Оқушыларға
Көптен күткен күн
Бүгін наурыз айының жиырма бірінші жұлдызы.Ал ертеңгі күннің жарқ етуі бестен алтыға енді аяқ басатын кішкентай,сәби жүректі Айкерім үшін үлкен қуанышты күннің бастамасы іспеттес.Өйткені, Айкерімнің анасы оған: жиырма екінші наурыз -Қазақтың жаңа жылы -деген болатын. Сол жаңа жыл сөзінің әсері ме, кім білсін,Айкерімнің бала қиялынан от шашулар,түрлі-түсті ойыншықтар,мерекелік шырша,әртүрлі сыйлықтар елес берді.Осы қиялдың жетегінде жүріп, ертеңгі күн қашан болады!- деп анасының артынан әлі шарқ ұрып жүр. Анасы болса қызына: міне дайындалып жатырмыз ғой,қызым,асықпа!- деп басу айтып қойды.Дегенмен, анасынан естіген жауапқа Айкерім қанағаттана қоймады.Бұл жауап Айкерімнің ойындағы сұрақтарды еселей түспесе кеміте қойған жоқ.Айкерім үшін көзді ашып жұмғанша зымырай өтетін бір күн бір жылға татитындай.Күннің тез өтпегеніне шын ұнжырғасы түсе бастады.Енді, ол айналып жүре беруден түк өндіре алмасын түсініп, күннің тез әрі қызықты өтуі үшін анасына көмектесуді ұйғарды. Анасы оған: Әрине,сенің көмектескенің маған жақсы, үйренгенің өзіңе жақсы, алтыным- деп, екеуі бірге наурыз көженің заттарын жасауға кірісті.Соның арқасында, Айкерім наурыз көжеге қосылатын жеті дәмді біліп алды.Есіне алдыңғы жылғы дәл осындай уақытта наурыз көже пісірілгені,оның таңдайдан кетпес жағымды дәмі түсе бастады. Анасы осы уақытта Айкерімге наурыз көженің тарихын айта бастады.Қызым сен білуші ме едің?Наурыз көже туралы бір аңыз әңгіме бар.
Ертеде, бір өте дәулетті бай адам болса керек. Оның жеті перзенті болыпты-мыс.Ауқаттылығымен бала шағасымен бақытты да баянды ғұмыр кешіп жатады. Бірақ, қашанғы бірқалыпты ғұмыр болсын. Аяқ-астынан көкте қара бұлт үйіріліп, дүрбелең заман да басталып кетсе керек. Небір аты жаман індеттер пайда болып, емі табылмай ауылдың жаны жайсаң адамдары шетінен қырыла бастапты. Осы індеттің құрсауына байдың жеті баласы да түскен деседі.Кейін ауылдан да дәулет қаша бастапты.Бай бұндай қайғы қасіретке шыдап отыра алмай, елге көмек беру ниетімен әр нәрсені бір шалып,ақыры мынадай тоқтамға келеді.Ауылдағы бар дәм-тұзды жинайды. Өзінің біраз уақыт қолданылмай қалған үлкен қазандығына от тұтатып,қолында бар азық-түлікті пайдаланып жеті түрлі дәм салынып бір тағам жасап шығарыпты.Ол тағамның иісі аштықтың шырмауында жатқан әр адамның тамағын қытықтап,алысқа жеткен деседі.Осы тағам бүкіл ауылды құтқарып,бұрынғы шырайлы күйлерін қайта сыйлаған екен.Бертін келе, бұл тағам көп дайындалып наурыз көже деген атауға ие болады.Белгілі бір мейрамға арналып дайындалады.Білесің бе, Наурыз мейрамының 3000 жылдық тарихы бар.Бізге ата-бабамыздан қалған асыл мұралардың бірі.
Айкерім анасының әңгімесін ұйып тыңдады,көптеген қызықты мәліметтерге қанық болды.Енді қалған көкейіндегі сауалды ертеңнің еншісіне қалдырды.
Міне, көптен күткен күн -жиырма екінші наурыз да келіп жетті.Айкерім күн ұясынан көтеріле бере оянып алып,үйдегілерді оятты.Анасымен бірге мектеп алаңқайында болатын наурыз мерекесінің концерттік бағдарламасына көзайым болып,алтыбақан теуіп,киіз үймен танысты.Үйге келген соң қонақтармен бірге анасының дайындаған бал татитын көжесін ішіп,мейірі қанды.Айкерімнің байқауынша қыста өткен жаңа жыл мерекесінен көктемгі қазақтың жаңа жыл мейрамы ерекше.Бірақ ,соған қарамастан Айкерім жаңа жылдық сыйлықтан үмітті.Ех,Айкерім білгенің бір тоғыз, білмейтінің тоқсан тоғыз ғой өзіңнің.Сірә, осындай балалық шақ қызықтарынан кейін де, балалық балғын күндерімізді аңсайтын шығармыз.
Жұмаш Еңлік