25 Қараша, Дүйсенбі

Оқушыларға

ҚР Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру бағдарламалық мақаласының тарихи маңызы






Ата-бабаларымыздың тарихи тәжірибесін (түркі мемлекеттерінің тарихынан, ХХ ғасырдың басындағы ұлт көшбасшылары реформаларының жобасы) зерделеу, шынайы өмірді, прагматизм мен динамизмді насихаттау, дұрыс ойластырылған реформалар арқылы қоғамдық санадағы артта қалумен күресу және дамудың эволюциялық моделін қалыптастыруға мүмкіндік туындайды.

Ежелгі түркілер мен қазақтардың тарихи мұрасы рухани код, өзіндік мәдени идентификация, қасиетті орындар, туған жерге деген құрмет ретінде ұлттық метақұндылықтар Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру бағдарламалық мақаласында негізге айналып отыр.Осы тұрғыдан алып қарастырғанда Мәңгі Ел, Алаш идеясыПрезидентіміздің Рухани жаңғыру бағдарламасымен сабақтасып жатқаны сөзсіз.

12-сəуірде «Егемен Қазақстан» газетінде ҚР Елбасы Н. Ə. Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты жолдауы жарық көреді.Бағдарламаның мəтінімен таныса отырып «Дамудың жаңа кезеңінде алдымен ұлттық болмысымыз бен құндылығымыз, тарихымыз мен мәдениетіміз сақталуы керек»-, деген идеяның басты назарға алынғандығын көру қиын емес.

Қазақстанның революциялық емес, эволюциялық дамуы; Ұлттық бірегейлікті сақтау; Ұлттық сана туралы; Прагматизм деген бағдарламаның тақырыпшаларында кеңестік биліктің жүргізген саясатының сақталған көріністерінен құтылу идеялары көтеріледі. Оеы бағдарламадағы мына мəтіннен көре аламыз:

«Әрбір жұрт тарихтан өзінше тағылым алады, бұл – әркімнің өз еркіндегі шаруа. Біреуге өзіңнің көзқарасыңды еріксіз таңуға ешқашан болмайды. Бізге тарих туралы өздерінің субъективті пайымдарын тықпалауға да ешкімнің қақысы жоқ. Өткен ХХ ғасыр халқымыз үшін қасіретке толы, зобалаң да зұлмат ғасыр болды:

Біріншіден, ұлттық дамудың көнеден жалғасып келе жатқан өзімізге ғана тән жолы біржола күйретіліп, қоғамдық құрылымның бізге жат үлгісі еріксіз таңылды.

Екіншіден, ұлтымызға адам айтқысыз демографиялық соққы жасалды. Оның жарасы бір ғасырдан бері әлі жазылмай келеді.

Үшіншіден, қазақтың тілі мен мәдениеті құрдымға кете жаздады.

Төртіншіден, еліміздің көптеген өңірлері экологиялық апат аймақтарына айналды.

Қанымызға сіңген көптеген дағдылар мен таптаурын болған қасаң қағидаларды өзгертпейінше, біздің толыққанды жаңғыруымыз мүмкін емес.

Бағзы замандардан бері ұрпақтан ұрпаққа жалғасып келген ұлттық прагматизм санаулы жылда адам танымастай өзгеріп, ас та төк ысырапшылдыққа ұласты.

Біз жаңғыру жолында бабалардан мирас болып, қанымызға сіңген, бүгінде тамырымызда бүлкілдеп жатқан ізгі қасиеттерді қайта түлетуіміз керек. Прагматизм – өзіңнің ұлттық және жеке байлығыңды нақты білу, оны үнемді пайдаланып, соған сәйкес болашағыңды жоспарлай алу, ысырапшылдық пен астамшылыққа, даңғойлық пен кердеңдікке жол бермеу деген сөз».

Міне, бұл жоғарыда көрсетілген бағдарламадағы тұжырымдардың түпкілікті мəніне жетіп, түсіну үшін оны тарихпен бацланыстыра отырып көрсетуге болады.

Тарихқа көз жүгіртетін болсақ, қазақ халқының тағдыры бірнеше кезеңді басынан кешірді. Соның ішіндегі ең елеулісі Ресей Империясының отаршылдық саясатымен байланысты болды. Ал бұл фактор өз кезегінде туындап жатқан тарихи жадымыз бен орныққан тарихи санамыздың бұрмалануына ықпалын тигізбей қоймады. Осы себептерге байланысты біз маригиналды санаға ауысқан халықпыз(маригиналды- өз қалыптасқан ортасы мен санасына, мəдениетіне сыртқы фактордың əсер етуі арқылы əртүрлі əлеуметтік топтар мен мəдени типтердің арасында қалуы). Бұл құбылыс халқымыздың ұлттық санасына, дүниетанымы мен өзіндік тарихи тəжірибесіне əсерін тигізді:

Біріншіден, Мекемтас Мырзахметовтың пікіріне сəйкес қазақ өзінің моно тілді табиғатынан миссионерлік бағыттағы орыстандыру саясаты нәтижесінде тіл жағынан ыдырап, шала қазақ, ада қазақ, таза қазақ деген үш классқа бөлініп, моно тілдің болмысын бұзып алды. Расымен де, тарихи тəжірибе факторының бірі бұл-тіл, ал оның өзгеріске ұшырауы ұлттық жад пен тарихи санаға тікелей əсер ететіні анық. Әрине, бұл Ресейдің империя болғалы жүргізіп келе жатқан миссионерлік кертартпа саясатына тікелей байланысты құбылыс екені тарихи шындық. Осы орайда Халел Досмұхамедұлының «Қазақ-қырғыз тіліндегі сингармонизм заңы» атты еңбегіне тоқталғым келіп отыр. Себебі ол мынадай бір тұжырымын айтқан болатын: « Əдебиет тілінің қаруы- баспа мен мектеп. Баспа мен мектепте қолданылған тіл ақырында елге сіңбей қоймайды». Бұл тұжырымның ақиқаттылық дəрежесін Кеңес үкіметінің жүргізген саясатынан-ақ байқауға болады. Бұл тарихи оқиға қазіргі таңдағы тіл мəселесінің шиеленісуіне ықпалын тигізген. Оны қалпына келтіру тікелей рухани жаңғырумен байланысты екені айдан анық.

Екіншіден, «Ресейдің отаршылдық миссонерлік саясатын толассыз жүргізуі себепті, біртұтас қазақтың бір жазу таңбасын қолдану орнына үш түрлі жазу таңбасы орнаған болатын, қытай қазақтары арап жазу таңбасын, Еуропа, Түркия қазақтары латын жазу таңбасын, Қазақстандық қазақтар өз еркінен тыс кеңес билігі зорлықпен ендірген орыс жазу таңбасын қолдануы себепті, біртұтас монотілді қазақтар бірін бірі оқи алмай, рухани байланысын үзуге мәжбүр болып келеді»,- дейді Мекемтас Мырзахметов. Бұған Империяның халқымызыдың рухани тұтастығын бұзуы себеп болып отыр, яғни жоғарыда аталған тіл мəселесіне енді жазу мəселесі де қосылды. Алайда бұны да қалпына келтірудің жолдары Елбасымыздың «Рухани жаңғыру» бағдарламасында тікілей орын алған, əсіресе латын қарпіне көшу туралы шешім осы мəселені шешудін маңызды қадамының бірі болып табылады.

Үшіншіден, қазақ халқы VІІІ ғасырдан бастап ислам дінін қабылдап, оның Әбу Қанафи мәсхабын ұстанып, өзінің бірқалыпты дәстүрлі дініне айналып, соған ұйып өмір сүріп жатты. Бұл қалыпты өзгертіп қазақтарды шоқындырып, орыстандыру саясатын орыс миссонер ғалымдары профессорлар Ильминский, Алекторов, Остроумовтар жүзеге асыруға бел шеше кірісіп басшылық етті.

Кеңестік билік атеистік дүниетанымды ұстануы себепті, патшалық биліктің шоқындыру саясатын алып тастап, орыстандыру саясатына біржолата мықтап кірісті. Мақсаты, халықты өз ұстанған дінінен бездіріп, тіпті өзінің «Құдайсыздар» ұйымын ашып, халықты дінсіздендіру саясатына жан сала араласты. Бұл жолда алға қойған мақсатына жетті де. Оның көріністерін біз əлі күнге дейін көре аламыз. Қазіргі тандағы діннің бұрмалана қолданылуы, өз қандастарымыздың арасында басқа дінге еңген немесе мүлдем діннен безгендердің болуы осының дəлелі. Бұндай шиеленіскен мəселенің алдын алу үшін Президентіміз арнайы «Қазақстанның революциялық емес, эволюциялық дамуы» атты бөлімді арнаған. Онда Н.Ə.Назарбаев діни қақтығыстар, экстремизм, сепаратизм т.б. құбылыстарының барлығы революцияның сақталған көрінісі дей келе, олардан бас тартуға, алдын алуға шақырған.

Міне, жоғарыда атап көрсетілген негізгі мəселелердің бұрмалануы біздің тарихи тəжірибемізге əсерін тигізгені айдан анық .

Əр халықтың тарихи тəжірибесі оның тарихын қалыптастыратын ерекшелік формасы. Себебі, барлық халықтың ғасырлар бойы жинақталып, ұрпақтан-ұрпаққа беріліп отырылатын өзіндік тəжірибесі болады жəне соның көрінісі тарихында да байқалады. Ел басымыздың көтеріп отырған жолдауының «Рухани жаңғыру» деп аталуының өзі осы мəселелерді шешуге, бұрынғы тарихи тəжірибемізді қалпына келтіруге жасалған қадам болып отыр деп есептеймін.

Қазіргі біздің қоғамда өз ойларын ашық, нақты білдіріп, халықты бастай алатындай «Интеллигенция» өкілдері аз. Бұған да Империяның жүргізген саясаты елеулі дəрежеде ықпалын тигізген еді. Əсіресе, Алаш қайраткерлерінің идеяларын халыққа жат, ұлтшыл деп айыптап, оларға «шина» жалғауын қосып келемеждеп, жасаған тұжырымдары мен еңбектерін қаралап, қуғын-сүргінге ұшыратып тастады. Нəтижесінде елде қорқыныш сезімінің сарқыншақтары сақталып, тіпті өз көзқарастарынан айнып, кеңес идеологиясының негізінде зерттеулер жүргізіп, тарихты бұрмалай бастады. Қазір сол интеллигенция өкілдерінің халыққа қызмет ететін кезі келді. Алдымен солар «рухани жаңғырудың» мəнін халыққа түсіндіріп, оны жүзеге асыруға алғашқы қадамдарын жасау қажет.

Бүгінде әлемдік жаһандану үрдісі, көптеген ұлттарды тамырымен жұтып жіберетін вирус тәрізді дейтін болсақ, сол вирусқа қарсы тұратын бірден-бір вакцина - ол рухани дүниемізді қайта жаңғырту. Ұлттық құндылықтар - ол халқымыздың иммунитеті. Кез келген вирусты иммунитеті күшті ағза жеңе алады. Сондықтан да, ұлттық кодымызды сақтап, генетикалық тұрғыда біздің жасушаларымызда сақталып қалған қазақ халқының жастарына біздің тарихи тамырымыз тереңде екенін, салт-дәстүріміз өміршең, талай қиындықтарға төтеп бере алатындай бай рухани дүниетанымымызды негіздеп, ұлттық рухы күшті, иманы берік, тілі мен діні бір азаматтарды тәрбиелеп, жаңа форматтағы білімді игере алсақ, онда халықымыздың бүгінгі жаһандану кезеңінде ұлттық құндылықтарын сақтап, халық болып жұтылып кетпей, керісінше рухани жаңғырып, жоғары белестерді бағындыратын Мәңгі Елге айналарымыз анық.

М. С. Ноғайбаева, т.ғ.к, қауымд.профессор

А. С. Жақсылықова Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ,тарих, археология және этнология факультетінің 2-курс магистранты