26 Қараша, Сейсенбі

Оқушыларға

Қазақша-ағылшынша онлайн сөздік






Қазір онлайн сөздіктердің ішінде қазақша-ағылшынша сөздік lugat.kz сайты бар. Сайтты жасаушы, идея авторы Ұлыбританияда оқитын қазақстандық жігіт Айбек Өжкенов. «Лұғат» сөзі орта ғасырлық түркі тілінше «сөздік» дегенді білдіреді.



Лұғат жайлы

Лұғат – қазақ тілінің сөздіктер кешені. Лұғат - тегін сөздік сервисін ұсыну мақсатында жұмыс жасап жатқан бейкоммерциялық бағыттағы қоғамдық игілік.

Лұғаттың тарихы 2012 жылы сәуір айында бастау алды. Бас кезіндегі идея тек қазақша-ағылшынша сөздікпен ғана шектелген болатын. Сол жылдың күзінде Лұғатқа қазақ тілінің түсіндірме сөздігі қосылды. Іле шала 2013 жылдың басында орфографиялық, аймақтық және синонимдер сөздігі қатарға қосылды. Бұл сөздіктердің бірінен соң бірінің қосылуы сұранысқа сай жүзеге асты. 2013 жылдың соңында қазақша-орысша сөздікті қосылды. Сонымен 2014 жылдың басында Лұғатта кешен ретінде жалпы сөздік қоры 350 000 сөзді құрайтын 8 сөздік болды.

2014 жылдың жазында Лұғат жаңа бағыт алды, ендігі кезек краудсорсингтік платформада еді. Бұл дегеніміз Лұғатты «халықтық сөздік» деп жариялау еді. Кез келген қолданушы әлеуметтік желі арқылы тіркеліп өзі қалаған сөздікке сөз қоса алады немесе сол сөздікке модераторлық ету құқығына ие болады деген сөз. Бұл қадам Лұғатқа ерекше серпіліс әкелуде. Себебі, біріншіден Лұғатқа жаңадан, арапша және түрікше, екі сөздік қосылуда. Яғни бұл сөздіктерді халық өзі толтыруда, әр сөздіктің өз модераторы бар және контентке өздері жауап береді. Екіншіден, Лұғаттың жалпы сөздік қоры 534 000 сөзге бірақ жетті.