26 Қараша, Сейсенбі

Оқушыларға

Туған жерім мәңгілік жүрегімде






Ұлтарақтай болса да,

Ата-қоныс жер қымбат.

Ат төбеліндей болса да,

Туып-өскен ел қымбат.

Туған жер, туған ел, Отан – бір-бірімен іргесі бір ұғымдар. Отан мен жүрек те егіз секілді. Адамның жүрексіз өмір сүре алмайтыны белгілі болса, өз Отанынсыз да өмір сүре алмасы тайға таңба басқандай. Жүрек тоқтаса – өміріңнің біткені, ажалыңның жеткені, Отаныңнан тірідей айырылсаң – көкірегіңде жаныңның ұшқаны, көмейіңде тіліңнің кесілгені.

Әрбір пенденің шыр етіп жерге түскеннен-ақ тамыр жаяр топырағы – туған жері. Туған жерін тастап, Отанынан бөлінгенді бөрі жейді. «Отансыз адам – ормансыз бұлбұл». Қандай да бір өзге елдің байлығы таудай үйіліп жатса да, табиғатының ғажаптығы әлем жұртшылығына мәшһүр болып таралса да, өз еліңнің жусан, сасырына, ойлап айтқан сөзіңді де, ойнап айтқан сөзіңді де көтере білетін бауырмал жандардың көңілінің кеңдігіне, ниетінің пәктігіне тең келе алмайды. Менің Қазығұртыма да ешбір өлке парапар келе алмайды. Кеудемнен жаным шықса шығар, бірақ туған жерімнің есімі санамнан өшпейді. Қозыкөш жер жүрсең де, құрлық асып кетсең де, күнде бола бермейтін сағыныш сезімі бойыңды өртеп, іш құса болып, жүрегің шемендей шерленеді. «Тауда туған құлынның екі көзі таста болады» демекші, жер бетінің қай бұрышында жүрсем де, киелі Қазығұртыма қарай бүйрегім бұрып тұрады. Бірлігі мен тірлігі жарасқан, тірегі мен тілегі бір, тәуелсіздігі мен жасампаздығы берік Қазақстан дейтін қасиетті елдің топырағында дүниеге келгенімді мақтаныш етем. Қазақстаным мен Қазығұртымның есімін жүрегімнің түкпірінен өшірмеймін, өзгенің өшіруіне де жол бермеймін.

«Жер мәселесі – қазақтың тірі не өлі болуының мәселесі» - дейтін Ахмет Байтұрсынұлының сөзі бар. Осы сөздің тереңіне сүңгіп, түбін көздесек, туған жер – халықтың өткені, бүгіні мен келешегі екендігін меңзеп тұр-ау. Жерімізден айырылсақ - әлем картасынан атымыздың өшкені, дінімізден адасып, тілімізді жоғалтқанымыз. Ел үшін еміреніп, жер үшін тебіренетін сәттің уақыты жетіп, сағаты соққан кезде асыл ерлер кіжінуі де, килігуі де көп жауыз жауларын қабақтарынан қар жауған күйі қарсы алды. Ақ білектің күшімен, ақ найзаның ұшымен ел қорғанына айналған қазақтың батыр да, батыл азаматтары шабуыл отын туғызған жаулардың баршасын бүркіт басқан түлкідей етіп отырды, белдескеннің белін бүгіп, тірескеннің тізесін сындырды. Оларды мұндай іске баруға ықпал етіп отырған көзге көрінбейтін, құлақпен ести алмайтын, сөзбен жеткізе алмайтын ерекше бір сезім бар, ол – туған жерге деген махаббат, Отанға деген сүйіспеншілік, туған елге деген құрмет. Міне, кезінде ата-бабаларымыздың қасық қанымен қорғаған жерінде бейбітшілік ұранымен, бақытты да баянды ғұмыр кешіп жатырмыз. Ел арасына жарық жылдамдығындай тез тараған ерен ерліктерді туғызған туған жерге деген сүйіспеншілік біздей жастардың да жүрегінен ойып тұрып орын алған. Өзге елдің жақсысы болып күн кешкенше, өз еліміздің сақшысы болу – ең мәртебелі іс. Жүгірген аңның аяғы, ұшқан құстың қанаты талатын ұлан-ғайыр жерімізді көзіміздің қарашығындай сақтап, күннен-күнге көркейіп, кең қанат жаюына жаңбыр суының бір тамшысындай болса да үлес тигізу – біздің қолымызда!