Оқушыларға
Құнды мұралар мекені-Əл-Фараби кітапханасы
«Кітапхана - білім мен ғылымның, мәдениеттің орталығы. Кітаптың иісі мен тыныштық жайлаған кітапханалар- кітапсүйер қауымның сүйікті мекені» деп бекер айтылмаса керек. Білімге құштар барша жанның осындай рухани ортасының бірі де бірегейі- Алматы қаласындағы Әл-Фараби атындағы кітапхана. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың оқу және ғылыми үдерістерін ақпараттық-кітапханалық қызметпен қамтамасыз ететін құрылымдық бөлімшесі саналатын бұл орталық- ҚР Ұлттық кітапханасынан кейінгі еліміздегі ауқымды кітапхана. Кітапхананың өзіндік ерекшелігі- төрт қабаттан тұратын ғимаратындағы әр қабаттың «Әл-Фараби», «Ұлы дала», «Алаш», «Мәңгілік ел» атты арнайы атаулары бар.
Бірінші қабатында Әл-Фараби орталығы мен мұражайы, екіншісінде оқу залы , үшіншісінде электронды зал, ал төртінші қабатында заманауи үлгідегі 4 конференция залдары орналасқан. Бұдан бөлек, магистранттар залы, газет пен журналдың 250 атауын табуға болатын мерзімді басылымдар залы, сондай-ақ, XVI-XIX ғасырлық сирек кітаптар мен қолжазбалар сақталған құнды басылымдар залы бар.
Ал 2017 жылы ашылған Тұңғыш Президент залы Қазақстанның тәуелсіз мемлекеттілігінің қалыптасу және нығаю тарихы бойынша ақпарат ауқымын жасау, үнемі толықтыру және сақтау міндеттерін атқаратын мәдени-ағартушылық орталық болып саналады. Бұл залдың ашылу қарсаңында кітапхана қызметкері Ақмарал Амангелдіқызы арнайы Ақордаға барып, Елбасының кітаптарын, сонымен қатар, өзге де құнды мұраларын алып келген. Әлем елдерінің кітап бұрышында Жапония, Қытай, Ауғанстан және т.б. елдердің әдеби мұралары сақталған. Сонымен қатар, бұл жерден Америкадан шыққан ең алғашқы газеттің көшірмесін де таба аламыз.
Бүгінде кітапханадағы кітап қоры 2 млн-нан асады. «Болашаққа бағдар:рухани жаңғыру» бағдарламасының аясында қолға алынған «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасының жүзеге асуына, яғни, кітаптардың аударылып, жарыққа шығуына кітапхана үлкен үлесін қосып отыр. Тағы бір артықшылығы - мұнда елімізде тек екі жерде ғана кездесетін сканерлік қызметтің озық үлгісі- « Kirtas kabis 3» жаңа техникасының болуы. Бар-жоғы 1 сағат ішінде 3000 беттік кітапты электронды нұсқаға көшіретін бұл құрылғы оқырмандарға кітапты онлайн түрде оқуға мүмкіндік береді.
Әл-Фараби атындағы кітапхана оқу ордасының ақпараттық, білім беру және мәдени орталығы ретінде қызмет көрсетіп, көпшілік қауымды аса бай кітап қорымен және электронды ресурстармен қамтамасыз етіп келеді.