22 Желтоқсан, Жексенбі

Оқушыларға

Қазақ отбасындағы қыз баланың тәрбиесі






Отбасы қоғамның бір бөлшегі, ал отбасының алтын қазығы-әйел адам.Ұлтымыздың адаспай, ұлт болып қалуы, қоғамның алға қарай жылжуы, өркендеп-өсуі соңында келіп әйелге, болашақта ана болар қыздардың қалай тәрбиеленетініне байланысты болмақ.Қазағымызда ежелден келе жатқан нақыл сөз бар «Қыз өссе-елдің көркі, гүл өссе-жердің көркі» деген.Біздің қазақ халқымызда «Қыз» деген сөз сұлулықтың, әдептіліктің, инабаттылықтың символы ретінде қолданылады.Сондықтан да бұл мақаламдағы жалпы берілетін тәрбиенің ішінен қыз бала тәрбиесіне байланысты тұстарын бөліп алғандағы мақсатым:адамгершілігі мол, әдепті, инабатты, сыпайы қыздарымызды тәрбиелеп шығару.

«Қызым үйде-қылығы түзде» демекші, қыз баланың жүріс-тұрысы, киім киісі, сөйлеу сөзі үйдегі тәрбиенің негізгі бір бөлшегі болып саналады.Жасыратыны жоқ қазіргі қоғамда кейбір ата-аналардың баласымен сырласып, көңіл-көтеріп, бірге уақыт өткізуге уақыты жоқ.Мүмкін, осыдан шығар қазіргі жасөспірімдер әке-шешесінен суып, оларға деген сыйластықтан алыстай бастағаны.Үйде әкеден, ағадан мейірім жылулық көрмеген қыз, өзіне деген назардың аз екенін байқап, сырттан іздеп жатады.Ал бұның соңы қаракөз қыздарымызды неге әкеледі?..Аяғын шалыс басып, сол қателіктің салдарынан өмір жолын түзей алмай сорлап жүрген нәзік жанды қыздарымыз қаншама?..Иә, бұл қазіргі қоғамда бір өзекті тақырыпқа айналғаны сөзсіз рас.

Міне, қазіргі қоғамдағы кейбір қазақ қыздарының арақ ішіп, шылым шегіп, түнгі клубтардың есігін баққанын көргенде жаным түршігіп, жүрегім ауырады.Осындай жеңіл-желпі мінездің салдарынан жүкті болып, жасанды түсік жасатып, келешекте аналық құқығынан айырылып жатады.Осылардың бәрі де өзіміздің қаракөз қыздарымыз, елдің ертеңгі болашақ аналары емес пе?Неге ойланбасқа?Олардың ертеңгі болашағы, тағдыры не болады?Бұлардан кейін дүниеге келетін өнегелі ұрпақ күтуге бола ма?Қыз баласын деген кішкентайынан төрге шығарып отырған қазақ оның болашақтағы Ел анасы боларына кәміл сенген.Бүгінгі қазақ бойжеткендері ертеңгі еріне адал жар, балаларының анасы.Қазақ қызының бойында имани тәрбие болғанын болғанын қалаймын.Қазіргі уақытта қыздарымыз өнегелі тәрбие алса, ертең ұрпақ тәрбиелейтін қазақтың дана аналарына айналары сөзсіз.

Тарихқа да біраз көз жүгіртсек, Айша бибі, Айман, Назым, Домалақ ана сияқты қыздарымыз нағыз қазақ әйелдерінің үлгісі бола алды.Өз мақаламда бұлай бір қыз тәрбиесін сынға алуымның себебі:қыз баланы тәрбиелей отырып, отбасындағы одан кейінгі ұлдарға үлге етеміз, яғни бұл жерде ұлт тәрбиелеу-бұл қазақтың ежелден келе жатқан философиялық даналығы деп білемін.Белгілі ақын Ақұштап Бақтыгереева «Өмірде қыз болу бар да, нағыз қазақ қызы болу мүлдем бөлек» деген пікір айтқан.Сол тәрізді ата-дәстүр, салт-сананы берік ұстанып өскен қазақ қызы қай ортада болсын, өзінің ерекше болмысымен көзге түсетіні анық емес пе?..Қазақ қызының бойындағы асыл қасиеттерімен бірге сыр-сымбаты да өзге ұлттардан дараланып тұруы тиіс.

Дана халқымыз қызды отбасының сенімді серігі, қара қазанның иесі, үйдің ұйытқысы ретінде тағылымды тәрбие берді.Қазақ қыздарының менталитетіне қарапайымдылық, сыпайылық, инабаттылық, үлкенді сыйлау, кішіге ізет көрсету, ақылдылық, имандылық сияқты қасиеттер кіреді.

Елбасымыздың мына бір бізга айтылған ой түйетін сөзі бар:Әйел-бесік иесі.Демек, әйелдің жайы түзелмей, бесігіміз түзелмейді, бесігіміз түзелмей-еліміз толық түзелмейді-дегені қыз тәрбиесінің маңыздылығын әрдайым еске салып, ұлт тәрбиесінде иманды да ұлағатты, ізетті де, инабатты ибалы қыз тәрбиелеудің аса маңызды екенін еске салып тұрғандай.

Қ.Спатаев атындағы №7 мектеп-лицейінің 11 сынып білім алушысы

Қасимбек Жанель