22 Желтоқсан, Жексенбі

Оқушыларға

Абай және XXI ғасырдағы Қазақстан








Абай Құнанбаев ұлы ғұлама,ойшыл,ағартушы,аудармашы және қазақ халқының бас ақыны.Міне, биыл ақынның туғанына 175 жыл толып отыр. Қазақстан Республикасының президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 9 қаңтар 2020 жылы «Абай және XXI ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласында Абай тұлғасын ұлықтау мақсатында білім беру саласына бірнеше міндеттер жүктеген болатын.

Сонымен қатар Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев «Болашаққа бағдар:рухани жаңғыру» атты мақаласында қоғамды қайта жаңғыртудың маңыздылығын айтты.

Елбасымыздың: «Заманалар ауысып,дүние дидары өзгерсе де,халқымыздың Абайға көңілі айнымайды,қайта уақыт өткен сайын оның ұлылығының тың қырларын ашып,жаңа сырларына қаныға түседі.Абай өзінің туған халқымен мәңгібақи бірге жасайды,ғасырлар бойы қазақ елін ,қазағын биіктерге,асқар асуларға шақыра береді»,-деген сөздерінен-ақ оның ақын мұрасының мәңгілік екендігін аңғартып тұр.

Абай атамыз қазақ халқының оқу білімге деген құштарлығын барынша нығайтуға тырысты. «Ғылым таппай мақтанба» деген сөздерінен адам білімді игермейінше, биік белестерді бағындыра алмайтынын жеткізіп тұр.

Сонымен қатар,Абай атамыз өзінің шығармаларында басты тақырып ретінде тіл мәселесін алады. «Өзге тілдің бәрін біл,өз тіліңді құрметте»дегендей ана тілімізді асқақтатып,оның мәртебесін биік қою керекпіз.Қазіргі жастар неғұрлым көп тілді меңгерсе, соғұрлым олардың көзқарасы кеңейе түседі.Бірақ та өз ана тілімізді ұмытпағанымыз жөн.Қазіргі таңда да тіл ол үлкен мәселе. Өйткені көп жастарымыз өз ана тілінде сөйлемейді.Басқа елдерге еліктеп, қазақ тілінде сөйлеуді мүлде қойды.Өз ойларын айтқан кезде де, орыс тілінде жеткізгенді жөн көреді. Менің ойымша,бұл дұрыс емес. Өз ана тілімізде,дара тілімізде сөйлеуіміз қажет. Болашақ жастар қолында. Абай атамыз да өз өлеңдерінде осы мәселеге аса зор көңіл бөлген болатын.

Негізінен Абай өлеңдеріндегі «Еңбек етсең ерінбей, Тояды қарның тіленбей», «Тамағы тоқтық, Жұмысы жоқтық, Аздырар адам баласын» сияқты өлең жолдары бәрімізге таныс. Яғни , Абай атамыз бізді еңбекке шақыруда. Егер де адам ерінбей еңбек етіп,барлығына өз адал терімен жетсе,ізденсе және де алға ұмтылса онда ол бай адам есепті. XXI ғасырда, көп жастарымыз еңбектің оңай жолын іздейді. Арзан атақ үшін бәріне баруға дайын. Бұрынғы кездегідей ауыр жұмысты істегісі келмейді. Менің ойымша,маңдай термен еңбектің жемісі сінімді болады.

Қорытындылай келе, Елбасымыздың сөзімен аяқтағым келеді: «Абай біздің ұлттық ұранымыз болуы керек,Абайды тану арқылы біз Қазақстанды әлемге танытамыз».Мен Елбасы сөзімен келісемін.Расымен де Абай атамыздың болашақ ұрпаққа айтқан өсиет қара сөздері,өлеңдері еш құндылығын жоймайды. Егер де соны әрбір қазақ өз жадында сақтап жүрсе,онда болашағымыз зор болады. Абай атамыздың өз өлеңдерінде айтқан мәселелері қазіргі XXI ғасырда да өзекті болып жатыр. Сол себепті де, мен «ел болам десең, Абайдан баста» дер едім.

Тлеккабулова Аида Акылбековна Абылай хан атындағы қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері университетінің журналистика мамандығы бойынша 1 курс студенті