Оқушыларға
ҚазҰУ - мерейлі мекеніміз
Тұла бойы тарихқа тұнған еліміздегі ең үздік жоғары оқу орындарының бірі әрі бірегейі әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті бүгінде алдыңғы қатарлы оқу орны болып табылады. Қазақ халқының бағына құрылып, бой көтерген алтын ұямыз 1934 жылдың 15 қаңтарынан бастап өз қызметін ресми түрде бастаған. Қазіргі кезде әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті еліміздің жетекші классикалық университеті мәртебесіне ие болып отыр. Бүгінгі күні еліміздегі білім мен ғылымның ірі орталығына айналып, университет инновациялық дамудың көшбасшысына айналды. Отанымыздағы білікті мамандар даялауға зор үлес қосып келе жатқан іргелі ғылым ордасы.
Елбасының жолдауында айтылғандай «Біз университеттік білім мен ғылымды дамытуды жаңа деңгеймен қамтамасыз етуге міндеттіміз» деген болатын. Университетіміз жан-жақты бағытта білім беру бағдарламалары бойынша табысты өткен университет. Университетте көпсалалы жоғары кәсіби білім жүйесі бойынша көптеген студенттер білім алуда. Қазақ Ұлттық университет қалашығында білім алып жатқан студенттерге барлық жағдай жасалған. Яғни, университетімізде оқып жатқан студенттер тек білім нәрімен сусындап қана қоймайды. Мәселен, интернет орталығы, Ө.А. Жолдасбеков атындағы студенттер сарайы, тамақтандыру комбинаты, студенттерге қызмет көрсету орталығы «Керемет», компьютерлі-техникалық жабдықтар, WI-FI сымсыз интернет желісі, оқу базасымен қамтылған заманауи баспа-полиграфиялық кешен, ауқымы кең спорттық кешен, Дмитрий Баландин атындағы 25 метрлік жүзу бассейні сияқты орталықтар орналасқан. Онымен қоса ең бай кітапхана – әл-Фараби атындағы кітапхана орналасқан. Кітапхана өз кезегінде қойнауында 2 миллионнан астам кітап қоры бар зәулім мекемеде кез-келген студент өзіне қажетті мәліметтерге еш қиындықсыз қол жеткізе алады. Университет өзінің жан-жақты қызметін кең ауқымда жүргізіп, қарқынды дамып, жастардың бойында азаматтық, ұлтжандылық сезімдерін, ұрпақтар сабақтастық дәстүрлі үрдісін қалыптастыруда зор еңбек етуде.
Тағы да бір маңызды қаралатын мәселелер қатарына әлемнің 700 үздік университетінің арасында жүргізілетін Quacquarelli Symonds агенттігінің рейтингісіне Қазақстан ЖОО көшбасшысы ҚазҰУ бірінші рет 2009 жылы қатысып, сол кездің өзінде-ақ 60-650 шептен орын алған болатын. Сол бастама университетке серпіліс беріп, жоғары талаптар қойды. ҚазҰУ бір жыл ішінде топ-университеттердің 40-450 сатысына көтерілді. Бұл ретте ҚазҰУ әлемдік үздік университеттердің ортаңғы бөлігіне жақындаған Орталық Азиядағы тұңғыш университет болып саналады.
Университетіміздің негізгі мақсаты – жоғарғы білікті мамандарды даярлауға, әлемдік білім кеңістігінде интеграциялауға, өндіріске енгізілетін іргелі және қолданбалы зерттеулерді дамытуға бағытталған кең көлемдегі рухани-тәрбиелік мәні зор білім мен ғылым нәрімен сусындату. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде бүгінде білікті мамандар даярлайтын факультеттерде беделді ғылыми зертханалар мен мектептер шоғырланған. Соның ішінде жаныма жақын, қазіргі таңда өзім білім алып жатқан тарих, археология және этнология факультеті.
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің тарих факультеті – отандық және шетел тарихы, археология, этнология, музей ісі мен ескерткіштерді қорғау, мұрағаттану саласында жоғары дәрежелі маман дайындау ісінде еліміздегі көнекөз, ең мықты, бәрі мойындаған орталық болып табылады. Қазақстанның көптеген ғылыми, саяси, қоғамдық және іскер элитасы тарих факультетінің түлектері.
Тарих факультеті республикада алғашқылардың бірі болып Phd докторантурада тарих, дүние жүзі тарихы бағыттары бойынша мамандар дайындай бастаған.
Қазақ Ұлттық университеті адамның тұлға болып қалыптасуына ықпал етіп, тұлғаның жан-жақты қабілетін ашып көрсетуіне мүмкіндік беретін мекен. Сол себепті де, ҚазҰУ студенті болу өмірдің үлкен сәттіліктерінің бірі деп санаймын.
Қазақ ұлттық университетінде оқып жүрген жастардың қазір де, болашақта да жетістіктерге жету жолындағы мүмкіндіктері өте зор. Сонымен қатар, әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университеті – адамгершіліктің дәні егілген, жастық шақтың естен кетпес, мәңгілік мекені болып қалмақ.
т.ғ.к., доцент Хасанаева Л.М. 1-курс магистранты Даирова Г.Қ.