Оқушыларға
Мұқағали Мақатаевтың туғанына 90 жыл!
Қазақтың біртуар ұлдарының бірі Мұқағали Мақатаев осыдан 90 жыл бұрын, қақаған қыста, ақпан айының 9-шы жұлдызында Алматы облысы, Нарынқол ауданы, Қарасаз ауылында дүниеге келген. Азан шақырып қойған есімі Мұхаметқали. Дегенменде пайғамбардың аты аталатын бұл есімді жеңгелері атауға жүрексініп, Мұқағали деп атап кеткен екен. Кейіннен ақынның өзі де бұл есімнің қадір-қасиетін түсініп, алып жүре алам ба деп төлқұжатына Мұқағали деп жазғызып алған еді.
Мұқағалидың балалық шағы 30-жылдардың ашаршылығы мен 41-ші жылдың нәубетіне сәйкес келеді. Әкесі Сүлеймен соғысқа аттанып, сол кеткеннен оралмайды. Әкесі қарапайым шаруа адамы болған. Ол жастайынан әдеби шығармаларға ерекше қызығушылық танытып, 14-15 жасынан бастап өлең жаза бастаған. Ол қазақ классиктерінен бөлек Гете, Гейне, Блок, Пушкин, Есенин, Шекспир секілді тұлғалардың да шығармашылығын сүйіп оқыған.
Ақын ауылдық кеңес хатшысы, туған ауылында орыс тілі пәнінің мұғалімі, аудандық газет тілшісі қызметін атқарады. Өлеңдері республикалық баспасөз беттерінде 1950 жылдан бастап жарық көре бастайды. Кейін өзінің шығармашылық қарым-қабілетіне үлкен сенім артып, 1962 жылы Алматы қаласына қоныс аударады. Алып шаһарға келген соң Қазақ радиосында диктор, Социалистік Қазақстан газетінде тілші, Жұлдыз, Мәдениет және тұрмыс журналында мәдени қызметкер болып жұмыс істейді. Сондай-ақ, жазушылар одағының поэзия бөлімінде кеңесші қызметін атқарады. Алматыда қаржылай қиындықтарға тап болғанына қарамастан, осылайша ақын әрдайым қара өлеңге деген махаббат отын тұтатып отырды.Алматы Шет тілдері институтының неміс тілі, Қазақ мемлекеттік университетінің филология факультеттерінде оқып және Мәскеудегі М. Горький атындағы әлем әдебиеті институтында білім алады.
Оның өлеңдерінің көпшілігі өзінің өмірінен алынған десек артық айтқандық емес. Тіпті өмірінің соңғы жылдары ол ауруханада жатқан кезде Дәрігеріме, Жоқ дәрігер атты өлеңдерін шығарған. Ал ақынның хал-жағдайының күн сайын нашарлағанын байқаған жары Лашын еріксіз күрсініп қалған кезде Күрсінбеші өлеңін шығарған болатын. 1976 жылы ақын цирроз ауруынан қайтыс болады. Ақынның өзі өлгенімен артында өшпес мұрасы - өлеңдері мен поэмалары қалды.