22 Желтоқсан, Жексенбі

Оқушыларға

Берік отбасы – есірткіден алыс!






Қызылорда ОПД ЕҚҚІҚБ тарапынан жарияланған сайысына

Сарсенбаевтар отбасынан

Отбасы - әр бір адам үшін құнды, қасиеті орын. Берік отбасы дегенде ойымызға жігерлі әке мен өнегелі ана, тәрбиелі балалар түседі. Әр отбасы бақытты, берік болуға тиіс. Қазақта «Отан отбасынан басталады» деген аталы сөз бар. Яғни Отанымыздың мерейлі, берік болуы үшін отбасымыз бірлік пен ынтымақтың, ізгілік пен жылудың, махаббат пен тазалықтың мекені де айналуы тиіс. Тіпті қазақ халқы ұғымында «қара шаңырақ» сөзі де бекер айтылмаса керек. Қара шаңырақ – бір әулеттің тараған түп тамыры. Оны сыйлау – Отанын сыйлаудың алғашқы баспалдағы іспеттес.

Бүгінгі қоғам қарбалас өмірдің жетегінде жүріп, отбасы құндылықтарына аса көңіл бөлмейтін жағдайлар кездесіп жатады. Отбасында ата-ана қарым-қатынасының дұрыс болмауынан, бала тәрбиесіне көп назар аудармауынан «сүттей ұйып отырған» отбасының шырқы бір мезетте–ақ бұзылады.

Әрине ешбір ата-ана өзінің отбасының шырқы бұзылғанын қаламайды. Ата-ана балам үшін деп күндіз-түні еңбектеніп, арқа еті арша, борбай еті борша боп, табан ет, маңдай терімен еңбек етеді. Қатарынан қалмасын деп, ең жұмсағы мен тәттісін жесін деп бетінен қақпай өсіреді. Таңертеңнен қара кешке дейін баласының тәрбиесіне уақыт бөле алмаған ата-ана балаларын уысынан шығарып алады. Жастайынан «Әй дейтін әже, қой дейтін қожа жоқтығына» әбден масаттанып, өзін еркіндікте сезініп келген бала жасөспірім шағында түрлі нәрселерге ұрынып жатады. Осылайша, берік отбасы ойраны шығып жатады. Ең өкініштісі – жасөспірім балалардың есірктіге әуестігі пайда болып, теріс жолға түседі.

Есірткі қолдану немесе сату, секілді нәрселерге жолауға болмайды. Қазіргі таңда, теледидардан еститін жаңалықтарда есірткі қылмысымен құрықталған қылмыскерлер туралы ақпараттар көп айтылып жатады. Нашақор адам өздігінен жұмыс істеп, адал жолмен ақша таппайды. Қаражатты ұрлықпен немесе зорлық-зомбылықпен табады. Міне осыдан қылмыстық әрекеттер орын алады.

Жалпы айтқанда, есірткіге үйрену өте тез және оңай, оны пайдаланған сайын әуестігің арта береді. Нашақор - есірткісіз өмір сүре алмайтын жағдайға жетеді. Бір шырмалаған жанның онан құтылуы оңайға соқпайды. Өміріңді мәнді де сәнді ету үшін ең алдымен өзіңе — өзің берік болу керек. Адам денсаулығына зиянын тигізетін жат әдеттерден аулақ болғаны жөн. Темекі тарту, спирттік ішімдіктерге әуестік - есірткілік заттарға салынуға итермелейді.

Біздің отбасымызда зиянды нәрселерге жоламау керектігі үнемі айтылып отырады. Тіпті адам денсаулығына зиянды тағамдардан да бас тартамыз. Жолдасым да, өзім де зиянды нәрселерге жоламаймыз. Балаларымызға да үнемі зиянды заттарға жоламау керектігін айтып, түсіндіріп отырамыз. Біз бақытты, дені сау, берік отбасын қолдаймыз. Әрбір отбасы салауатты өмір салтын ұстана білу керек. Спорт - өмірге сенімді көзбен қарауға үйретеді. Барлық адам спортпен айналысып, жаман әдеттерден арылса, онда бұл өмірдегі ең жақсы ізгі істердің бірі болар еді.