Оқушыларға
Сөз қадірі - өз қадірін
Абылай хан атындағы Қазақ Халықаралық қатынастар және әлем тілдері университеті.
Журналистика факультетінің 2-Курс студенті Карагушинова Айғаным Жаңабайқызы.
Менің өзгенің ақылымен өмір сүргім келмейді, қажет болса, өзім ойлап аламын.
Лев Толстой
Жақсы ойлау мен жақсы жазу егіз ұғым. Жақсы жазу – жақсы ойлаудың нәтижесінде туатын болса, жақсы ойлау - қоғам көрінісін көре білудің нәтижесі. «Сөз қадірі- өз қадірің» деген халық даналығының анық сыры осыда жатқандай...
Бейімбет Майлин жазуға әуестігін кәрі шешесінен күнделікті еститін өлеңменен байланыстырса, Жүсіпбек Аймауытов «Қазақ» газетіне басылып шыққан мақаласынан дейді, ал Ғабит Мүсірепов қыздардың альбомына өлең жазудан бастаған екен. Сәкен Сейфуллин ше?! Ол Ыбырай ұстаның шеберлігі қосылып, туды дейді.Мұны неге айтып бастады дейсіз ғой? Осының бәріне ортақ бір ғана нәрсе – жақсы сөз. Олар жақсы ойын жақсы сөзбен жеткізіп, соңында өзі де жақсының біріне айналды. Шынында да, адамның адам болып тұлғаланып, кемелденуінде сөздің атқарған рөлі баға жеткісіз. Жылқы кісінескенше, адам сөйлескенше, - дегендей,адамдар бір˗бірімен сөз арқылы ұғысып,танысып, жақындасып, өзгені де сөзі арқылы танып, өзін де сөз арқылы танытады. Сөз – адам үшін тәрбие құралы, білім – білік, мәдениет, өнер бастауы, ақыл˗ой жәдігері, әсемдік қазынасы.Сондықтан да сөзді шашпа – төк тегін дүние көріп, оңды˗солды талғаусыз айта берсең, жұғымы, қадірі болмайды. Білімпаздар айтқандай: Сөз қадірі ˗ адамның өз қадірі, сөзі құпсыздың өзі құпсыз.
Адамның мейірін қандырып, мерейін өсіретін ˗ құр жағын жанып, тілін безеп сөйлей беру емес. ХІ ғасырда өмір сүрген тәжік шайыры Кайкавус: Ұқыптылық атаулының ішіндегі ең жақсысы ˗ ұқыпты сөйлеу, - дейді. Бұл жерде әңгіме сөздің тұжырымды, айқын, бейнелі болуы жайында екені түсінікті. Сөйлеудің тағы бір аса маңызды қасиетін аша отырып, өзбектің ұлы ойшыл ақыны Ә.Науаи: Ас тұзбен дәмді, су мұзбен дәмді. Ал адам салиқалы, сапалы сөзімен мәнді, - деп көрсетеді. Сөйлей білу – өнер. Ол арымай – талмай, шешендік сырын зерттеуді, жаттығуды,мол білімді, ой өрісі мен қиял кеңістігін қажет етеді. Әсем сөйлеуге көп тыңдап, көп оқып, халықтың ауыз әдебиетін, әсіресе, айтқыштық пен терең ойдың інжу˗маржандары - мақал, мәтелдерді жетік біліп, сырына үңілу, кітапты көп оқу арқылы жаттығып төселеді. Халықтағы: Ақылды адам сөзді нақылсыз айтпайды. Бір айтпаса нақылды - ақылсыз айтпайды, - деген тұжырым содан шыққан. Жүздің көркі- сақал, сөздің көркі - мақал, ˗ деген де соған мегзейді.
Қазақтардың: Айтылған сөз ˗ атылған оқ, орыстардың: Сөз шымшық құс емес, ұшса, қайтып қонатын деген мақалдары мен ежелгі скиф елінің шешені Анахарсистің: Tіліңді, тәбетіңді, тыйып ұста, ˗ дегендерінің түп төркіні бір жерден шығып жатуы тілге абай болудың жүрдім ˗ бардым қарайтын мәселе емес екенін көрсетеді. Әйгілі ақын Р.Ғамзатовтың: Сөйлеуге үйрену үшін, адамға екі жыл керек, ал тіліне ие болуға алпыс жыл керек, ˗ деген әзілінде үлкен өмір шындығы терең мән бар.
Жақсы ойды дарытып, жақсы сөйлеу әрі сөз қадірін ұға білу - бүгінгінің үлкен жіктелген міндеті.