Оқушыларға
Ағылшын тілінің маңыздылығы
Ағылшын тілі (ағылш. English, English language) — Үнді-еуропа тілдері жанұясының батыс герман тобына жататын тіл. Ағылшын тілі ежелгі тіл болып есептеледі, ол қазіргі Ұлыбритания аумағын ежелде басып алған Англосаксондардың тілі, бірақ жауланған кельттердің тілдері де әсерін тигізген.
Ағылшын тілі — халықаралық тіл (де-факто - лингва франка). Әлемдегі ең көп тараған, әрі қытай тілінен кейінгі халық саны бойынша ең көп пайдаланатын тіл. Ағылшын тілі Ұлыбритания, Америка Құрама Штаттары, Жаңа Зеландия, Аустралия және басқа елдерде ана тілі болып есептеледі. Одан басқа көптеген мемлекеттерде ресми тілі болып саналады.
Ағылшын тілі — БҰҰ-ның алты тілінің бірі болып саналады. Ағылшын тілі — дүние жүзіне ең кең таралған тіл. Үнді-еуропа тілдерінің батыс герман тілдеріне жатады. Ағылшын тілі құрылымы жағынан флективті. Ұлыбритания, АҚШ, Аустралия, Жаңа Зеландияның мемлекеттік тілі болып табылады. Канадада (француз тілімен қатар), Ирландияда (ирланд тілімен қатар) мемлекеттік қос тілдің бірі. БҰҰ-да қабылданған ресми алты тілдің негізгісі. Алты құрлыққа кең тараған бұл тілде қазір 400 млн-нан астам адам сөйлейді. Қазақстанда да 20 ғасырдың 50-жылдарынан бастап Абылай хан атындағы Қазақ мемлекеттік халықаралық қатынастар және әлем тілдері университетінде, өзге де жоғары және орта оқу орындарында Ағылшын тілі оқытылып, мамандар дайындалды. Жеке пән түрінде мектеп бағдарламаларына енгізілді.
«Қазақстан бүкіл әлемде үш тілді пайдаланып жоғары білімді ел ретінде танылуға тиіс. Бұлар қазақ тілі-мемлекеттік тіл, орыс тілі-ұлтаралық қатынас тілі және ағылшын тілі – жаһандық экономикаға ойдағыдай кірігу тілі»-деп Елбасымыз өз жолдауында айтып кеткен. Ағылшын тілі – қазіргі заманда жаһандық тіл. Бұл тілде әлемнің көптеген елінде сөйлейді. Қазіргі заманауи мектептерде ағылшын тілі пәні міндетті пән ретінде оқытылады. Күні кеше ағылшын тілі пәні кестедегі негізгі пән ретінде 1 сыныптан бастап оқытыла бастады.
Неліктен біздер ерте жастан шетел тілін оқи бастадық? Осы тілде оқып үйрену үшін бе? немесе кітапта берілген мәтіндерді аударуға ма?Әлде ұстазымыздың сөздерін түсініп, сол үшін жақсы баға алу үшін бе? Мүмкін басқа шетелдің азаматтарын түсініп, олармен әр түрлі тақырыптарда әңгімелесе алу үшін керек пе?
Бүгінгідей жаһандану заманында көп тіл білетін адамның қоғамдағы алар орны да ерекше. Өзге тілді үйрену, оны жетік меңгеру — бұл ең алдымен халықаралық қатынастар кезінде айрықша рөл атқаратыны баршамызға аян. Тіл – халықпен бірге өмір сүріп дамиды. Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев: «Әрбір Қазақстандық үш тілді жетік меңгеруі керек. 2020 жылға дейін ағылшын тілін білетін тұрғындар саны біршама көбеюі керек» — деп айтқан еді. Мектеп табалдырығынан бастап жоғарғы оқу орындарында ағылшын тілін үйрету айрықша мәртебеге ие. Ағылшын тілінің Қазақстандағы рөлінің арта түсуі қазақ тілінің мемлекеттік мәртебесін іске асыру мәселесін маңызды ете түсуде. Тіл үйренудің ешқандай зияны жоқ, керісінше пайдасы ұшан-теңіз.
Елбасымыздың міндет етіп қойған бәсекеге қабілетті мемелекет құруда жас ұрпақтың тигізер үлесі зор. Бүгінгі таңда жоғарғы оқу орындарында шет тілін кәсіби деңгейде оқыту басты орында тұр. Яғни әрбір студент өз мамандығына байланысты шет тілін жетік меңгеріп, одан әрі қарай дамыта алады. Сонымен қатар шет мемлекеттерге шығып, мол тәжірибе жинақтауға мүмкіндігі зор.
Мәдениетті, жан-жақты, ұлтжанды, рухани дүниесі бай жастар тәрбиелеп шығару оқытушының басты мақсаты. Жаһанданған заман елімізді барлық елдермен бәсекелесе дамуға итермелейді. Тілдің қажеті артқан сайын, сұраныс артқан сайын осы қажетті қамтамасыз ету үшін арнайы шараларда жиі ұйымдастырылып тұрады. Бәсекелестікте тек мықтылар ғана жеңіп шығады, ал бәсекеге шыдай алмайтындар жеңіліске ұшырайды. Қазіргі заман ашықтық пен жан-жақтылықты талап етеді. 2050 жылға дейінгі кезеңге арналған еліміздің даму стратегиясында қазақ тілін өркендету мен шет тілдерді оқыту мәселесіне айрықша мән берілген. Шет тілін білу сән емес, заман талабы екені белгілі. Туған тілді жетік меңгеруді, қастерлей білуді мақсат етіп қою керек. Бірақ бір тілмен ғана шектеліп қоймай, жан-жақты болуға, тіл үйренуге талпыну керек. Бұл жастардың болашағыңның ғана емес, тұтастай ұлтыңның болашағының жарқын болуының кепілі.
Қорытындылай келе, ағылшын тілі – байланыс тілі. Ағылшын тілі қазіргі заман талабына сай, кең ауқымда қолданылатын тіл. Жаһандық экономикадағы тіл десек, кем түспес едік. Ағылшын тілі заманымызда өте маңызды рөл алып отыр. Халықаралық сипаттағы ағылшын тілінің рөлі, қазіргі XXI ғасырда тереңдетілген, маңызды рөл болып саналуда.
Ғабит Мүсірепов:
«Тілін білмеген – түбін білмейді».
«Тіл – ұлттың жаны». «Тіл – идеяның, сезімнің, ойдың жанды көрінісі».
Шыңғыс Айтматов:
«Халықтың тіліне қиянат жасау – оның жүрегін жаралау»-деп жазған, сол себепті өз тілімізді мақтан тұтып, өзге тілді құрметтеуді әдетке айналдыру керек.
Әдебиеттер:
1) Қазақстан Республикасының Президентінің Жолдауы - 2012 жыл
2) «Айқын» газеті, жаңа басылым «Еліміздегі ағылшын тілінің рөлі»
3) Шетел тілін оқыту әдістемесі №4 (48) 2012
Шымкент қаласы, Шымкент аграрлық колледжі
Э9-161 тобының студенттері Есіркеп Бекзат, Есіркеп Ерзат
Жетекшісі: Наран Балнұр