25 Қараша, Дүйсенбі

Оқушыларға

Өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрметте






Абылай хан атындағы Қазақ Халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетінің

Журналистика мамандығының

2 курс студенті Жанали Аяжан



Бүгінде қоғамда көтеріліп жатқан көкейкесті мәселелердің бір толқыны - тіл туралы болып отыр. Осыған орай, мемлекетімізді жоғары деңгейде, Халықаралық аренаға шығару үшін үштілділікті енгізу - ең негізгі бастамалардың бірі. Үштілділік бүгінгі заман талабы, тынысы. Ағылшын, орыс тілдерін жетік меңгеру - бізді биікке шығаратын күш.

Қазіргі таңда үштілділікке өту толығымен қолға алынып жатыр. Балабақшадан, университетке дейін орыс тілі мен ағылшын тілін сапалы оқыту жүйелері қалыптасқан. Бұл жолда ұрпаққа дұрыс бастама мен бағыт-бағдар көрсету - болашаққа бастар алғашқы қадам.

Қазақстан - 130-дан аса ұлт өкілдеріның басын бір шаңыраққа жинаған көп ұлтты мемлекет. Шаңырағы биік, ынтымағы мен бірлігі жарасқан мемлекет болу үшін, өзгелерге деген сыйластығымыз бен құрметімізді білдіру үшін - орыс тілін қоғамға енгізу, оны білу маңызды. Ал ағылшын тілі - әлемдік тіл. Бұл тілді үйрену- бізге ғажайып мүмкіндіктер береді. Расымен де, ағылшын, орыс тілдерін меңгеру, тіпті біз білмейтін дүниелердің жарық көруіне жол ашуы да мүмкін. Алайда, заман талабына ілесіп жүріп, өзге тілді үйреніп, ана тіліміздің мәртебесін түсіріп алмаймыз ба? Туған тіліміздің ұмыт қалмауына кім кепіл? Ана тілімізге деген махаббатымыз, сый -құрметіміз қаншалықты мықты? Жүрегіме уайым ұялатқан осы сұрақтар төңірегінде көп ойландым, толғандым. Егер анамыздың ақ сүтімен бойымызға дарыған тілді қадірлемей, өзге тілдің етегінен жүгірсек, онда бұл ұлттық болмысымызды ұмытқанмен тең. Меніңше, өзге тілді үйрену- өз тілімізге деген махаббат пен құрметті нығайтудан басталу керек. Сонда ғана үштілділікке нық қадам басамыз.Ұлттық болмысы мен өз жұртын, тілін, дінін ұмытқан халықтың әлемде абыройлы болуы екіталай. Сондықтан үштілділікке көшуді, тілімізге деген құрметімізді арттырудан бастайық. «Өзге тілдің - бәрін біл, өз тіліңді құрметте»,- деп, ел болып, бір атаның балаларындай өз дамуымызға, жарқын болашағымызға жол ашайық. Келешегімізді кемел, болашағымызды жарқын ету де, елімізді әлемге паш ету де – өз қолымызда!