Оқушыларға
Шоқан - қазақ халқынан шыққан тұңғыш демократ
Ш.Ш.Уәлиханов — қазақ халқының революцияға дейінгі кезеңдегі ұлы тұлғалардың бірі, ол ағартушы-демократ, филолог, этнограф, саяхатшы болған. Оның қазақ халқы ғылымының дамуына қосқан үлесі өте зор. Профессор Н.И.Веселовский Шоқан жайлы былай деген: «Қазақ хандарының ұрпағы, сонымен қатар, орыс әскерінің офицері Шоқан Шыңғысұлы Уәлиханов шығыстану әлемінің үстінен құйрықты жұлдыздай жарқ ете қалды».
Шоқан Уәлихановтың әкесі - Шыңғыс Уәлиханов, отбасында ең үлкен султан-басқарушы, болашақта полковник шеніне ие болған, өз заманына сай білімді, елге сыйлы адам еді.
Шоқанның болашағына, рухани дамуына, өмірге деген көзқарасына үлкен ықпалын тигізген оның әжесі. Шоқанның әжесі Айғаным Сарғалдаққызы үш жүзге бірдей аты тараған, көркіне ақылы сай, білімді, парасатты әйел еді. Ә.Марғұланның «Айғаным Шоқан үшін халық даналығының сарқылмас бұлағы болған» деуі сондықтан. Яки, болашақ ғалымның сан-салалы ілім мен ғылымының, қайталанбас қайраткері болып қалыптасуына ықпал еткен бірден бір адам. Әжесі жас бала Шоқанға тәлім-тәрбиені, қазақ халқының ең жақсы дәстүрлерін, әдет-ғұрыптарын үйреткен. Ол әжесімен өткен жарқын естеліктерді өмір бойы жадында ұстап, онымен өткізген кездесулер жайлы біраз аңгімелерді жазба ретінде қалдырған.
Шоқанның алғашқы демократиялық көзқарасы өз жерінде пайда болған. Яғни, ол бала кезден халық арасындағы теңсідікті көріп, оған қоса султандар мен байлардың қарапайым халықты қанауын, зорлық-зомбылық көрсеткендерін көріп өскен. Ш.Ш.Уәлиханов көбіне қазақ халқының тарихи дамуына алаңдаған. Ол халқының экономикалық-саяси дамуын білім алудан көрген.
Ауылдан алған алғашқы білімінен кейін, Шоқан Сібірдегі кадет корпусіне оқуға түседі. Осы оқу орнының қабырғасында болашақ ғалым өзінің тұлға ретінде қалыптасуына септігін тигізген адамдармен танысты. Олардың қатарында ресейлік ең тәжірибелі ұстаздар: Н.Г.Чернышевский, В.П.Лабодовский, И.В. Ждан-Пушкин секілді білімді адамдармен әңгімелескен. Шоқанның корпусте география, тарих, әдебиет бағыттарында қабілеттілігі байқалды. Бірқатар замандастарының естеліктерінде атап өткендей, Шоқан көп және түсініп оқитын. Сол кездің өзінде қазақ ауыз әдебиетін қағаз бетіне жазып, қазақтың кең-байтақ жерлерін ақ парақ бетіне түсіріп, өзінің жеріне деген сағынышын басқандай еді. Ол бала кезінен-ақ халқына деген ерекше махаббатымен, мол құштарлығымен ерекшеленетін. Болашақ ғалым тұңғиық қиялға батып, өз елін, жерін зерттеп, терең танығысы келетін. Корпустағы мұғалімдер оған болашақ ғалым, зерттеуші ретінде қараған.
Шоқанның қоғамдық-саяси көзқарастарына ықпалын тигізген адамдардың бірі және бірегейлері - С.Ф. Дуров және Ф. М. Достаевский. Олармен таныстығы оның демократиялық көзқарасына тағы да бір табан жақындатқандай болды.
Ал ендігі кезекте Шоқанның демократ екенін дәлелдей кетсем деймін.
Біріншіден, Шоқанның демократ болғанын Батыс-Сібір губернаторы Г.Х.Гасфорттың адъютанты болған кезінде. Батыс-Сібір өлкесінің басқармасы Шоқанды ерекше тапсырма орындайтын офицер ретінде бағалайтын. Осы қызметте ол бюрократтық аппараттың мансапқор, парақор, арам чиновниктер мен дворяндарды көріп қана қоймай, Ресей үкіметінің отаршылдық саясатының әділетсіздігін байқайды. Шоқан бұл істерге қарсы батыл пікірлер айтып, өзінің наразылығын білдіреді. Ол осы қызметінен кетуді, туған халқына пайдасы тиетін жұмыстарды атқаруды армандайтыны туралы сол кездегі достары Ф.М.Достоевский мен К.К.Гутковскийге жазған хаттары дәлел .
Мен бұл жерден Шоқанның өзінің халқына жаны ашығанын, бұндай теңсіздікке шыдай алмағанын байқаймын, бірақ қанша пікір білдіргенімен бұл мәселе жауабын таппағаны өкінішті-ақ.
Сол сияқты екінші мәселені қарастырсам деймін.
Бұл кісі осыдан кейін Атбасар округының аға сұлтаны қызметіне арналған сайлауға қатысып, көп дауыс жинағанымен, өкінішке орай, Сібір өлкесінің басқармасы оны аға сұлтандыққа бекітпейді. Себебі Шоқан билеуші үкімет үшін, чиновниктер мен жемқорлар үшін өте қауіпті кедергі болды. Шоқан Ф.М.Достоевскийге: «Менің сұлтан да болғым келген еді, ондағы ойым халқыма қызмет етіп, оларды чиновниктер мен бай казактардың қатал қысымынан қорғау еді». — деп айтқан.
Менің ойымша, Шоқан қазақ халықының басына түскен қиыншылықты көріп, сол ауыртпашылықты жою үшін күрескен қоғам қайраткері. Халқына көмек беріп, халық жағдайын жақсартуды ойлаған кісі.
Өзінің өмірінде қазақ халқының жағдайын ойлаған Шоқанның қарастырған ең елеулі мәселесі «Сот реформасы». 1854 жылы 19 мамырда «Билер сотын сайлау арқылы жүргізу және Патша үкіметі арқылы бекіту» деген заңға қарсы шығып, бұл халықтың мүддесіне қарсы келетінін айтты.
Шоқан: «Билерге чиновниктік атақ беріп, олардың лауазымын көтеруді көздеген бұл заң. Билікті халықтың әдет-ғұрыптары мен құқығынан ешбір хабары жоқ баққұмар байларға береді.»,-дейді. Билер соты, әдетте, ауызша, халықтың ана тілінде, көпшіліктің көзінше өткен. Билерге ешқандай шек қойылмағаны, билердің өздерінің әділдігі мен дербестігінің арқасында үлкен беделге ие болғанын Шоқан дәлелдеп көрсеткен.
Біздің көзіміздің жеткені, Шоқанға ешқандай әскери шен, атақтың керек болмағаны. Ол тек өз халқына көмек бергісі келген. Шоқан өзінің саналы ғұмырын қазақ халқының сөзін сөйлеп, жоғын жоқтап, пайдасын ойлап, зарын зарлаған дара тұлға.
Осы орайда, эссемді Шоқан Уәлихановтың мына сөздерімен аяқтасам деп отырмын:
«Дүниеде әділдік пен адалдықты ту еткен адамнан артық ешкім жоқ».
Жуматаева Мерей Бейбитқызы Абылай Хан Атындағы Қазақ Халықаралық Қатынастар Және Әлем Тілдері Университетінің 1 курс Студенті