26 Қараша, Сейсенбі

Оқушыларға

Қос дипломды білім беру бағдаламалары: Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ және La Sapienza (Италия, Рим)






2010 жылы Қазақстан ресми түрде Болон декларациясына қосылды және Орталық Азияда бірінші болып еуропалық білім беру процесінің мүшесіне айналды. Қазір Болон процесіне қатысушы елдердің білім беру жүйесі мен еліміздің ұлттық жоғарғы білім беру жүйесінде модернизациялау, интеграциялау және бірыңғайландыру жұмыстары жалғасуда. ҚР-ның 60-тан астам университеттері Университеттер Ұлы Хартиясына қол қойды. Осы орайда Болон процесінің негізгі мақсаттарының бірі «еркін қозғалысты тиімді жүзеге асырудағы кедергілерді еңсеру арқылы ұтқырлыққа жәрдемдесу» болып табылады.

Осы тұрғыда ҚР Білім және Ғылым Министрлігі қабылдаған «Қос дипломды білім беру» бағдарламасы қызығушылық туғызады. Оның мәні: білім алушылар екі жеке диплом алады: қазақстандық және шетелдік университеттен. Студенттер кейбір курстарын өз университетінде аяқтайды, ал қалғандарын серіктес ЖОО-да екі жақтың да кредиттік жүйесін мойындау арқылы аяқтайды. Сабақтар, әдетте, орыс және/немесе ағылшын тілінде өткізіледі. Әдетте, қос дипломдық білім беру бағдарламаларына арналған орындар саны шектеулі және бәсекелестік өте жоғары.

Бірлескен қос дипломды бағдарламасын жүзеге асыру үшін алдын-ала көптеген күрделі жұмыстар жүргізіледі: келіссөздер, бағдарлама мазмұны, оқыту мазмұнына қатысты ортақ келісімге келу және оларды бекіту, оқу жоспарындағы өзгерістерді көрсету, құжаттар жинағын дайындау және т.б. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да серіктес ЖОО-мен (әлемдегі 300-ден астам университеттер) Ынтымақтастық аясында ондаған бағдарламаларды әзірледі, олар негізінен жоғары оқу орнынан кейінгі білім беруге қатысты. Қос дипломды бағдарламаны әзірлеу және жүзеге асыру халықаралық деңгейде мойындалудың куәсі болып табылады.

ҚазҰУ-дың Тарих, археология және этнология факультетінің 7М022 («Гуманитарлық ғылым») бағыты бойынша өзінің жетістіктері бар. Мысалы, 2011 жылы 30 наурызда әл- Фараби атындағы ҚазҰУ мен Ресей мемлекеттік гуманитарлық университеті арасында «Мұрағаттану, құжаттандыру және құжат істерін жүргізу» мамандығы бойынша бірлескен магистрлік жобаны жүзеге асыру бойынша қосымша келісімге қол қойылды.

2019 жылы «Тарих» мамандығы бойынша Ла-Сапиенза (Ла Сапиенца) университетімен қос дипломдық білім беру бағдарламасы іске қосылды. Бірлескен білім беру бағдарламасы бойынша магистранттардың алғашқы толқыны 2019 жылы бітіріп шықты. Бұл – әл-Фараби атындағы ҚазҰУ магистранты Меруерт Сейлбекова; Ла-Сапиенза университетінің магистранттары - Matteo Fraioli, Adriano Mastrorocco, Jessica Venturini, Farissi Siham. Сол сияқты жақында ғана Түркиядағы әдебиет және өнер университетімен келісімге қол қойылды. Факультет магистранттары олардың алдынан ашылып жатқан жаңа мүмкіндіктерге қуанып, оны әрқашан Тәуелсіздіктің жемісі деп біледі.

Н.Д. Нұртазина, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Қазақстан тарихы кафедрасының профессоры Ә.Түзелбек, тарих, археология және этнология факультетінің 7М02208 – мамандығының 1 курс магистранты