22 Желтоқсан, Жексенбі

Оқушыларға

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да «Ер Едігенің Алтын Орда тарихындағы орны» атты онлайн форматта республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті






2020 жылы 3 желтоқсанда Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті және «TILEU-QABAQ» қоғамдық қоры бірлесе отырып Қазақстан тарихы кафедрасының ұйымдастыруымен Алтын Орданың құрылуына 750 жыл толуына орай «Ер Едігенің Алтын Орда тарихындағы орны» атты онлайн форматта республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция өткізді.

Конференция ашылуында Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-ның бірінші проректоры, ҚР ҰҒА академигі М.М. Бүркітбаев сөз басын алып, айтулы іс шараға жылы лебізін білдірді. Әрі қарай мәжіліс Қазақстанның түпкір-түкпірінен келген тарихшы ғалымдар мен философтардың қызу талқылауына түсті. Солардың бірі С. Бәйішев атындағы Ақтөбе университетінің профессоры Асан Жұманазар мырза Едіге бидің тарихи бейнесі туралы мәселерді қозғай отыра, тұлғаның жерленген жері туралы тың мәліметтер беріп өтті. Сонымен қатар т.ғ.д., профессор Талас Омарбековте Ер Едігенің тарихи рөлі мен Алтын Орда тарихына қосқан үлесін қарастырып, тақырыпқа қатысты қазіргі кездегі концептуалдық көзқарастар мен айтылмай жүрген ауқымды мағлұматтар қорымен бөлісті.

Ғылыми конференция жұмысы пәнаралық байланыс негізінде Алтын Ордадағы саяси қарым-қатынастар мен ондағы жекелеген тұлғалардың қызметін қазақ мемлекеттілігінің қалыптасу тарихына қосқан үлесі аспектісінде қарастыруға арналды. Және де Еуразия құрлығындағы саяси, мәдени және әлеуметтік тарихты зерттеуге байланысты жүргізілген археологиялық ізденістер мен жұмыстар негізінде жасалған тың тұжырымдар мен ғылыми жаңалықтар сарапталды.

Конференция соңында «TILEU-QABAQ» қоғамдық қорының төрағасы С.С. Жантөренов мырза қорытынды сөзін сөйлей отырып, университетке сондай – ақ конференцияны ұйымдастырушыларына алғыс хат тапсырып, Қазақстан тарихы кафедрасының меңгерушісі, ҚР ҰҒА академигі, тарих ғылымдарының докторы, профессор Б.Б. Кәрібаевті конференцияның жоғары деңгейде өтуіне байланысты Алғыс хат жариялай отырып, «Ер Едіге» медальімен марапаттады.

т.ғ.к., доцент Қозғамбаева Г.Б , Тарих, археология және этнология факультетінің 1 курс магистранты Әбдіназар А.Н