25 Қараша, Дүйсенбі

Оқушыларға

Тарих тұғырындағы тұлға!






Тұлғаларсыз тарихтың ұр­шығы һәм шығыршығы айна­л­май­тыны шындық. Тұлғалық келбетті толыққанды санада үйлестіріп, қәзіргі қазақ қоғамындағы «тұлға» атауына лайықты қандастырымызды қатарға қойып ойлансақ әр салада өзіндік айқындалған орыны бар азаматтар мен азаматшалар жетерлік. «Білекке сенер заманда ешкімге есе бермедік, білімге сенер заманда қапы қалып жүрмелік» деген түсінікті ту еткен ізденімпаз жандар үшін ғылым саласына, сол саладағы жаңалықтарға деген жекелей көзқарас қалыптасқан. Дегендей, ағартушылықтың рухани кеңістігінде ғылым мен білімнің бұғауын бекіткен тарих саласы қай заманда да табанды ізденіс пен қажырлы еңбекті талап ететіні де дәлелдеуді қажет етпейтін дүние. Осынау соқтықпалы, соқпақты, заман ағымына қарай иіліп, қазақ тарихының жоғын жоқтап, жыртығын бүтіндеген Болат Ешмұхамбетұлы Көмековтің тұлғасы оның қазақ тарихына деген ерекше қызметі арқылы тарих тұғырында биіктей түспек.

Шығыстанушы, ғалым, тарих ғылымдарының докторы, Қазақстан ҰҒА-ның коррепондент-мүшесі, ұзақ жылдар бойы ҚР ҰҒА Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих, археология және этнология институтында қызмет жасаған, 1997 жылдан осы академия жанындағы Халықаралық қыпшақтану орталығының директоры лауазымын атқарып келе жатқан Болат Ешмұхамбетұлы биылғы жылы өнегелі өмір жолының жаршысы іспетті 80 жастың сеңгіріне аяқ басты. Айтулы датаға сәйкес, тарихшы қауымның ұйымдастыруымен үстіміздегі жылдың қазан айының 27 ші жұлдызында Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты ғимаратында «Қыпшақтану – еуразиялық масштабтағы тұжырымдамалық ғылыми-бағыт» атты халықаралық ғылыми-теориялық онлайн-конференция өткізілген болатын. Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты қызметкерлерімен қатар Әль-фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті жанындағы Халықаралық Қыпшақтану институты және Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті конференцияның өз деңгейінде өтуіне атсалысты.

Қыпшақтану саласы бойынша қалыптасқан ғылыми бағытты онан әрі дамытып, Орта Азия мен Шығыс Еуропадағы және Таяу Шығыстағы қыпшақ тайпаларының өзара байланысын зерттеп, оны ортағасырлық дәуірдегі халықаралық байланыстың ерекші үлгісі ретінде көрсете білген ғалымның құрметіне ұйымдастырылған конференцияда бірінші болып сөз алған ҚР ҰҒА Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих, археология және этнология институтының директоры м.а., тарих ғылымдарының докторы, Қазақстан ҰҒА-ның коррепондент-мүшесі Қабылдинов Зиябек Ермұханұлы ғалымның адами болмысымен қатар, ғылымға аяқ басу сатысының әрбір аспектілерін талдап, ғалымның 400 ден астам ғылыми еңбектерінің бірнешеуін қатысушылар назарына ұсынды.

Халықаралық қыпшақтану ортасы Мысыр, Сауд Арабиясы, Ливия, Түркия, Иран, Қытай, Моңғолия, Өзбекстан, Қырғызстан, Ресей, Украина, Армения секілді елдердегі ортағасырлық этностар тарихын зерттейтін ғалымдармен тығыз байланыс орнатқан Болат Ешмұхамбетұлының аталмыш шарасына Қазақстандық белді тарихшылармен қатар, алыс, жақын шет елдерден де бір топ тарихшылар тобы қатынасып, арнайы дайындалған баяндамаларын оқып, жүрек жарды лебіздерін жеткізді.

Ғалым өз шығармашылық шеңберінде Ш.Ш. Уәлихановтың мұраларын насихаттау негізінде, Шоқанның шығармалар жинағының жауапты редакторы, көп томдық «Қазақстан тарихының» бірінші және екінші томдарының редакторы, әрі жетекші авторы болды. Халықаралық «Түркістан» энциклопедиясын жазуға белсенді түрде қатысты, Стамбұлда түрік және ағылшын тілдерінде шығарылған 26 томдық «Түркі халықтары тарихы» энциклопедиясын әзірлеуге қатысты.

Қай заманда да қайталатын тарихи процестер барысы, көзі ашық қоғам үшін салыстыруды және сабақтастыруды қажет ететін құбылыс. Осындай тарихи кезеңдер өз құндылғының иесін тұлға табиғатынан іздеуі әсте қателік емес. Тарихи факторлар өзіндік бейнесін айқындайтын адамды тарих биігіне шығарса, Болат Ешмұхамбетұлы секілді арда азаматтардың ел тарихына үздіксіз қалам тербеген ұлы тұлғасы қай заманда да өткеніне асқан салмақпен, саналы көзқараспен көз жүгірткен қазақ ұлты үшін өнегелі өмірдің өшпейтін тамыздығы бола білмек.