Оқушыларға
Бекмаханов тарихы
Әйгілі тарихшы Ермұхан Бекмахановтың туғанына 100 жылдан аса уақыт өтсе де, оның шындығы тарих қойнауында жатыр. Кеңес үкіметі тұсында қазақ тарихының дамуына өз үлесін қосты. Сонау, 40-50 жылдары Мәскеуде “Ленинград ісі” талқыланып жатқанда Қазақ даласында “Бекмаханов ісі” талқыланып жатты. Е.Бекмаханов ең әуелі, ұлт мүддесін сақтап, Кенесары тарихымен байланысты қазақ елінің жағдайын, мұң-мұқтажын ашып көрсетті. Тарихта қалып бара жатқан санамызға жарық жақты.
Ермұхан Бекмаханов 1915 жылы Павлодар облысы Баянауыл ауданында өмірге келді. Алты жасында әкесі Бекмахан қайтыс болып, жетім қалған Ермұхан анасы Бәпіштің қолдауының арқасында жоғары білім алды. Алдымен 1925-1931 жылдар аралығында Баянауылдағы мектепте оқиды. Бұдан кейін Ермұхан Семейдегі Жұмысшы факультетін бітіріп, 1933 жылы Тамбов педагогикалық институтының тарих факультетіне түсті. Екі жылдан кейін ол жабылып, студенттері Воронеж педагогикалық институтына ауыстырылады. Сөйтіп 1936 жылдың күзінде Ермұхан Воронежге келеді.
Бұл жерде оның ұлттық сана-сезімінің күшейгенін айта аламыз. Өйткені мұнда айдауда жүрген Алаш қозғалысының белгілі қайраткерлері Халел Досмұхамедов және Мұхаметжан Тынышбайұлымен танысып, араласып жүреді. Кейбір зерттеушілер олардың жас Ермұханның келешекте кәсіби тарихшы атанып, үлкен ғалым болуына, тіпті кейін зерттеу тақырыбы болатын Кенесары Қасымұлы туралы көзқарасының қалыптасуына ықпал жасағанын айтады.
1937 жылы Воронеж педагогикалық институтын бітіргеннен кейін еңбек жолын Қазақ КСР халық ағарту комиссариатының жанындағы ғылыми зерттеу институтында бастады.
Дүниежүзілік екінші соғыс қазақ тарихнамасы үшін үлкен бір мүмкіншілік туғызды. Ол мүмкіншілік соғыс себебімен Мәскеу және Ленинград қалаларындағы 11 көрнекті орыс тарихшысының Алматыға жіберілуі еді. Бұлар арасында А. М. Панкратова, Б. Д. Греков, Н. М. Дружинин, М. П. Вяткин және Я. Я. Зутис сынды ғалымдар бар еді. Бұл ғалымдардан Қазақстан тарихы туралы кең көлемді бір зерттеу еңбегі жазу барысында пайдаланып қалу ұтымды болар еді. Сөйтіп, Бекмаханов 1947 жылы “XIX ғасырдың 20-30 жылдарындағы Қазақстан” деген кітабы жарық көрді. Ол кітабында Кенесары көтерілісі феодалдық монархиялық көтеріліс емес, ұлт-азаттық көтеріліс деп баға берді. Осы үшін де ол саяси қуғын-сүргінге ұшырады. Өзінің дегенінен бас тартпаған ол партиядан шығарылды. Барлық ғылыми атағынан айырылды. 1951 жылы Қазақ мемлекеттік университетінен босатылды.
Бірақ көп ұзамай, атап айтқанда 1952 жылы 5 қыркүйек күні Бекмаханов тұтқындалып, 25 жылға бас бостандығынан айырылып, жер аударылды. Сталин өлгеннен кейін 1954 жылы толық ақталды да, ҚазГудағы Қазақстан тарихы кафедрасының меңгерушісі ретіндегі бұрынғы қызметіне қайта тағайындалды.
1966 жылы сәуір айында Ермұхан Бекмаханов дүниеден өтті. Бір ғалым дүниеден озса, бір кітапхананың өртенгенімен тең дегендей, Ермұхан Бекмахановтай қайталанбас тұлға енді дүниеге келмес.
Жазған: Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің филология және әлем тілдері факультетінің 1 курс студенті Оракбай Жанерке.
Жетекшісі: Әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университетінің Қазақстан тарихы кафедрасының профессоры АҚЫНБАЙҚЫЗЫ ФАТИМА ҚОЗЫБАҚОВА