Оқушыларға
Менің сүйікті білім ордам
Бүгінгі күн кешегі күннің шәкірті екені белгілі. Мен бүгінгі таңда елордамыздағы еңселі оқу ордасы Еуразия ұлттық университетінің 4-курс студентімін. Күні кеше ғана Ұлттық Бірыңғай Тестілеуден облыс бойынша ең жоғарғы нәтижеге қол жеткізіп, мектеп тарихындағы тұңғыш «Алтын белгі» иегері атанған жас түлек едім. Арманым астанада оқу болатын. Орындалды.
Ордалы оқу орны да бар осында,
Армандаған құрбы-құрдас, досым да.
Бағым жанып, білім алып келемін
Абыроймен аяқтасам, тілегім!
деп өлең де шығарып үлгеріппін. Абыроймен аяқтауға да санаулы күндер қалды. Қимаймыз. Өйткені, естен кетпес ерекше естеліктер сыйлады, танымал тұлғалармен таныстық, сұхбаттастық, сырластық.
Үлгілі, үздік студент болуды мақсат тұтқан менің мектеп кезіндегі жеткен жетістіктерім өз жемісін бере бастады. Оқу жылы басталған уақытта Студенттер спартакиадасында гір тасын көтеру сайысында жүлделі екінші орынға ие болдым. Көп уақыт өтпей факультеттегі «Біздің мақтаныштарымыз» тақтасында, әлемге әйгілі боксшы Г.Головкинмен суретім қатар тұрды. Кеудемді қуаныш кернеп, студенттік өмірдің сәулелі сәттері басталып та кетті.
Университетіміздің «Еуразия» газетіне бірнеше мақалаларым жарық көре бастады. Ғылыми конференциялардан да жеңімпаз атанып үлгердім, дегенмен көңілім қалаған тағы бір сала өнер еді. Кастингте оқушы кезімде ойнаған немістің рөлін тағы бір мәрте сомдадым, өлең оқыдым. Өнерімді бағалады. Солай, «Шаңырақ» студенттік театрының мүшесі атандым. Жастар жылында «Үздік жастар театры» номинациясын жеңіп алдық. «Бала ғашық», «Жаралы гүлдер», «Адаспаңдар» спектакльдерінде ойнадым. «Ер Жігіт-2018» байқауына қатыстым. Бірнеше ақындардың өлеңдерін жатқа оқып, батасын да алдым. Елге танымал тұлғалармен, депутат, министрлермен қатар, әнші-күйшілермен, өнер жұлдыздарымен, спортшылармен, ғалымдармен кездесіп, өмірлік ақыл-кеңестерін тыңдау бақыты бұйырды.
Еліміздің тарихында ерекше орын алар «ЕХРО-2017» халықаралық көрмесі кезінде университет қолдауымен ерікті болып айтулы шараға өз үлесімді қосқанымды мақтанышпен еске аламын.
Студент атанғалы бір арманым – әскери кафедраға түсу болса, екіншісі – шетелге шығу болатын. Әрине, алдымен Алланың қалауымен армандарым орындалып келеді. Екі жылдық әскери кафедрада, взвод командирі болғанымды ескеріп, ақылы бөлімнен тегін бөлімге ауыстырды, запастағы лейтенант шеніміз де болады. Кейін, түрік тілі курсына жазылдым. Түркия еліне қорытынды курсқа бардым. Оқу Денизли қаласында болды, Анталия, Измир, Кападокия, Стамбул қалаларын аралап, түрік мәдениетімен таныстым.
«BILIM-ORKENIETI» ұлттық ғылыми-зерттеу орталығы ұйғарымы бойынша «Қазақстанның үздік студенті-2020» төсбелгісінің иегері атандым.
Студенттік төрт жылым текке өтпеді деп санаймын. Ерекше естеліктер мен мол мүмкіндіктер сыйлаған Еуразия ұлттық университеті – сүйікті білім ордам ретінде жүрек төрінен орын алары сөзсіз! Рақмет саған ЕҰУ! Мен сенімен мақтанамын. Сен де менімен мақтанатын боласың!!!
Қалыбек Құлшар