22 Желтоқсан, Жексенбі

Оқушыларға

Менің сүйікті мамандығым






Менің сүйікті мамандығым және инновациялық әдіс-тәсілдерім

Менің мамандығым - мұғалім. Менің ойымша, бұл жай мамандық емес – бұл әрбір адам баласын дұрыс бағытқа сілтейтін ең ғажап мамандық. Мен балалық шағымнан мұғалім болуды армандадым. Тіпті менің балалық ойындарымның барлығы дәл осы мамандықпен байланысты болды.

Менің мұғалім болуыма себепкер әрине дәл осы мамандық иелері еді. Дәлірек айтсақ, мектеп табалдырығын аттаған сәттен бастап біз үшін

еңбек еткен ұлағатты ұстаздар қауымы болатын. Олар маған жаңа әлем есігін ашқандай әсер етті. Сол үшін де ұстаздар мен үшін өмірімдегі ең маңызды тұлғалардың бірі болды. Уақыт өте келе ересек шаққа аяқ басқанда бұл мамандықтың нағыз адамының бірі «мен» екенін түсіндім.
Мен үшін мұғалім болу нені білдіреді? Бұл мамандық оқушыларға бір нәрсені үйретудің мүмкіндігі ғана емес, сонымен бірге олармен

күнделікті қарым-қатынас жасай отырып, үйрете жүріп, үйренуге жол ашатын мамандық. Оқушылар сана деңгейінде өзгереді әрі өседі, ал мен олармен бірге білім әлемінде өрісімді кеңейтемін. Мен шындығында бүкіл әлемге оқушылардың сөздерімен, ойларымен бір табан жақындап, сонымен қатар олардың көзімен қарап қуаныш сезіміне бөленемін.

Ия, мен үшін «мұғалім» мамандық емес, әлеуметтік лауазым да емес, тіпті жұмыс емес ... Мен үшін мұғалім болу мұғалім болып өмір сүруді білдіреді. Қазіргі таңда мен биалогия пәнінің мұғалімімін. Мен өз пәнімді жақсы көремін, мен үшін сабаққа дайындалу қызықты, оқушыларға биология сияқты керемет ғылым туралы айту одан да қызықты. Өсімдіктер мен жануарлардың алуан түрлілігі, экологиялық проблемалар, адамның құрылымы, генетика - бұл қызық емес пе? Бүгінде биологиялық ғылымның алдында үлкен міндеттер тұр: сан адамның өмірін жалмаған вирустар мен ауруларды жеңу, тиімді вакциналар жасау, адамзатты дұрыс азық-түлікпен қамтамасыз ету, ерте қартаюды жеңу және ұзақ өмір сүруге шешуші қадам жасау. Адам геномын декодтау генетикалық ақауларды түзетуге және тұқым қуалайтын аурулармен ауыратын адамдарды емдеуге мүмкіндік беретініне сенімдімін. Бірақ, менің ойымша, ауаның тазалығын, судың мөлдірлігін, орманның жойылуын, топырақты эрозиядан аман болуын сақтау ең басты орында. Мұны менің оқушыларым да түсінгенін қалаймын. Бұл жағдайлардың барлығын бүгінгі және келешек оқушыларым жазбай түсініп, келешегіне азық етсе деймін. Биологиялық білім - адамзат мәдениетінің құрамдас бөлігі, әлемнің ғылыми бейнесін қалыптастырудың негізі деп білемін. Әрине, менің оқушыларымның барлығы биология ғылымына қатысты маман бола алмайды, бірақ экологиялық проблемаларды шешуге әрбір өскелең ұрпақ қатысуы керек, әрі өзінің және басқалардың денсаулығына немқұрайлы қарамау қажет.

Мұғалім болу оңай емес. Бір жағынан, бұл үлкен жауапкершілік, екінші жағынан, өз бойыңдағы «шығармашылық әлеуеттің теңізі» іспеттес. Мұғалім – ең мықты жасаушы. Мұғалімге басты қазынаның есігі ашық – ол жылылықты, жылы сөзді, жаңа білімді күтетін әрі әрқашан жауап беруге дайын жас жүрек иелерімен жұмыс жасау.

Бүгінгі таңда мұғалім өте креативті, мейірімді, ұқыпты, балаларға мұқият және өз кәсібіне құзыретті болуы керек деп санаймын. Біз өте жақсы психолог болуымыз керек, өйткені қазіргі кезде балалар ересектерден ерекше назар аударуды талап етеді. Меніңше, мұғалімдік мамандық тек шығармашылық адамдарға арналған сияқты. Күннен-күнге қуаныш пен қиын жағдайларды көріп, естіп, бір баланың емес, мыңдаған баланың өміріне қатыса беру кез-келгеннің қолынан келе бермейді. Үлкен сезімталдық, шыдамдылық, мамандыққа деген адалдық, ерік-жігер мен мінездің беріктігі мұғалімдерге өз алдында тұрған қиын міндеттерін шабытпен атқаруына ең үлкен қозғаушы күш.
Балалық шақ - өмірдегі ең таңқаларлық және қызықты кезең. Ал мұғалім осы бір кереметтердің куәгері болуға мүмкіндік алған бақытты жан. Әр оқушының ақыл-ойына және жүрегіне салу керек нәрсенің бірден өсіп шықпайтыны және бәрі бірдей ойдағыдай нәтиже көрсетуі маңызды емес. Біздің ең басты міндет бұл өскіндерді уақытында көруіміз, қасынан жай ғана өтіп кетпеуіміз, кездейсоқ сындырып алмауымыз, сонда ғана біз өз жұмысымыздан терең қанағаттануды сезінеміз. Менің міндетім - балаға өзін ашуға көмектесу.
Менің белгілі бір кәсіби жетістіктерім бар. Бірақ мен мұнымен тоқтап қалмаймын, мен өзіме білім беру процесін жақсартуға жаңа мақсаттар қоямын.

Бүгінгі таңда мен мұғалімнің тек қана білімді алып жүруші ғана емес, сонымен қатар оқушының өзіндік шығармашылық жұмысының жетекшісі және бағыт берушісі бола алатынын жақсы білемін. Осыған орай сабақ беру барысында қазіргі күннің, яғни инновациялық әдістерді оқытудың интерактивті оқыту моделін қолданамын. Инновациялық әдістердің ең негізгісінің бірі - «интерактивті оқыту әдісі». Негізгі қағидасы-педагогикалық қарым-қатынас пен қарым-қатынас диалогы арқылы жеке тұлғаны қалыптастырып дамыту. Интерактивті әдістерге мыналаркіреді: проблемалық шығарма әдістері; презентациялар пікірталастар; топпен жұмыс; миға шабуыл әдісі; сын тұрғысынан ойлау әдісі; викториналар; зерттеулер;іскерлік ойындар; рөлдік ойындар; инсерт әдісі т.б

Биология сабағын қызықты әрі уақытымды үнемді пайдалану үшін бір сабақтың өзінде түрлі әдістерді өткіземін, мысалы; уақыт шеңбері,кемпірқосақ топтары,қар кесегі, жұптық әңгіме ,ыстық орындық,үш қадамдық сұхбат,стикердегі диалог,стоп-кадр т.б
Білім берудегі интерактивті технология (интерактив сөзі-inter (бірлесу) act (әрекет)) сабақ барысында оқушылардың сабаққа қатысуын ұйымдастыратын оқыту барысы. Интерактивті тақта мүмкіндігін пайдалана отырып, өткізген сабақтарым оқу процесінде уақытымды үнемдей отырып, оқушыларға көптеген ақпараттарды беруге көмектеседі. Интерактивті тақтаның керемет мүмкіндіктері оқушыларды таңғалдырады, шабыттандырады, қызықтырады. Оқушылар ойнап отырмыз деп ойлайды, шындығында олар қызығып, таңғалып, шабыттанып отырып білім алады деп ойлаймыз.

Сонымен қазіргі мұғалім дегеніміз кім? Ол мектеп өміріне қандай жаңалық енгізуге мәжбүр? Жауап қарапайым деп ойлаймын. Егер мұғалім өз кәсібін жақсы көретін болса, балаларды жақсы көретін болса, ұрпағымыздың бақытты болашағы үшін алған білімін бере алатын болса, егер оның шығармашылығына ұжымы қолайлы болса, онда ол үшін барлық жаңалық - білім сатысының тағы бір сатысы. Ол бұл қадамды оқушыларымен бірге еңсереді.

Өткен жылдардан кейін бүгін мені мектепке әкелген тағдырыма ризамын деп нық сеніммен айта аламын. Мен балалардағы ең жақсы сезімдерді оята алған сәттерім үшін, баланың ең кішкентай жетістігі менің жетістігім болған сәттер үшін, оның қуанышы - менің қуанышым болған кездер үшін ризамын. Балалар бидай дәні іспетті. Олар туралы қазір ойлану керек. Бидай алқабын ұннан өсіруге болмайды ...
Барлығын ойлана отырып, мен бақытты адаммын деген қорытындыға келдім: менің керемет отбасым және сүйікті мамандығым бар .... Ал ертең мен тағы мектепке барамын ...

Жанар Махмутқызы Әмірбек