Оқушыларға
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ еліміздің үздік классикалық университеті!
Талай түлектің арманына айналған ҚазҰУ-да оқу мүмкіндігі бұйырды. Аллаға шүкір. Шынында да, арман боларлықтай атына заты сай әсем қалашық менің жүрегімді бірден жаулап алды. Өз білімі мен дарынына сенетін көңілді де ізденімпаз жастардың ордасы екені көзге көрініп-ақ тұр, мен өзімнің осы күннен бастап жаңа өмірге араласа бастағанымды сезіндім. Осылайша менің студенттік өмірім басталып та кетті...
Студенттік шақ деген әлдебір романнан немесе әлдебір ауызекі әңгімелерден естіп жүрген қызықты да байыпты шаққа еніп, тағы бір қадамымызды жасадық. Алматыдай үлкен қалаға келіп жалғызсырау, бөтенсіну деген жағымсыз әсер атымен жоқ. Сіз білсеңіз, ондай ой оқу ордасына, киелі шаңыраққа қадам басқан сәттен бастап-ақ жоқ болады. Себебі жаңа таныс болған үзеңгілес достардың, білім деп азуын айға білеген жалынды жастардың ортасында тек қана жаңа дем пайда болғандай еді. ҚазҰУ болашаққа нық қадам бастырар саналы ғұмырдың бір айғағы іспетті. Сезім мен көңілдің жетегімен кетуге де болмас, айтайын дегенім, еліміздің басты оқу орны менің білім алуға деген потенциалымды өрлеткендей болды. Оның себебі де аз емес. Санап көрейік...
Қара шаңырақтың қоластына жиылған жиырма мыңға жуық ізденушінің талабын тауға қарай домалатар жағдайдың барлығы да жасалған. Әрине мұны ғажайып әлем десе де болар, ең бастысы талай бала кыранның қанатын ұштап, қияға самғатқан студенттер сарайы, тарихы терінде жатқан ҚазҰУ-ды бір сәтке көз алдына елестететін жеке мұражай, заман талабына сай жабдықталған үш жүз адамдық интернет орталығы тағысын тағылар, айта берсең толып жатыр.
ҚазҰУ-ға келген әр студентті дарынды әрі білімді деп айта алмайсыз. Жаңа оқу жылын жаңа таныстармен бастағаныммен, кейін келе кімнің кім екені айқындала бастады, тіпті оқу үрдісіне ілесе алмай, шеттеп қалып аулына қайтып жатқандар да болды. Мені толғандырған тағы бір жәйт: өзіміз қазақ бөлімінде оқып жүрсек те, көптеген сабақ материалдарын тек орыс тілді кітаптардан ғана табамыз, қазақша кітап қоры жетіспейді, бар болса да, ұлттық кітапханада іздеугет тура келеді. Менің басты үмітім мынау салынып жатқан милиондаған кітап қоры бар электронды кітапхана көңілімізді тоқ етер деген ойдамын.
Қалай десем де, ҚазҰУ-мен мақтанамын, тіпті халыққа танымал болып жүрген азаматтарды біздің түлегімз деп естігенде, көңілім көтеріліп, бір марқайып қалатыным бар. Мен сол тұлғалардың отырған аудиториясында отырып, сол кісілерге сабақ берген ұстаздардан тәлім алып жүргенім маған жігер береді. Әлемдік дәрежедегі білім мен спорт сайыстарында топ жарып жүрген ҚазҰУ студенттері сол аға буынның жалғасы шығар, мен де сол үрдіске ілесе алсам, жетілгенім және самғап ұша алатындай болғаным деп сенемін.