26 Қараша, Сейсенбі

Оқушыларға

Журналист болғым келеді...






Мамандық... Осы бір 8 әріпті сөзді естігенде тұла бойымды үрей дерті билейді. Болашақ өмірім осы сөзге тікелей байланысты секілді. Оны дұрыс таңдасам, айым оңынан туып, жолым болады. Ал таңдауым қате болса, өмір бойы өкініп өтетіндеймін. Мамандықты биыл таңдадым. Нақты шешім қабылдап, бір мамандықты таңдау өзім ойлағандай оңай болмады. Өз қабілеттерім мен қызығушылықтарыма, аңсаған армандарым мен материалдық жағдайыма байланысты мамандық таңдау миссиясын да орындадым. Мен журналист боламын деп шешім қабылдадым. Былайша айтқанда, „Өнер” атты биік шыңның алғашқы баспалдағына мінгелі тұрмын. Өнер жолы – ауыр жол. Ауыр болса да шыдаймын деп уәде бердім өзіме. „Дәл осы мамандықты неге таңдадың?” – деп сұрайтындар да жоқ емес. Алыс-жақынның бәрі соны білуге құштар. Расында да менің неге журналист болғым келеді?

Мен бала күнімнен түрлі жарыстарға қатысып, сахна әлемінде бағымды талай рет сынадым. Бір кездері жеңіс туын желбіретсем, кейде өз жолымды қарсыластарыма беретінмін. Сахнаға шыққан алғашқы күндерден сахнада өнер көрсетудің өзіме жарасатынын, бұл өнерді әрі қарай шыңдау қолымнан келетінін түсіндім. Бала күннен өнер адамы болуды, соның ішінде журналист болуды армандаушы едім. „Біреудің арман-мақсатына күлмеңіз. Алдымен өз арманыңыз туралы ойланыңыз” деген нақыл сөз бар екен. Алайда менің арманыма күлгендер көп болды. „Саған журналист болу қайда?”, „Журналист болу еріккеннің ермегі деймісің?” деген пікірлерді жиі естуші едім. Осы сөздерді жаныма жақын адамдардан естігенде өзімді қоярға жер таппай, көңіл-күйім түсетін. Уақыт өте олардың сөздерінің өзіме пайдасы тиіп жатқанын түсіндім. Мен өзге адамдар айтқан сөздерден кейін ғана әрекет етуді бастаған екенмін. Олардың сөздері мені жігерлендіруші сөздер болған секілді. Сол сөздердің арқасында бағындырған белестерім мен асқан асуларым айтарлықтай көп болды. Бірақ пікір айтушы адамдар өз ойларында қалды, өзгертпеді. Соларға өзімнің жетер жетістіктерімнің алда екенін, журналист болу маған арналған мамандық екенін дәлелдеу үшін өнер жолына түстім.

Мен өзімді шығармашыл адаммын деп есептеймін. Мақтанғаным емес, бір бойымда бірнеше өнердің бар екенін жанымда жүргендер жақсы біледі. Мен сурет саламын, мәнерлеп өлең оқимын, эссе-шығармалар жазамын, кейде өлең құрастыратыным және бар. Уақытымды босқа өткізіп жатқан жоқпын. Бос уақытымда жаңалық тыңдағанды, атақты адамдардың өмірбаяндарын оқығанды жаным сүйеді. Ішіндегі мақсатымыз бір, ұқсас мінез-құлықтарымыз бар адамдарды кумирлерім деп есептеймін. Оларға қарап шабыт алып, өзімнің кемшіліктерімді түзеудемін. Мені қуантатыны – олардың санының күннен-күнге өсуі. Осы күнге дейін кумирім деп санайтын бірнеше адамды көзбе-көз көрдім. Олармен сұхбаттасу былай тұрсын, шама-шарқым амандасу және суретке түсумен шектелді. Бұған да ризамын. Сол кісілерді көзбе-көз көргенде ішімде біртүрлі сезімдер пайда болып, тілім байланды да қалды. Ендігі мақсат – кумирлеріммен тілдесу. Олардың ойында өзім туралы жақсы пікір қалыптастыру. Менің үлгі тұтатын адамдарымның қатарында тек қана қазақтар емес, әлем жұлдыздары да бар. Олармен сұхбаттасу үшін қосымша ағылшын тілін де үйренудемін. Әлем жұлдыздарымен тілдесудегі негізгі мақсат – Қазақстанды әлемге басқа қырынан таныту, өзімнің басқа да мүмкіндіктерімді жақсы жағынан пайдалану. Демек кумирлеріммен тілдесу үшін кәсіби маман, журналист болудың пайдалы екені белгілі болды.

Мен үйдегі жалғыз қызбын. Ағам және інім бар. Екі жігіттің арасында өскендіктен бе ер бала секілдімін. Киім-киісім, жүріс-тұрысым бәрі-бәрі ер баланыкіндей. Ағам ылғи ізденісте жүретін, жаңалық ойлап табатын. Нақыл сөздер жазылған кітаптан „Арбаның алдыңғы аяғы қайда дөңгелесе, артқы аяғы да сонда дөңгелейді” деген жолдарды оқығанмын. Бұл рас екен. Мен де ағамның жолына түстім. Мені де жаңа дүниелер ойлап табу қызықтырды. Соған байланысты мамандық та іздедім. Сонда журналистиканың ылғи ізденісте жүретін адамды тәрбиелейтін мамандық екенін бір жерден оқыдым. Әрі қарай ізденісімді жалғастыра түстім. Журналист мамандығының жақсы және жаман қырларын өзімше салыстырдым. Әрине, жақсы жағы басым болды. Сондықтан да таңдауым журналистика болып отқан жоқ па?! Журналист болу оңай емес. Олардың басы ылғи қауіп-қатерде жүреді. Олар халыққа жағымды болу үшін әрқашан шындықты айтуы қажет. Шындық айтылған жерде ғана халық пен журналистің арасында берік байланыс болады. Ал мен өзімнің әрдайым шындықты айтып, халықтың мұң-мұқтажын билік басындағыларға жеткіземін деп уәде беремін.

Қазіргі таңда арманым мен алға қойған мақсатым бар. Бақыт құшағында тек алға жетелейтін себеп және себепкер жандар бар. Мақсатымды желкен, арманымды ескек етіп, өмір атты теңізді жүзіп өтуге дайынмын. „Бісміллә, Е, Алла, өзің жар бол” – деп, арманға жету жолына да түстім. Сәттілік серігім болсын!