25 Қараша, Дүйсенбі

Оқушыларға

Мамандығымның маңызы






Кез-келген мемлекет пен қоғамның саяси-әлеуметтік өмірінде құжаттардың алатын орны зор. Елдегі әрбір мекеме мен кәсіпорынның қызметі құжаттар негізінде жүзеге асырылады. Іс-құжаттарды тиісінше жүргізу, оларды басқаруды, тасымалдауды қамтамасыз ету – жауапты қызметкерге артылған маңызды міндет. Ал сол құжаттардың белгілі бір мерзім өткеннен соң қауіпсіз түрде сақталуы да қажетті іс. Себебі тарих қойнауында келешекке қажетті көптеген мәліметтер болатыны белгілі. Қоғам өмірінде соңғы жылдары орын алған бетбұрыстар өткен тарихымыз бен сан жылдар бойы сомдалған рухани мұраларымыздың бүгінгі көзқарас тұрғысынан зерделеп, ой елегінен өткізу талабын алға тартып отыр. Қазақстан тәуелсіз мемлекет болғаннан бері қоғамымыздың әлеуметтік-экономикалық саяси өмірінде жасалған бетбұрыстармен бірге, мұрағат саласында да елеулі өзгерістер болды. Қандай да бір мемлекеттің өзіндік ұлттық болмысын, мәдениетін, тарихын жаңғыртып отыратын құндылықтардың сол мемлекеттің өткенін бағамдап, болашағын болжаудағы маңызы жыл өткен сайын артып отыр. Мұрағат құжаттарының Қазақстанның әлеуметтік, экономикалық және саяси дамуына тигізер әсері өте зор. Өйткені өткен тарихымызды білу үшін мұрағат құжаттарына жүгінеміз. Мәселе қоғам өміріне қатысты құжаттарды тиімді пайдалану болып табылады. Құжаттармен жұмыс жүргізу орасан зор міндет арқалайтын маңызды жұмыс болғандықтан, еліміздегі жоғарғы оқу орындары сол маңызды істі атқаруға қабілетті, жоғары білімді мамандарды даярлауға күш салады. Мәселен, еліміздің озық оқу орындарының бірі де бірегейі, қара шаңырақ әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Тарих, археология және этнология факультеті Мұрағаттану, құжаттану және құжаттаманы басқаруды қамтамасыз ету мамандығы бойынша кадрлар дайындайды. Ғылыми-педагогикалық бағыттағы бұл мамандықты игеру барысында магистранттар Мұрағаттанудың теориялық мәселелері, Электрондық форматтағы құжаттық жарияланым, Археографияның теориялық-методологиялық мәселелері сынды міндетті пәндер мен бірқатар элективті пәндерді оқиды. Осы пәндердің теориялық негізін меңгеру барысында және ғылыми семинарларда тәжірибе алмасу арқылы, педагогикалық практика кезінде магистр дәрежесін алудан үмітті әрбір студент мамандығын кәсіби деңгейде меңгеріп шығады. 1998 жылы Парламент мемлекетіміз тарихындағы тұңғыш «Ұлттық мұрағат қоры және мұрағаттар туралы» Заңды қабылдап, оған 1998 жылы 22 желтоқсанда Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаев қол қойды. Еліміз тарихындағы өзіндік тұжырымдамасы бар бұл тұңғыш Заң алыс және жақын шет мемлекеттердің құжаттамалық қамтамасыз ету саласы мен мұрағат ісін дамыту тәжірибесіне сүйеніп жасалды. Ол үш бірдей міндетті атқарады. Атап айтқанда: Қазақстан Республикасы Ұлттық мұрағат қорының құжаттарын мемлекеттік сақтауға қабылдау; олардың сақталуын қамтамасыз ету; мемлекет, қоғам және азаматтар мүддесіне сай қолдану. Сонымен қатар бұл мамандықтың кәсіби стандарттары 2016 жылы ҚР Мәдениет және спорт министрінің №249 бұйрығы арқылы бекітілді. Бүгінгі күні еліміз үшін құжат түзу саласындағы нормативтік құқықты реттеу, кемшіліктердің орнын толықтырып, дамыту маңызды мәселе болып отыр. Себебі ресми іс-құжаттар тіліндегі сауаттылық, бірізділік пен жүйелілік қай салада болса да міндетті. Бұл істің астарында ана тілімізге деген құрметтің жатқанын да ескеру керек. Қорыта айтсақ, басқару қызметінде құжат еңбек құралы болып та, еңбектің нәтижесі болып та есептеледі. Себебі әрбір істің есебі құжат арқылы көрініс табады. Олай болса, маңызды міндетті арқалап, құжаттармен жұмыс жүргізетін білікті мамандарды даярлап, кәсіби қабілеттерін шыңдауда Мұрағаттану, құжаттану және құжаттаманы басқаруды қамтамасыз ету мамандығының қажеттілігі мемлекеттік деңгейде айқындалған деп нық сеніммен айта аламыз. Осы мамандық бойынша білімін жетілдіріп жатқан магистрант ретінде мен үлкен жауапкершілік пен мақтаныш сезінемін.

Жамалова Зарнигора Робертовна Ал-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің 2-курс магистранты

Ғылыми жетекшісі т.ғ доцент Нурпеисова Б.Е