26 Қараша, Сейсенбі

Оқушыларға

Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру






Бүгінгі таңда әлем көз ілеспес жылдамдықпен өзгеріп жатыр. Әлемнің бағыты, болашағы бұлыңғыр болып тұрған сәтте, Елбасы Н. Ә. Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласы елді жарқын болашаққа бастайтын даңғыл жол болмақ.

Рухани жаңғыру – адам баласының оның ішкі жан дүниесінің жаңғыруы, санасы, түсінігі жаңа өзгерістерді саралап, дұрыс қабылдай білуінде. Рухани жаңғыру бастауын бүгін алған мәселе емес. Бұл бағытта атқарылып жатқан жұмыстар да аз емес.

Қазір білектінің емес, білімдінің салтанат құрған уақыты. Табысты болудың кілті – білімде. Саналы ұрпақ тәрбиелеп, білім беру - Елбасы саясатының басты және негізгі бағыттарының бірі. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан бастап, мыңдаған жасты әлемнің маңдайалды жоғары оқу орындарында білім алуға мүмкіндік беретін Болашақ бағдарламасы жүзеге асырылуы, елімізде жоғары деңгейде бірқатар университеттердің ашылуы, зияткерлік мектептер жүйесінің қалыптасуы білім беру саласындағы жетістіктің нақты көрсеткіші бола алады.

Елдің жарқын болашағы білімді жастардың қолында. Осы тұрғыда ұстаздарға қойылатын талап та жоғарылады. Бүгінгі ұстаз шәкіртіне ғылым негіздерінен мәлімет беріп қана қоймай, алған білімін шынайы өмірмен ұштастырып, оны дүниежүзілік білім, ақпарат, эконoмика кеңістігіне шығуға, яғни қaтаң бәсекe жағдайында өміp сүруге тәpбиелеуі керек.

Қазақстанның бірінші жаңғыруы 25 жыл бұрын КСРО-ның қирандысынан шығып, өз жолымызды дербес мемлекет ретінде бастағанымыздан басталған болатын.

Екінші жаңғыру «Қазақстан-2030» стратегиясының қабылдануымен және жаңа елорда - Астананың салынуымен басталды. Үшінші жаңғыру Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласымен жалғасын табуда. Ұлт санасының жаңғыруын мақсат еткен бұл еңбек- бағдарламалық құжат. Үлкен екі бөлімнен тұратын мақаланың екінші жартысында Елбасы кез келген жаңғырудың ең алдымен Ұлттық болмысқа, дәстүрдің замана сынынан сүрінбей өткен озығына негізделуін қадап айтып отыр.

Н.Ә.Назарбаев бұл ретте, тұтас қоғамның және әрбір қазақстандықтың санасын жаңғыртудың бірнеше бағытына жеке-жеке тоқталады. «Сананы жаңғыртудың» мазмұнын негіздей отырып, Президент жаңғырудың алты бағытын белгілейді:

1. Бәсекеге қабілеттілік;

2. Прагматизм;

3. Ұлттық бірегейлікті сақтау;

4. Білімнің салтанат құруы;

5. Қазақстанның революциялық емес, эволюциялық дамуы;

6. Сананың ашықтығы.

Аталмыш бағыттардың бәрі барынша өзектендірілген және уақыттың талаптарына нақты жауап береді. «Мәңгілік ел» болуымыз үшін бізге ауадай қажетті қасиеттер мен құндылықтардың қайнары тоғысып, ақыл-парасаты толысқан, ғаламдық ғылымды игерген адамдар көп болса, еліміз өркениетті, бәсекеге қабілетті болатыны ақиқат. «Болашақта ұлттың табысты болуы оның табиғи байлығымен емес, адамдарының бәсекелік қабілетімен айқындалады… Сондықтан, әрбір қазақстандық, сол арқылы тұтас ұлт ХХІ ғасырға лайықты қасиеттерге ие болуы керек. Мысалы, компьютерлік сауаттылық, шет тілдерін білу, мәдени ашықтық сияқты факторлар әркімнің алға басуына сөзсіз қажетті алғышарттардың санатында. Сол себепті, «Цифрлы Қазақстан», «Үш тілде білім беру», «Мәдени және конфессияаралық келісім» сияқты бағдарламалар – ұлтымызды, яғни барша қазақстандықтарды ХХІ ғасырдың талаптарына даярлаудың қамы», – деп ашып көрсетеді. Бәсекеге қабілеттілік саясат пен экономикада, білім, ғылымда, технологияда, яғни барлық салада болуы тиіс. Латын әліпбиіне көшу – Мәңгілік Елдің рухани жаңғыруының басы болса, «Туған жер»бағдарламасы жаңа ғасырдағы әлемдік, өңірлік, ішкі-сыртқы тәуекелдерге қарсы тұра алатын отаншылдық тәрбиенің, ұлтжандылықтың кепілі болмақ.

Сондай-ақ,«Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасы жалпыұлттық қасиетті орындарды және аса қастерлі жерлерді сақтауға, әрі елдегі туристік инфрақұрылымды дамытуға мүмкіндік береді. «Жаһандағы заманауи қазақстандық мәдениет» жобасын іске асыру Қазақстанды өз шығармашылығы арқылы дүние жүзіне танытатын көптеген таланттарға жол ашады.

«Қазақстандағы 100 жаңа есім» жобасы бүгінгі замандастарымыздың түрлі салалардағы жетістіктерін дәріптеуді қамтамасыз етеді және жастарды адамгершілікке тәрбиелеудің жарқын үлгісі болады. Бұл тапсырмалар мемлекеттің және азаматтық қоғамның барлық идеологиялық жұмысының орта мерзімді перспективадағы негізі болады. Назарбаев айтқандай: «Болашақтың негізі, білім ордаларының аудиторияларында қаланады». «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасын жүзеге асырып, қоғамдық және гуманитарлық ғылымдарды оқытудың жаңа деңгейіне шығу мына мақсаттарға қол жеткізуді көздейді: – еліміздің барлық жоғарғы оқу орындарында гуманитарлық ғылым кафедраларын қайта құру; – гуманитарлық білімнің барлық бағыттары бойынша әлемдегі ең үздік 100 кітапты қазақ тіліне аудару; – мемлекеттік емес Ұлттық аударма бюросын құру. Оқулықтарды қазақ тіліне аудару жобасының жиынтық әсері 2018-2019 жылдардан бастап еліміздегі жоғары оқу орындарының студенттері қоғамдық және гуманитарлық ғылымдар бойынша әлемде үздік оқу үлгілері болып табылатын кітаптармен оқуды бастайды.

Суға басында отырған ел емес, аяқта қоныс еткен ел иелік етеді деп қорытындыласақ ұлттық идеологиясы темірқазығына айналған табысты ел болуымыз үшін жақсылыққа ұмтылып, жаманшылықтан арылып, саналы түрде барлық қасиеттерімізді ізгілендіріп, сананы рухани жағынан үнемі жетілдіріп, дамытып отыруға тиістіміз. Ең бастысы – бағыт-бағдарымыз анық, жолымыз жарқын.