Оқушыларға
Тарихы тасқа қашалған
Биыл егемендік алып, көк туымызды көкте желбіретіп, тәуелсіздіктің бесігінде тербелгенімізге отыз жыл. Осынау салқар далаға еге болған егемен елім жалт еткен жанарымда мәңгіліктің мекеніне жапырақ жайып,тамырын тереңге бекіткен мәуелі бәйтеректей көрініс береді.
Иә, азаттық таңының шұғылалы шуағына шомылып жүрміз. Алайда тәуелсіздік дейтін тәтті сыйды қазақ еліне ала ғой деп ешкім де тарту еткен жоқ.Қазақ елінің ғұмырлық жолының күрессіз,тартыссыз өткен бірде бір парасы жоқ. Әлімсақтан тәуелсіздік үшін жан алысып,жан берісіп келеді. Шығысы мен Батысы алты айлық жолды алар көлкөсір кеңістіктегі ұлан -ғайыр даламызға құныға көз тікпеген ел кемде- кем.Сонау жылдардағы халқымызды қынадай қырып,зар жылатқан моңғол,жоңғар шапқыншылықтары , аузынан жалын шарпыған кеңестік отаршылдықтың күйікті кезеңдері- зор қасірет әкелді.Алайда сол зобалаңның бірінде де ержүрек қазақ халқы мүжілген жоқ.Өзінің жеке дара,телегей тарихының тасын өрге домалатты. Қарсы келген жауға қан майданда соққы берді.Ерен ерлік көрсетті.
Тарихта ойып тұрып орын алған сондай іргелі шайқастардың бірі -XVII ғасырда қазақ -жоңғар арасында болған Орбұлақ шайқасы. Қазақ пен жоңғар -бір-бірімен өте көп соғысқан ел.Жоңғардың көздегені қисапсыз жер аумағын иелену,территориясын кеңейту.Ертеректен бері кеудесін кернеген кегін қайтару.Әрине,жоңғарлар бұл соғысқа ерте қамданды. Батыр Қонтайшы 50 мыңдық әскер жиып,қазақ еліне қатер бұлтын төндірді.1643 жылғы бұл шайқаста қазақ халқы тез арада жауға қарсы тең күш жинай алмады.Салқам Жәңгір алты жүзден астам сарбазымен жоңғардың қалың қолына қарсы тұруға бел байлады. Жалаңтөс батырға хабаршы жіберіп,көмек сұрады.Орбұлақ шайқасында Жәңгір төңірегіне топтасқан шапырашты Қарасай, арғын Ағынтай, алшын Жиенбет, қаңлы Сарбұқа, найман Көксерек, дулат Жақсығұл, суан Елтінді, қырғыздар Көтен мен Табай батырлар кілең сырбаз даланың сайыпқырандары еді.Соғыс Жаркент қаласынан күншілік жердегі Белжайлауда Қосқолаң тауының арасында өтеді. Жер жағдайын жақсы білген Суан Елтінді батырдың кеңесімен Орбұлақ белі жаудың бетін қайтаруға қолайлы орын ретінде таңдалып алынады.Арнайы ор қазылады.«Жәңгір қолы ор қазып орналасқан жотаның екі жағы әскер өте алмайтын биік тау.Жау келе жатқан тұс жазықтау болып,көз ұшына дейін созылып жатқан қырқалы сайлар көрініп жатады.Ал,керісінше оқпана қазылған жота қия беткейлі болып,жау келетін жолға көлденең жатыр.Жер бедерін шебер пайдаланған Жәңгір қазылған оқпанаға Қарасай мен Ағынтай батырлардың қолын орналастырып,қосалқы күштерді Қызылқияның терең сайларына жасырады».Алды оқпанаға тіреліп тар жерде іркіліп қалған жоңғарларға екінші жағынан мың әскермен көмекке келген Самарқан билеушісі лап қояды.Жоңғарлар бас сауғалап қашуға мәжбүр болады.Орбұлақ шайқасының сыры тек ор ғана емес.Сөзсіз бұл шайқаста басқа да тәсілдер қолданылған. Тарихи жазбаларда қазақтардың жау әскерін улы түтінге уландырғандығы туралы да деректер кездеседі. Қазақ әскері «Сасық теке» түтінін пайдаланатын ұсталарды өте құпия түрде ұстаған деседі. Тарихшы Талғат Жанысбайдың дерегіне сүйенсек, қазақ даласында ірі соғыстар кезінде түтінге уландыру тәсілі көп қолданылған. «Ұйқымалым сірне» әдісіне салып жаудың басын айналдырып ұйықтату, түтіндетіп маужырату жауды көп шығынға ұшыратқан. Қазақ жасағы жаудың жолын торып, жолына шөмеле шөп үйіп, ор қазып, оған улы шөптерді салып, лапылдап жанбауын қадағалаған. Шөпті сулы күйде бықсыту алдын ала ойластырылған. Ұзаққа ататын нар садақпен садақшы мергендерді дайындап, жебенің улы шөпке түсуін қадағалау таптырмас әскери айла болған.Бұл шайқаста екпіндей келген жау қазақ қолын бұзып жарып өте алмай көп шығынға ұшырады.Жоңғардың 10 мың әскері жер жастанды.Соғыс тактикасын дұрыс қолданған қазақ қолы жеңіске жетті.
Орбұлақ шайқасы қазақ халқының тарихындағы аса ірі жеңістердің бірі әрі бірегейі болды.Орбұлақ шайқасы- ерен ерліктің, мызғымас бірліктің дәлелі.Тәуелсіздікке бастар жолдағы ауыр апаттан сақтаған іргелі жеңіс.Десе де әлі күнге дейін Орбұлақ шайқасы турасында кереғар пікірлер көп айтылып келеді.Тіпті, Орбұлақ шайқасы тарихта болмаған дейтіндері де бар.Шындығында ,бұл тарихи танымның тарлығынан туындаған пікір. Бұл соғыс туралы тарихшы И.Я.Златкиннің, Вельяминов Зерновтың, М.Тынышбаев, С.Сейфуллин, А.П.Чулошниковтардың еңбектерінде құнды мәліметтер кездеседі. Орбұлақ шайқасының әрідегі жоңғар тарихын тереңнен қарастырған орыс зерттеушілерінің еңбектеріндегі нақты архивтік деректемелер мен беріде Бексұлтан Нұржекеевтің елеулі еңбектерімен дәлелденіп қойғаны қашан...
Орбұлақ шайқасының 375 жылдық мерейтойы қарсаңында 2017 жылы Алматы облысында Орбұлақ шайқасы болған жерге ескерткіш қойылды. «Рухани жаңғыру», соның ішінде «Туған жер» және «Сакралды география» бағдарламалары аясында ашылған тақтаның салмағы жарты тонна. Онда «Қазақ елінің тәуелсіздігі мен еркіндігі үшін жоңғар басқыншыларымен шайқаста жеңіске жеткен айбынды қазақ сарбаздарына ұрпақтары атынан!» деген жазу жазылған. Әрине, бұл жеңістің шежіресі тарихта алтын әріппен жазылып ,ақық туы туу биікте желбіреп тұруы тиіс.
Мен осындай ержүрек ұлы бабалардың ұрпағы болғандығымды мақтан етемін! Қадір тұтамын ! Мен өз сөзімді жүрекжарды жыр жолдарыммен аяқтаймын:
Куә боп айнала көк пен жер,
Батырлар аямай төккен тер.
Киелі іздері сақталған,
Қыраттар,төбелер көк белдер.
Жерімде таңба боп қалған сыр,
Келеді талайдан жалғап жыр.
Қастерлі қазақтың елінің,
Оры да тарих боп сайрап тұр.
Өткенді кетсек біз бір шолып,
Жүретін алашты көп торып.
Қонтайшы шауыпты қазаққа,
Көзінде ежелгі кек толып.
Бастаған қаһарлы қауымын,
Қарулы қолымен жауының.
Соғысты қазағым меже ғып,
Арасын Қосқолаң тауының.
Алашым ұйысқан топтала,
Ақыл мен айлаға тоқтала.
Батұрдың әскерін жеңбекке,
Хан Жәңгір қаздырды оқ пана.
Қазақтың қазылған орынан,
Жоңғардың әскері тосылған .
Қаптаған қалың жау қырылды,
Алты жүз мергеннің оғынан.
Сан батыр көрсетіп өрлікті,
Сақтады абырой, елдікті.
Қазақтың мақтаны Елтінді,
Паш етті баршаға ерлікті.
Батырлар қажымас қайратты,
Абдыртып жау қолын жайратты.
Атой сап Қиядан Жәңгір хан,
Көрсетті қалмаққа айбатты!
Есімі ерекше аталар,
Батырлар,даңқты даналар.
Бірліктің ақ туын көтерген,
Қарасай, Ағынтай бабалар.
Қуатын дұшпанын дүрелеп
Сарбұқа,Жақсығұл,Жиембет.
Арынды екпінін көргенде,
Сабылды келген жау иендеп.
Түсетін тарихтан көзге ерек,
Елтінді, Қомпай мен Көксерек.
Ор қазып Қызылқия өрінен,
Қамданған қазақтар ертерек.
Соғыста сын сағат сұрапыл,
Алшыннан Жалаңтөс Баһадүр.
Танытқан көмегін жанашыр,
Есімі еңселі дара тұр.
Көрсетіп ұрпаққа өнеге,
Әкелген халыққа береке.
Хан Жәңгір асар сап ту тіккен
Ел жиып Жалаулы төбеге.
Сақталған сан жылдар іздері,
Киелі Орбұлақ біздегі.
Ғасырдан ғасырға жалғасып,
Үзілмей тарихы келеді.
Осынау Орбұлақ өрінде,
Ежелгі Белжайлау белінде.
Тарихы тас болып қашалған,
Ескерткіш орнады төрінде.
Жеткізер халықты шын баққа,
Бұл үлкен қуаныш ұрпаққа.
Жас достар, жеріңді шын сүйсең
Тарихтың теңізін құрғатпа.
Есімі ардақты ерімнің,
Әр тасы киелі жерімнің.
Орбұлақ- мәңгілік ұлықтар,
Өшпейтін мұрасы елімнің!
Жетекшісі : Қозыбақова Ф.А.
әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті тарих және археология,этнология факультетінің Қазақстан тарихы кафедрасының профессоры
Дайындаған : Асқар Алуа
әл -Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті Филология және әлім тілдері факультетінің 1 -курс студенті.
Пайдаланылған әдебиеттер:
1.«Орбұлақ шайқасы» («Жалын баспасы» ЖШС,2003жыл) 91-100,134-144,175-192 беттер.
2. «Егемен Қазақстан»,6-8 шілде 1993 жыл.