26 Қараша, Сейсенбі

Оқушыларға

Қазақ қолөнері. Ағаш бұйымдар






Оңтүстік Қазақстан обылысы
Шардара ауданы
№16 колледж
Өндірістік оқыту шебері Пантаев Еркеғали Сыдықұлы

Қазақ халқы өзінің күн көріс тіршілігіне қажетті үй-жай салуды, киім-кешек тігуді, азық-түлік өндіруді өзінің тұрмыстың кәсібі етіп, оларды күнбе-күнгі тіршілік барысында орынды пайдаланса, әсем бұйымдар жасап, өмірде сән-салтанат та құра білді. Халықтың қолөнеріне әдет-гұрып жабдықтарымен қатар, аң аулауға, мал өсіруге және егіншілікке қажетті құрал жабдықтар да кіреді. Киіз үйдің сүйегі, ағаш керует, кебеже, сандық жасап, кілем, сырмақ, алаша, ши, түрлі бау-басқұрлар тоқып, арқан, жіп есіп, көннен және илеулі теріден қайыс, таспа тіліп, өрім өріп, қолдан әр алуан ыдыс-аяқ, адалбақан, асадал, бесік және т. б. көптеген заттарды халық шеберлері, өнерпаздар өз қолдарымен жасады.


Қазақ ою-өрнектері

Ою-өрнек ісі тым ерте заманнан бастап-ақ қолөнерінің барлық түріне бірдей ортақ әсемдеп әшекейлеудің негізі болып келді. Ою деген сөзбен өрнек деген сөздің мағынасы бір. Бұл сөздің ұғымында бір нәрсені ойып, кесіп алып жасау немесе екі затты оя кесіп қиюластырып жасау, бір нәрсенің бетіне ойып бедер түсіру деген мағына жатады. Ал өрнек дегеніміз әр түрлі ою, бедер, бейненің, күйдіріп, жалатып, бояп, батырып, қалыптап істеген көркемдік түрлердің, әшекейлердің ортаң атауы іспеттес. Сондықтан көбінесе ою-өрнек деп қосарланып айтыла береді. Ертедегі қазақ оюларын мазмұны жағынан іріктесек, негізінен 3 түрлі ұғымды бейнелейді. Олар: біріншіден, мал өсіру мен аңшылықты, екіншіден, жер-су, көшіп-қону көріністерін, үшіншіден, күнделікті өмірде кездесетін әр түрлі заттардың сыртқы бейнесін береді. Шеберлер іске беріліп, жұмыс әдісіне төселе келе өздерінің көрген ою-үлгілерін жатқа жасап, оюға өз бетімен жаңа түрлер енгізу дәрежесіне жетті. Халық мұндай адамдарды «оюшы» деп атады. Әрбір елде, әрбір руда атағы шыққан таңдаулы оюшылар болды. Ондайлар өз өнерінің тамаша үлгісін өзінің руына, маңайындағы елдерге таратып отырды. Осыдан келіп әр түрлі ою-өрнектерде, киімдер мен кілемдерде, сырмақтар мен кестелерде және т. с. с. «арғын үлгісі», «керей үлгісі» немесе «ұлы жүздің үлгісі», «орта жүздің үлгісі», «кіші жүздің үлгісі» деген мәнерлер пайда болды. Осы ою-өрнектердің көп қолданылатындарына, сондықтан да халық шеберлерінің көпшілігіне белгілі атауларының кейбір түрлеріне әдейі тоқтап өтейік.

Ою-өрнектердің түрлері

«МҮЙІЗ» - қазақ оюының ең көне мәнері. Ою-өрнектің бұл элементі мүйізді мегзеуден шыққан. «Мұйіз» ою-өрнек кейде ұсақ, кейде ірі болып келеді. Ұсақ түрлері ағаш, сүйек, мүйіз сияқты нәзік қолөнер саласында қолданады. Ірі түрлері сырмақ, текемет, алаша, кілем, сәулет өнерінде сан түрлі мәнерде қолданылады. Мүйіз элементтері «аймүйіз», «қосмүйіз», «сыңармүйіз», «сынықмүйіз», «қырықмүйіз», «маралмүйіз», «еркешмүйіз», «қошқармүйіз» т.б. түрлерге бөлінеді. «Мүйіз» өрнегі үй жиһаздарында (кілем, сырмақ, текемет, алаша, көрпе, түскиіз, шымши), тұрмыстық заттарда (саба, шанаш, күбі, оқшантай, торсық, сандық т.б.), сондай-ақ қару-жарақтарда (қынап, оқшантай, торсық, садақ), киім-кешек, ат әбзелдерінде (ертоқым, айыл) қолданылады, жалпы бұл элементтің қолданбайтын жері жоқ десе де болады.

«ҚОШҚАРМҮЙІЗ» ою-өрнегі қойдың төбесі мен екі жаққа иіріле түскен мүйіз бейнесінде келіп, оның қолтық тұсынан қоидың құлағын долбарлайтын тағы бір шолақ мүйіз тәрізді екі буын шығып тұрады. Одан байқаған адамға қошқардың тұмсық бейнесі аңғарылады. Текемет, сырмак, басқұр, алаша, кілем, былғары, сүйек, ағаш, зергерлік бұйымдардың барлық түрлерінде кездеседі. Киізден жасалған бұйымдарда бұл ою түсті шүберектермен ойылып, құрақ, яғни аппликациялық өрнек түрінде де тігіледі.

«ҚОСМҮЙІЗ» ою-өрнегі қойдың, ешкінің, сиырдың екі мүйізін ғана бейнелейді және кейде «ырғақ», кейде «ілмек» деп аталатын оюларды «қосмүйіз» дейді. Үй жиһаздары мен тұрмыстық заттарды, киім-кешек, қару-жарақтарды безендіру үшін пайдаланатын қой, ешкі, сиыр, бұғы, марал сияқты жануарлардың қос мүйізін бейнелейтін ою-өрнек. Қазіргі кезде «қосмүйіз» ою-өрнегін сәукелеге, айыр қалпақтың төбесіне, шетіне, қамзолдың алдыңғы жағына, етіктің қонышына салады.

«АРҚАРМҮЙІЗ» деп аталатын ою-өрнек қойдың мүйізін бейнелейтін оюдың түрі. Бұл элемент «қошқармүйізге» өте ұқсас, бірақ, оған қарағанда шиыршықтанып, тармағы одан көбірек болып келеді (кілем, тұскиіз, сыр- мақ, кесте, киім-кешек пен үй жиһаздарында кездеседі).

«ӨРКЕШ» ою-өрнегі түйенің қос өркешін бейнелейді. Сырмақ, текемет, тұскиіздерге салынатын ою-өрнек композициясында көбірек кездесетін элемент. Қазақ оюында мал мен аңның қос мүйізін, түйенің қос өркешін, биенің қос емшегін бейнелеу тек симметриялық тепе-теңдік үшін ғана емес, сонымен қатар береке-бірліктің, көбеюдің символын білдіреді.

«СЫНЫҚМҮЙІЗ» морт сынған тік төртбұрыш жасап, төрт рет ішке қарай иіледі. Бұл ою-өрнек кілемдерді, шилерді, басқұр мен алашаларды, сондай-ақ әр түрлі қалталарды безендіру үшін пайдаланылады, ал сырт көрінісі малдың сынған мүйізіне ұқсайды.


Ағаш бұйымдары

Қазақтың ұлттық қолөнерінде ағаштан көптеген заттар жасалады. Балташылар, ағаш ұсталары, ершілер қайыңды, үйеңкіні, үйшілер, ағаш ойып, шыбық өріп тоқушылар талды пайдаланады. Балташылар үй борайды, еден төсеп, арба, шана, жақтау, қақпа, тіреу сияқты ірі заттарды істейді. Ағаш ұстасы стол, шкаф, сөре, орындық, кебеже, асадал, рамалар жасайды. Ағаш оюшылар оны жонып күйдіреді де бояулап өрнектейді. Шыбық өрушілер, тоқушылар қамыстан, шидан қорап, шыпта, орындық, шарбақ сияқты заттарды өреді. Бұл жұмысқа бұтақсыз, оқырасы жоқ, таза ағаш таңдап алынады.

Ағаш шеберлері балта, пышқы, үстірік (сүргі), бұрғы, ағаш түрпісі, тез, қысқы, үскі, қашау сияқты аспаптарды пайдаланады. Бұлардан басқа түрлі өлшеуіш пен үлгі, біз, қырғы, желім, бояу сияқты көмекші құралдары да болады.

Ағаштан бұйым жасайтын шеберлер: емен, қайың, самырсын, үйеңкі, қызыл қарағай, шынар, қара ағаш, ырғай, шырғай, тасжарған, мойыл, қайыңның түбірі (безі), жөке, тал, арша, жаңғақ ағашы, май қарағай сияқтыларды пайдаланады. Бұлардың бірі қатты, бірі жонуға оңай, жылтыр, ал кейбіреуі жарылмайтын, қаңсымайтын болса, енді кейбіреуі иілгіш, жеңіл, су сіңбейтін бірақ бояу сіңгіш, желім ұстағыш болады. Әрбір істің ерекшелігіне қарай әр түрлі сападағы ағаштар пайдаланылады.



Пайдаланылған әдебиететер:

Қазақ қолөнер энциклопедиясы

http://koshpendi.kz/index.php/kolone

https://kk.wikipedia.org