25 Қараша, Дүйсенбі

Оқушыларға

Қадірлі, қасиетті қара шаңырақ






Әрбір елдің кемел келешегін қалыптастыратын – жоғарғы білімді, мақсаты айқын, талантты да талапты азаматтар. Сондай бәсекеге қабілетті, шығармашыл тұлғаларды қалыптастыруда еліміздің жоғарғы оқу орындарының маңызы зор. Отандық білім ордаларының бірі де бірегейі, көшбасшысы – әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті.

85 жылдық тарихы бар қасиетті қара шаңырағымыз 1934 жылы бой көтерді. Сонан бері 180 сала бойынша маман даярлап, қазіргі күні 20 мыңнан астам студент оқытуда. Университет - «Алтын сапа» мемлекеттік марапатының иесі. Ғаламдық «UI Green Metric Ranking of World Univercities» рейтингінің зерттеу мәліметтері бойынша университет әлемдегі экологиялық таза университеттердің қатарында 172-орынға ие болды. Ректор Ғалымқайыр Мұтанұлы Мұтанов студенттердің жаңа заманға бейімделген лайықты жағдайда білім алып, қолайлы да жарқын өмір сүрулері үшін барлық жағдайдың жасалуына себепші болып жүр.

Қазіргі кезде университетте екі мыңнан астам жоғары білікті оқытушы жұмыс істейді, соның ішінде 1000-нан астам ғылым докторы мен кандидаты, жүз академик пен елу философия докторы бар. Университетте білім беру ісі Болон реформасына сәйкес жүргізіліп, студенттердің таза да әділ бағалануына мүмкіндік береді.

Қаламыздың орталығынан орын тепкен ҚазҰУ қалашығы әсем табиғатымен ерекшеленеді. Студенттерге қажетті қызмет көрсету орталықтары осы қалашық ішінде шоғырланған. Заманауи жабдықталған оқу ғимараттарында студенттер білім алса, алыс аймақтардан келген шәкірттер қалашықтағы он төрт жатақханаға орналасады. Жатақханада студенттердің қауіпсіздіктері сақталған, тұрмысқа қажетті барлық жағдай жасалған. Әл-Фараби кітапханасы ізденімпаз студенттердің қалашық сыртына шықпай білім нәрімен сусындауына мүмкіндік береді. Барлық қажетті құралдармен қамтамасыз етілген спорт кешені мен үлкен көлемді стадионымыз еліміздің салауатты өмір салты жайлы саясатына сәйкес студенттердің спортпен шұғылдануына мүмкіндік береді. Қалашық ішінде «Керемет» студенттерге қызмет көрсету орталығы да бар.

Университет басшылығы жастардың бос уақыттарын ұйымдастыруға да тиісті мән берген. «Айналаңды нұрландыр», «ҚазҰУ студенті оқуға тиіс 100 кітап» сынды үлкен жобалар студенттердің рухани-мәдени өмірлеріне өз септігін тигізеді. «Студенттер мәслихаты», «Студенттер кеңесі», «Сұңқар» сынды қоғамдық ұйымдарда әрбір жас дарын өзін шығармашылық қырынан танытып, қоғамдық өмірге белсене араласады.

Бүгінде 16 факультетте шәкірт оқытатын ҚазҰУ-дың білікті маман даярлауда елеулі еңбегі зор. Елімізде болып жатқан соңғы саяси өзгерістер, мемлекет басшысының ауысуы кезінде әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті өзінің саяси көзқарасы қалыптасқан, ел болашағына қатысты мардымды пікір білдіре алатын әрі дұрыс таңдау жасай білетін азаматтарды қалыптастыруға қызмет етуде деп нық сеніммен айта аламыз.

Жастарды қолдау мақсатында “Жастар жылы” болып жарияланған 2019 оқу жылында бакалавр және магистратураға бөлінген мемлекеттік оқу гранттарының біршама бөлігі осы оқу орнына тиесілі. Баллон үдерісіне негізделген оқу жүйесі бойынша сол грант иегерлері мен ақылы негіздегі студенттер осы жылдан бастап жаңа жүйемен білім алуда. Осыған дейін әрбір оқу семестрінде екі аралық бақылаудан өтетін студенттер бұдан былай үш аралық бақылау тапсырады. Бұл өзгеріс студенттердің білім сапасына, үлгерімдерін қадағалау және ынталарын арттыруда оң әсерін тигізеді деп есептейміз.

Бүгінгі күні еліміздің түкпір-түкпірінен жиналған ҚазҰУ студенттері арман-мақсаттары айқындалған, ел мен қоғам алдындағы жауапкершілігін түсінетін, жемқорлық пен парақорлықтан ада боп, адал еңбек ететін мамандар қатарынан көрініп жүр.

Демесинова Акшолпан Махмудовна (Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің 2-курс магистранты)

Ғылыми жетекшісі т.ғ.к., доцент Рүстемов С.К.