Оқушыларға
Қазыналы кітап үйі
Оспанова Гүлмария Тұрысбекқызы
Əл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың филология жəне əлем тілдері факультетінің
қазақ тілі мен əдебиетінің 2-курс студентті
Көпшілік қауымның, әсіресе, жастардың құнды қазына кітапқа деген сұранысы күннен-күнге артып келе жатқанын көріп жүрміз. Тіпті, бүгінде кітап оқу сәнге айналды десек, артық айтқанымыз емес. Бұл, әрине, қуантарлық жайт. Оған әлеуметтік желілерде кітаптар жайлы қызықты жазбалар жазатын парақшалардың көбеюі, түрлі жанрдағы кітаптардың бірнеше тиражбен жарыққа шығуы, сондай-ақ, кітап дүкендерінің қарқынды жұмысы дәлел.
Бұл тұрғыда рухани байлықты барынша насихаттап, қазақ тілді кітап нарығының қалыптасуына өз үлесін қосып жүрген «Qazyna» кітап үйін ерекше атап өткеніміз жөн.
Биылғы жылдың сәуір айында өз жұмысын бастаған кітап дүкені аз ғана уақыт ішінде оқырман қауымның ыстық ықыласына бөленіп үлгерді. Осындай игі бастаманың негізін қалаған - Алмас Шәйкен болса, кітап қорын топтастырып, жинаған - Күлтегін Аспанұлы. «Қазынаның» жалпы 40 мыңға жуық кітап қоры бар. Ал саны жағынан 3500 кітапты құрайды.
Өзге кітап дүкендері сияқты кітапты сатып қана қоймай, тың жобалар мен ізгі іс-шараларды ұдайы ұйымдастыруы- «Қазынаның» басты ерекшелігі.
Кітап үйінің айрықша жобаларының бірі- белгілі ақын-жазушылар, қоғам, мәдениет қайраткерлерімен жүздесу өткізетін «Qazynaly gonaq» жобасының кітапқа деген қызығушылықты одан әрі арттыра түсуде маңызы зор. Себебі, өздері үлгі тұтатын тұлғалардың руханият, соның ішінде кітап оқу жайлы тағылымды кеңестері оқырмандарға ой салмай қоймайды. Бұл жобаның алғашқы қонағы- белгілі саясаткер, қоғам қайреткері Дос Көшіммен өткен кездесуде ұлт тағдырына қатысты өзекті мәселелер сөз болды.
Одан соң, этнограф, жазушы, қазақ дәстүрінің насихатшысы Зейнеп Ахметовамен болған сүбелі сұхбатта «Күретамыр» кітабының негізінде салт-дәстүр, ұлттық тәрбиенің қыр-сыры жайында әсерлі әңгіме өрбіді. Кейінгі кездесулер Күлзия Нааби, Кәмшат Бекжігітова сынды кәсіби коуч, психологтармен өзіндік даму, өзгеріс тақыптарының аясында болды. Ал халқымыздың көрнекті ақыны, ұлт жанашыры Мұхтар Шаханов, Қазақстанның халық әртісі, актер Тұңғышбай Жаманқұлов, сонымен бірге, ережесіз жекпе-жектен әлемнің үш дүркін чемпионы, қоғамдық ағартушы Ардақ Назаров, дубляж актері Азамат Қанапиялармен болған жүздесулер кітапсүйерлерге есте қаларлықтай әсер қалдырды.
Сонымен қатар, кітап дүкені осы уақытқа дейін екі мәрте «Qazynaparty»- қала жастарымен бірге ән айтып, күй шертіп, жұртшылықтың көңілін көтеретін рухани кеш ұйымдастырды. Көмекке мұқтаж жандарға қол ұшын созуды мақсат еткен «Қазынамен қайырымдылық» атты игілікті шарасы тағы бар.
Жуырда ғана, яғни, қыркүйектің 29-ы күні «Оқы» оқырмандар клубы өз жұмысын бастады. Бұдан былай тұрақты оқырмандар бас қосып, «Қазына» кітап үйінде түрлі қазақша кітаптарды бірге талдайтын болады. Бұл да өз кезегінде кітап оқу мәдениетінің жоғарылауына септігін тигізері сөзсіз.
Осылайша, ұлттық құндылықтарымызды дәріптеп, кітап имиджін көтеруге, сол арқылы тіліміздің мәртебесін биіктетуге барынша атсалысып жүрген «Qazyna» бүгінде кітапсүйер қауымның сүйікті мекеніне айналды. Рухани кемелдікке ұмтылған әрбір қазақ үшін бұл кітап үйі- таптырмас мүмкіндік.