Оқушыларға
Қытайлықтар Жаңа Жылды қалай қарсы алады?
Қытай Жаңа жылы «көктем мерекесі» деп аталады. Бұл атау Еуропа халқының Жаңа жыл мерекесінен бөліну үшін берілген. Тұрмыста бұл мерекені «Нянь» деп атайды. «Нянь» қытай тілінен аударғанда «жыл» деген мағынаны береді.
1 қаңтар мерекесі енгізілместен бұрын әлемнің көптеген халықтары Жаңа жылды көктемде қарсы алатын. Себебі, бұл мезгілде қыс кетіп, көктем келгенде табиғат жаңарады.
Бағзыдан Қытай елінде Жаңа жыл мерекесі ең ұзақ әрі басты мереке болып есептеледі. Қытай Жаңа жылын тек Қытай мемлекетінің аумағында ғана емес, сондай-ақ, Гонконг, Макао, Тайвань, Рождество Аралы, Бруней, Индонезия және т.б. өңірлерде тойланады. Мерекені атап өту екі аптаға дейін созылады, кейін Шам мерекесімен аяқталады.
Қытай Жаңа жылы - ең әуелі отбасылық мереке. Тіпті, жалғыз тұратын жан бұл мереке күні ата-анасы мен бауырларының арасында болуы керек. Сол себептен де алдын-ала көпшілік қауым жолға дайындалып, мереке қарсаңында әуе және темір жол кассаларының алдында билетке үлкен кезек болады.
Мерекелік дастархан молынан жайылып, берекелі болуы керек. Дастарханға міндетті түрде соя ірімшігін, тауық пен балық еттерінен жасалған тамақтарды қою керек, себебі бұл азық-түліктің атауы «молшылық» пен «бақыт» сөздеріне ұқсайды.
Ескі дәстүр бойынша Қытай елінің солтүстік аймағында дастарханға тұшпара қойылады. «Цзяоцзы» тұшпара атауы «ескі жылмен қоштасып, жаңа жылды қарсы алу» деген сөздермен ұйқасады. Тұшпара пішінін алтын және күміс кесегіне ұқсатып жасайды, бұл - байлық пен молшылықтың белгісі.
Ал оңтүстік аймақтарда дастарханға жабысқақ күріштен жасалынған няньгао тағамын қояды. Бұл тағам жақсылықтың нышаны болып есептелінеді.
Қытай Жаңа жылы мерекесінде түні бойы көз ілмеу дәстүрі бар. Бұл салт «жылды күзету» деп аталады. Есік босағасына ақ тілектер жазылған қызыл қағаз жабыстырады. Сондай-ақ, есікке «бақыт» иероглифін кері жабыстырып, іліп қояды. Себебі, қытайша «бақыт келді» мен «бақыт аударылды» сөздері өзара ұйқасады.
Жаңа жылдың алғашқы күні аспанға отшашулар ату керек. Наным бойынша, отшашулар жын-перілерді қашырып, шаңыраққа бақыт пен тыныштық шақырады. Қытай халқының ойынша, бұл күні олар аруақтар әлеміне барып, өткен жылдың қорытындысын жасайды. Содан кейін өткен ата-бабаларына құрмет көрсетеді.
Жаңа жылдың алғашқы бес күнінде туған-туыс, дос-жаран, көрші-қолаң, тамыр-таныстармен кездесіп, мерекемен құттықтау қажет, алайда, олар бір-біріне сый жасамайды. Тек кішкентай балаларға я-суй цянь сыйлайды. Я-суй цянь арнайы қызыл конвертке салынатын майда ақша. Көне салт бойынша, Жаңа жылдың алғашқы он бес күнінде үйге келген кез-келген кішкентай балаға ақша берілуі тиіс.
Қытай Жаңа жылы – думанды мереке. Бірнеше күн қатарынан қала көшелерінде жәрмеңкелер өткізіліп, ән-биге толы думанды қойылымдар көрсетіледі. Жаңа жылдың он бесінші күнінде Шам мерекесі тойланады. Қала көшелерінде түрлі-түсті шамдар жағылады. Фольклорлық қойылымдар көрсетіліп, көпшілікке күріш ұнынан пісірілген тәтті тоқаш юаньсяо (танюань) дәстүрлі тағамы ұсынылады.
әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университетінің 3-курс студенті Шакен Перизат Жомартқызы. Жетекшісі: Шәріпқазы Нұртәліп