25 Қараша, Дүйсенбі

Оқушыларға

ҚазҰУ – болашақтың бастауы






Ертеден кең даланың қойнауында мекен еткен бейбіт халқымыз қай заманда болмасын көзі ашық, көкірегі ояу болған. Заман өзгерісінен қалмай, басқа алпауытты елдермен терезесін тең ұстауға тырысқан. Көз ілеспес жылдамдықпен өзгеріп жатқан заманда, ұлттық құндылықтарымызды сақтап қалу, оны нәсихаттау алдымызда тұрған үлкен міндеттердің бірі. Тұңғыш Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласы қазіргі қоғам дамуына жаңа серпін әкелген болатын. Мақалада бәсекеге қабілеттілік бағытын баса көтерді. Ал басекеге қабілетті жастар – ҚазҰУ жастары десек қателеспейміз. Бұлай айтуымыздың бірден-бір себебі ҚазҰУ еліміздегі жоғары білім беру жүйесінде өзіндік айнымас орын алған, заман талабына сай білікті, білімді мамандар даярлайтын оқу орны. Бүгінде көптеген халықаралық университеттермен серіктес, еліміздегі жоғары оқу орындары арасында алдыңғы қатарлы, көшбасшы орынға ие.

Талай түлек арманына айналған бұл университеттің тарихы өте тереңде. Университет өзінің негізін 1934 жылы 15 қаңтарда қаланғаннан бастап, Қазақстандағы білім беру жүйесінің көшбасшысы, кәсіби білім мен тәрбиенің қайнар көзі болды. Сонымен қатар ҚазҰУ қабырғасында Қ.И Сатбаев, М.О Әуезов, Е.Б Бекмаханов, Ә.Х Марғұлан, Д.В Сокольский тәрізді аса көрнекті ғылым мен мәдениет қайраткерлері дәріс оқыған. Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университеті 180-нен астам гуманитарлық, жаратылыстану, техникалық мамандықтар бойынша бакалаврларды, магистранттарды, докторанттарды дайындайды. Университет білім алушы студенттің жан-жақты дамуына, өзін-өзі кемелденуіне қажетті жағдай жасау үшін бар күш жігерін салып, студенттік өзін-өзі басқаруға, көшбасшылық қасиеттерді дамытуға, тәрбиелеуге жол ашады.

Тұңғыш Елбасымыз Н.Ә. Назарбаев бір сөзінде «Заманауи әлемде елдің қуаты ең алдымен азаматтарының білімімен өлшенеді. Сол білімді әжетке, тұрмыс игілігіне жарата білуімен бағаланады» деген болатын. Қазіргі таңда университет көптеген жетістіктерге жетті. Атап айтқанда жаһандық ең танымал және беделді QS халықаралық рейтінгінде ҚазҰУ әлемнің 800 үздік университеті арасында 165 -орынды иеленді және де ҚР ұлттық рейтінгісінде әл-Фараби атындағы ҚазҰУ бірінші орынға ие болып отыр.

ҚазҰУ-дағы ең қасиетті мекен – кітапхана. Бұл кітапхана Қазақстанда ғана емес Орта Азиядағы жоғарғы оқу орындары арасындағы ең үлкен кітап қорына ие. Жыл сайын әр мамандыққа сай университет кітапханасына мемлекет тарапынан арнайы жаңа кітаптар бөлініп отырады, және кітап қоры 50-60 мыңға артып отырады. Сондай-ақ қазіргі қашықтықтан оқытуда электронды кітапхана өз жұмысын жоғары деңгейде атқаруда. Білім ордасының алғашқы ірге тасын тұңғыш Елбасымыз Н.Ә. Назарбаев қалаған болатын. Оның ашылу салтанаты 2013 жылдың наурыз айында өтті.

Расында да ҚазҰУ – нағыз болашақ азаматтар мен азаматшалар дайындайтын үлкен жоғары оқу орны. Бүгінгі жас ұрпақ - ертеңгі ел ертеңі. ҚазҰУ студенттері – еліміздің болашағы, нағыз ұлтжанды, жалындаған жастар. Сол себептен де ҚазҰУ болашақта да еліміздегі мәні мен маңызы аса жоғары оқу орны болып қала беретініне сеніміміз мол.



Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті «Жалпы тіл білімі және еуропа тілдері» кафедрасының аға оқытушысы, PhD докторы А.М. Досанова

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті «Шетел тілі: екі шет тілі» мамандығының 1-курс магистранты А.К. Әбубәкір