Оқушыларға
Тарихты дұрыс жеткізе білейік...
Мешітбай Жұлдыз Нұртайқызы
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың 1-курс магистранты
Ғылыми жетекшісі: Төлебаев Тұрғанжан Әбеуұлы т.ғ.д, профессор
«Тарихыңды білмесең келешегіңді болжай алмайсың» деген нақыл сөз бәрімізге белгілі. Бұл дегеніміз, архив қойнауында жатқан әрбір құнды деректер мен әрбір тарихи құжаттар еліміздің бүгіні мен болашағы үшін өте маңызды.
Еліміз тәуелсіздік, егемендік мәртебесін алған кезінен бастап-ақ қоғам мен мемлекетте жаңа тарихи деректерді іздеп табу, оларды әр түрлі тақырыптық жинақтарда басып шығару процесі толыққанды іске аса бастады. Халқымыздың отаншылдық сезімі мен ұлттық бірлігін қалыптастыруға, еліміздің тарихын толыққанды зерттеуге, сол тарихи құжаттарды жариялай отырып, болашақ ұрпағымызға мол мұра ретінде қалдыру біздің архивист, археограф маманы ретінде басты міндетіміз деп білеміз. Бұл процесстері іске асыруға Қазақстан Республикасы Орталық мемлекеттік мұрағатында, Қазақстан Республикасы Президенті мұрағатында, Қазақстан Республикасы Орталық кино-фотоқұжаттар мен дыбыс жазбалар архивінде жүргізіліп жатқан қарқынды археографиялық ізденіс жұмыстары нақты дәлел. Олар аз уақыт ішінде Қазақстанның жаңа және қазіргі заман тарихының ең өзекті және зерттелмеген аспектілеріне арналған бірқатар арнаулы тарихи-құжаттық жинақтар дайындап, жариялады.
Архивтегі құжаттарды жариялау, оларды зерттеу тарих ғылымының зерттеулеріне сәйкес келуі тиіс. Алайда оны іздеу, құжаттарды сараптау, толықтығын анықтау жұмыстарын археограф және архивист мамандары іске асырады. Осыған байланысты құжаттық жарияланымдардың жариялануына талдау жасайтын болсақ, оның ішінде әсіресе журнал бетінде жарық көргендері жайлы О.В. Наумов: «Өкінішке орай, ғылыми-археографиялық жұмыста тәжірибенің аздығы құжатты жариялауға әзірлеу барысында байқалады, олар негізінен мыналар: біртұтастық сақталмайды, кейде біржақтылық байқалады, үзінді түрінде беру жиі ұшырасады, басылымдардың көпшілігінің кешенділігі бұзылады, құжатқа шолу жасауда қателіктерге жол беріледі» деген.
Бұл дегеніміз, архивтегі мол мұраларды жариялауға дайындауда тарихшылар тұрғысынан ғана емес, сонымен бірге басты рөлді архивист мамандары іске асыруы керек екендігін көрсетіп отыр.
Осыған байланысты әл-Фариби атындағы ҚазҰУ- нің, Тарих, археология және этнология факультетінде АТ-мұрағаттану және құжаттану мамандығының магистранттарына Археографияның теориялық методологиялық мәселелері және Электронды форматтағы құжаттық жарияланым пәндері жүргізіледі.
Бұл пәндерді меңгерудегі мақсатымыз, біз бірінші кезекте құжаттарды жариялауда архив саласы тұрғысынан және археография саласының тұрғысынан бағалауды үйренеміз. Архив құжаттарын іздеуден бастап, құжаттың мәтінімен жұмыс жасау, құжаттарға сараптама жүргізу, құжат құндылығын айқындау және құжаттың толықтығын бағалау, оларды археографиялық тұрғыда өңдеу және баспаға дайындауға дейінгі кезеңдерді іске асыруға үйренеміз. Сонымен қатар, аудиовизуалды құжаттарды жариялаудың ерекшеліктерін қазіргі кездегі заманауи ақпараттық технологиялар көмегімен электронды форматта жариялауға дайындай отырып, құжат құндылығына баға бере аламыз. Оларды басып шығаруға әзірлеудің жаңа заманауи технологиясын меңгеру қазіргі кезде негізгі міндет болып отыр.
Қорыта айтқанда, біз еліміздің болашағын ойлайтын, оның дамуымен өркендеуіне өз үлесін қосатын архивист маманы ретінде білім алудамыз. Әл-Фариби атындағы ҚазҰУ- нің, Тарих, археология және этнология факультетінде оқытылып жатқан бұл пәндер тарихты толық білу үшін, оны халқымызға дұрыс жеткізуге және толыққанды тарихи құжаттарды дұрыс жариялау үшін, жоғары деңгейдегі археограф мамандарының керек екендігіне айқын дәлел бола алады. Ал архивист мамандар халқымыздың жанашырлары мен тарихын қорғаушылар десек, артық айтпаймыз!