының алды қазір туған аулында қызмет жасап жүр.
Облыста 12 мың мұғалім бар, олардың 1586-сы «Қазақ ССР-інің еңбек сіңірген мұғалімі», «Халық ағарту ісінің үздігі» құрметті атақтарын алған. Ал 7 мыңға жуық медицина қызметкерлерінің 13-і «Қазақ ССР-інің еңбек сіңірген дәрігері», 96-сы «Денсаулық сақтау ісінің үздігі» атақтарына ие болған. Сөз жоқ, облыстағы мұғалімдер мен дәрігерлердің дені қыз-келіншектер. Құмды жер, шалғай аудан аталып келген Лепсінің М. Горький атындағы қой совхозында 25 жылдан бері фельдшер-акушер болып Күлман Төтікбаева жұмыс істеп келеді. Ұзақ жылғы еңбегін бағалап, оған үкіметіміз 1983 жылы 24 октябрьде «Қазақ ССР-інің еңбек сіңірген денсаулық сақтау қызметкері» деген құрметті атақ берді. Күлман Төтікбаева — аудан бойынша мұндай абыройлы атаққа ие болып отырған бірінші адам. Күлман — өзі де алты бала өсіріп отырған құрметті ана. Күлман сияқты күнделікті еңбегімен елге қалтқысыз қызмет жасап келе жатқан қыз-келіншектері облыста көп-ақ.
Күлманның жұмыс істеу әдісі, еңбексүйгіштігі өзге қыз-келіншектердің жұмыс жағдайымен де үндес шығып жатады. Қазір Күлман істейтін колхоздың орталығында 25 орындық учаскелік аурухана бар. Бұл—жағдайы, мүмкіндігі мол аурухана. Ал бұрын қандай еді? Оны есіне түсірсе, Күлекеңнің қабағы еріксіз қыртыстанып кетеді. Талай-талай қиындықтар өтті-ақ ғой оның басынан. Бүкіл колхозды бір өзі қамтамасыз етті. Күн демеді, түн демеді, тыным көрмеді. Сан рет шақырған жерге қыста «ДТ-54» тракторымен, салт атпен барды. Қарда, боранда суыққа қалып қаншама рет қиналды. Елге көмегімді тигізем, қол ұшымды берем деген биік мүдде ғана оны шаршатпады, өзгелер үшін өзін аямады. Оның ең жақсы демалысы басқаларға көмек бере алған кезі болды, сондықтан ол ешқашан шақырған жерге бармай қалған емес. Ол, тіпті, алғашқы туған төрт баласына да декретті демалыс алмай жұмысын істей берді. Онысы ерлік пе әлде өз міндетін түсінген тәртіптілік пе? Бәлкім, әрі ерлік, әрі тәртіптілік болар. Адамдарға деген ізгілік қой.
Күлман Төтікбаеваның күйеуі Сайдахмет Құмаров 1955 жылдан бері осы колхозда радист болып қызмет атқарады. Ерлі-байлы адамдардың еңбекте абыройлы болуы, әрине, олардың үй іші тіршілігіне де тікелей байланысты. Бұл жөнінде Сайдахмет ағайдың семьясына мін таға алмайсың: жылы ықылас, өзара мейірім, сыйластық пен түсінушілік — бұл түтіннің түп негізін ұстап тұрған ізгі қасиеттер.
Осындай еңбекқор семьялардың облыс көлемінде көптігі қуантады.
Ақын Сараның өз ізін қуып келе жатқан Марфуғa, Зайда, Жұмаш, қазақша құбылтып ән салатын орыс қызы Татьяна Полтавская — бәрі де туған жердің мәртебесін арттыру үшін өнер жарысына түскен қыз-келіншектер. Жетісу жері еңбек пен өнердің үздіктеріне толы.