22 Желтоқсан, Жексенбі

Оқушыларға

Карантинде ойыма түйгенім...






Қолыңдағы барыңа қанағат қылмай, өзгенің несібесіне ұмтыламын деп барыңнан айрылып қалып жатқандардың қатарынан өзіңді көргің келеді ме!? Алла маңдайыңа жазған ризығыңнан артық, я кем аламын деп жаның шығып, көңілің алабұртпасын. Бәрі де өз орнымен. Бәрі де өз уақытымен… Кейде сен оны алуға лайықты болсаңда ол ризықтан айырылып жатқан кездер болады. Бұл дегеніміз – сынақ. Ал, сынақ арқылы біз шыңдала түсіп, қателіктеріміз болса ойлана түсуге мүмкіндік аламыз. Санаулы ғана ғұмырыңды дүниенің артынан еремін деп сарп етіп алудан сақтан. Себебі, өмір біз ойлағаннан да қысқа. Бұл менің карантинде түйген ойым…

Шынында да, Алла әркімді әрқалай сынап жатады. Біреуді дүниемен болса, екіншісін жақын жандардың бірімен, енді біреуін денсаулықпен. Кімді қалай сынағаны маңызды емес, бастысы сенің ол сынақтан мүдірмей өтуің. Кейде адамдар бір-бірімен ренжісіп жатады. Қарап тұрсақ мұның барлығы орынсыз екенін жақсы білеміз. Бірақ сондада қайталаудан жалықпаймыз. Өмір бәрімізге де тек бір ғана мүмкіндік береді. Ол қай кез, қай заман болсын барлығымызға да қымбат. Сондықтан өткенімізді өкпемен емес, әр күнімізді тәубемнен өткізгеніміз жөн болар. Бірде ыстық, бірде суық. Бірде бақыттан басың айналып жатса, бірде қайғыдан жаныңды қоярға жер таппайсың. Қайсысы қай уақытта келері белгісіз, сонымен өмір қызықты да шығар. Алайда белгілісі — «Бәрі өткінші». Қазіргі кейбір адамдардың қателігі ол – қазіргі сәтпен өмір сүріп, оны сезіне білмеуінде... Тек болашағын ойлап жанталасып, жоспарының барлығын ертеңге ысырып қояды. Жарқын болашақ қайдан болсын, егер сен дәл қазіргі сәтпен өмір сүріп, әр сәтіңді тек жақсы жаңалық , естен кетпес естеліктермен толтыра білмесең!? Өмір атты ұзақ сапарда барлығымыз да жолаушымыз, жай ғана қонақпыз. Бір нәрсе жасаудан, дегеніңізді орындай білуден жасқанбаңыз! Армандаңыз! Ғашық болыңыз! Алдағы өміріңізге мақсат қойыңыз! Жақындарыңызды бар кезінде бағалаңыз! Өзіңізге сеніңіз! Ең бастысы өз қалауыңызды жасаудан қорқушы болмаңыз! Аз ғана ғұмырымызда көп игі іс жасауға талпынып, айналамызға таң нұрын шашып, жүрегімізді жылулыққа толтырып, өз жарық сәулемізді басқаға да дарытып өмір сүруге тырысуымыз қажет. Сол себепті әлемді өзгертуді ең алдымен өзімізден бастайық!!!