26 Қараша, Сейсенбі

Оқушыларға

Денсаулық






Денсаулығы ғаламның – денсаулығы адамның

Оқушыларға салауатты өмір салтын насихаттай отырып, зиянды әдеттерден сақтандырып, спортпен шұғылданудың пайдасын түсіндіру арқылы сымбаттылыққа, ұқыптылыққа, ептілікке, шапшаңдыққа, тазалыққа, еңбексүйгіштікке тәрбиелеу мақсатында Алматы қаласындағы №180 жалпы білім беретін мектептің 5 «А» сынып оқушыларына «Денсаулығы ғаламның – денсаулығы адамның» тақырыбында ашық сынып сағаты жоғары дәрежеде өткізілді.

Денсаулық – зор байлық. Осы зор байлықты қадірлеу, күтіп ұстау, тазалық сақтау, жеке бас гигиенасы, дұрыс тамақтану, салауатты өмір салтын ұстану, дене шынықтыру жөніндегі мәселелер қамтылған ашық сынып сағатында оқушылар құнды мәліметтер жинап, өзара топтар арасында пікір алмасты. Фаст-фуд өнімдері мен газдалған, энергетикалық сусындардың адам денсаулығына зиянды жақтары айтылды.

Дені сау ұрпақ – ұлт болашағы. Еліміздің ертеңгі тұтқасын ұстайтын жас ұрпақ бүгіннен денсаулық мәселесіне жіті көңіл аударса, келешегіміз жарқын болары сөзсіз. Денсаулығы нашар адамның көңіл-күйі болмайды, ешқандай жұмысқа жарамсыз болады, табыс тауып қоғамға пайдасын тигізбейтіні туралы оқушылар өз ойларын жарыса жеткізді. Қазірден денсаулықтың зор байлық екенін ұғынып өскен жастар, ертең еліміздің келешегін ойлайтын саналы, салауатты өмір салтын ұстанатын мықты, жігерлі азаматы болып қалыптасады.

Оқушылар, қарапайым ғана қолды дұрыстап жуу, тіс тазалау, дене жаттығуларын жасау, шаш күтімі, құнарлы тағамдарды жеу – денсаулық күтудің бір саласы екендігін ұғынды. Сонымен қатар сыныпта спорттық секцияларға қатысатын балалар да шымыр болып өсудің құпияларымен бөлісті. Олар күнделікті таңертең жүгіру, табиғатта серуендеу де денсаулыққа жақсы әсер ететінін айтып өтті. Сонымен қатар компьютерлік ойындар мен ұялы телефон, планшеттердегі түрлі ойындар көздің нашарлауына әкеліп соғатынын, дене қимылын азайтып, денсаулыққа кері әсер ететінін де бірнеше мысалдар арқылы оқушылар өз ойларын еркін жеткізе білді.

«Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде», «Жалқаулық – жаман ауру», «Тазалық – саулық негізі, саулық – байлық негізі», т.б. денсаулыққа байланысты мақал-мәтелдердің мағынасын ашып, оған қатысты өз пікірлерімен бөлісті.

Қорыта келгенде, жасөспірімдер денсаулықтың басты байлық екендігін ұғынып, зиянды әдеттерге жоламай, салауатты өмір салтын ұстанудың маңыздылығын сезінді. Тәуелсіз ел тірегі – дені сау, саналы ұрпақ екеніне көз жеткізген оқушылар еліміздің ертеңгі қамын ойлайтын, мықты, қайсар да қайратты болып өсетініне сенімім мол.



Алматы қаласы Алатау ауданы

№180 жалпы білім беретін мектептің

5 «А» сынып жетекшісі Торыбаева Гульжахан Ауесханқызы