Оқушыларға
Дүниежүзілік білім мен мәдениеттің ұстазы
Ұлы даланың ұлық тұлғасы, даналық діңгегі Әбу Насыр әл-Фараби заманының әлеуметтік - саяси көзқарастарын, тіл мәдениетін, философиялық-гуманитарлық (философия, логика, этика, эстетика, саясат, социология, лингвистика, поэзия, шешендік өнер, музыка) және жаратылыстану (астрономия, астрология, физика, химия, география, космология, математика, медицина) ғылымдары салаларын терең меңгеріп, осы бағыттарда құнды ғылыми жаңалықтар ашты. Әл-Фараби бабамыз антиканың мол мұрасын, әсіресе, көне гректің Платон мен Аристотель секілді классик ойшылдарының философиялық көзқарастарын араб-мұсылман мәдениетіне енгізумен қатар, ислам мен антиканың идеяларына синтез жасауды да іске асырған ғұлама ғалым. Тарихқа үңіліп, шолу жасап «әлемнің екінші ұстазы» туралы айта кетсем деймін. Фараби өз дәуірінің рухани шамшырағы болған. Шын есімі – Әбу Насыр Әл-Фараби Әбу Насыр Мұхаммад ибн Тархан ибн Узлағ-Фараби. Қазақ халқының ұлы Отырар топырағынан шыққаны біз үшін мақтаныш. Әбу Насыр әл-Фараби Ароистотельдің, әл-Киндидің ізін қуып, философия мен ғылымның барлық салалары бойынша үлкен жетістіктерге жетеді. Әл-Фараби философия саласы бойынша грек ойшылы Аристотельдің біршама еңбектеріне түсініктемелер жазды. Ол еңбектері күні бүгінге дейін мән-маңызын жоғалтқан емес. Сөйтіп, Фараби шығыс пен батыстың ғылымы мен ежелгі мәдениетін таныстыруда рольі зор. Сондықтан да, ХІ ғасырда өмір сүрген Фарабидің ізін қуушы атақты Ибн-Сина тек Әбу Насыр түсіндірмелері арқылы ғана Аристотель еңбектерінің ойын ұғып, қуанғанынан қайыршыларға садақа үлестіргені жайлы жазған екен. Анығырақ айтсам, Аристотель шығармалары сол кездің өзінде-ақ араб тіліне аударылып үлгергенді. Бірақ, кейбір құнды ойлары бұрмаланып көрсетілді. Ал, көптеген еңбектері араб тіліне аударылмағандықтан, ұлы грек философының ойын түсіну қиын болды. Сол себепті де, көп тілді жетік меңгерген ұлы ғалым жерлесіміз Аристотель шығармаларына араб тілінде түсіндірме жазуды ұйғарды. Осылайша, ол ұлы философтың мұраларын жаңсақ пікірлерден тазартып, өз қалпында дұрыс түсіндіре біліп, өзінің бірінші ұстазға деген ғылым саласында үлкен адамгершілік, азаматтық іс-әрекетін таныта білген.
Қазақтың бас ақыны – Абай Құнанбайұлы Фараби трактаттарын көп оқыған. Әл-Фарабидің еңбектерін өте жоғары құрметтеген. Абай Құнанбайұлының өлеңдерінде философиялық мағынадағы ойларының бастау алар көзі Фараби еңбектерінде жатыр. Ұлы ақын Фарабидің түсіндіргеніндей жан құмары, жан қуаты деген қасиеттер тек адамға ғана тән нәрселер деп таныған. Қазақтың көптеген ғалымдары, ақиық ақындары, зерттеушілері де мәшһүр Фарабиді оқыған. Ендігі кезек жастарымызда.
Ғалымның ғұмырындағы ғажайып өзгерістер мен туындылар жайлы және оның кейінгі ұрпаққа аманат еткен ұлы шығармалары, терең зерттеп-зерделенген құнды дүниелері баршылық. Алайда, ауыз толтырып айтарлықтай мол мұраларын ұрпақтан ұрпаққа жеткізіп отыру ләзім. Себебі, болашақ жастарымыздың түйсігінде қайталанбас нағыз ұстаздың шеберлігі қалыптасқан абзал. Қазіргі таңда, ашынатыным, жастардың көбі біле бермейді. Тек қана өмірбаянымен, шығармаларымен ғана шектеледі.
Бабаларымыздың ұлағаты ұлықталсын деген мақсатпен, қазіргі жастарымызға шығыстың көрнекті ойшылы, ағартушы турасында және оның құнды деректері бойынша таныстырылым ұстаздар тарапынан түсіндіріледі.
Ардақты ұстаздарымыз барлық пәндерінде пәнаралық байланыста салыстыра отырып, сабақтастырып ұлы ойшылдың дәйек сөздерін көп пайдаланып, терең талдай білсе деймін.
Бимырзаева Әсел Маханбетқызы
Түркістан қаласы
№17 Ататүрік атындағы
мектеп-гимназиясының мұғалімі