Оқушыларға
Жамбыл және Мақыш
Жыр алыбы Жамбыл айналасы Мақыш сияқты әрі балуан, әрі батыр, әрі ақын шәкірттерімен шоғырланады. Мақыш өмір бойы Жамбылмен бірге болған. Жәкеңнің ең жақын көрген адамы. Өте қадірменді шәкірттерінің бірі.
Жетісу ақындарының бірі Мақыш Райымбекұлы 1878 жылы Верный уезінде дүниеге келіп, 1940 жылы Жамбыл ауданында қайтыс болады. Жамбылдың өз ауылынан. Тегі – Шапырашты руы, Екей тармағының Орыс атасынан. Жас кезінде Жамбылға еріп жүріп, тәлім-тәрбие алады. Жетісуда, қырғыз елінде өткен жиын-той, астарда айтысқа қатысқан, сайыстарда жекпе-жекке шығып, қайрат көрсеткен. Қазақ шежіресін өлеңмен баяндаған, бірқатар айтыстарға қатысқан.
Мақыш 1912 жылы қырғыз манабы Шабденнің асында қырғыз балуаны Сабырмен, екінші кезекте орыс-казак балуаны Подмоговпен күресіп, жығып, бас бәйгеге 30 сом ақша, төрт жылқы сыйға алған. Бұл дерек Петербург география қоғамының зерттеушісі С.Е.Дмитриевтің «Байга у кара киргизов по случаю смерти манапа Шабдена в Пишпекском уезде, 1912 г.» деген кітапшасында жазылған.
1913 жылы Романовтар әулетінің патшалық құрғанына 300 жыл толуына орай Верныйда ұйымдастырылған Жетісудың облыстық ауыл шаруашылық көрмесінде Шапырашты Жәпек батырдың (18 ғ.) сауыт сайманын киіп, қару-жарағын асынып, бір топ сайыскер жігіттерімен бірге батырлық сайыс өнерін көрсеткен. Мақыштың сауыт киіп, айбалта, садақ асынып түскен және атқа мініп сайысқа шыққан суреттері 1913 жылғы көрмеге басылған суреттердің ішінде альбомда бар. Бұл альбом ұлттық кітапханада сақталған.
1916 жылғы көтеріліс кезінде жасақ құрып, Бекболат, Сатай батырлармен бірге патша өкіметіне қарсы шығады. Мақыш балуан дүрбелең кезінде ауыл-ауылдан жігіттерді жинаған. Оны іздеп барғандарды өз тобына қосып ала берген. Тоқаш Бокин, Бекболат Әшекеев, Қараш батырдың немересі Сатай Көбегенұлымен байланыс жасап, олардан жөн-жоба алып тұрған. Ереуілші жігіттерді Майтөбеге жинап біріктірген: оның ішінде өзінің ағалары, Жамбылдың Өмірәлі, Тоққұлы деген жақын інілері мен Қожақ, Қожаш, Алғадай деген балалары да болыпты.
- Патша жарлығына қарсы күресеміз! Бір де бір жігітті қара жұмысқа жібермейміз. Не де болса елді, туған жерді қорғап өлеміз! Жігітке екі өлім жоқ! Бірігіңдер, ағайын! Ат-көліктерің, қару-жарақтарың сай болсын!
Мақыш осындай ұран тастап, елді ұйымдастырған. Жүздеген жігіттерді жабдықтап Сатай батыр бастаған қолға барып қосылған. Талай айқас-шайқастарда жігіттерді ерлікке бастап, жаумен аянбай күрескен. Сатайдың жан серігі болған. Қастек көтерілісі кезінде Шиен маңында болған ұрыста Сатай оққа ұшып, ат бауырында сүйретіліп бара жатқанда, ол қуып жетіп, шала-жансар Сатайды көтеріп алдына мінгізіп алған, бір үйге апарып жарасын таңады. Бірнеше жерінен оқ тиіп, ауыр жараланған батыр сол жерде жан тәсілім қылған. Мақыш жолдастарымен оны арулап қойысқан.
Пулемет, зеңбіректермен қаруланған жазалаушы отрядқа төтеп бере алмаған қарусыз халық жеңіліп, бас сауғалап жан-жаққа бытырай қашқан. Тау-тасты, жыра-сайларды пана еткен. Ал Мақыш болса, бір топ жігіттерімен қырғыз еліне өтіп кетеді. Ауыл-ауылды аралап, «Сатай батыр» деген дастанын жырлап жүрген.
Мақыш 1919 жылы Қастек болысы ревкомының алғашқы төрағасы болды. Ол кезде халық бұл лауазым иелерін бұрынғыша болыс деп атайтын. Сөйтіп, Қастек еліне Мақыш Райымбек баласы болыс болып сайланады. Қордай еліне Кенен болыс болады. Сонда ел аузында ақындар болыс сайланатын жыл деген белгілі уақыт болып қалады. Мақыш Қастек еліне болыс болып сайланып келгенде Жәкең Мақышты өте жақсы көріп, көп қалжыңдайтын және ылғи жанына тие сөйлеп отыратын адамы болған.
«Көкпек жеген түйедей аузынан дем алатын ұры неме де болыс болды-ау», - деп қалжыңдапты Жамбыл. Мақыш та жасы үлкен демей, Жамбылға қатты қалжыңдайды екен.
Басыңды осы жерде кесейін бе,
Тіліңді қанжарыммен тесейін бе.
Ұры деп ел алдында жамандайсың
Ішінде шершеуіңнен есейі бе?» - деп Жамбылға тиісіп өлең айтады.
Сонда Жамбыл:
- Осы ұры басымды кессе, кесіп алар,
Ернімнен ашуланса тесіп алар,
Садыбектің баласын жиып келіп,
Таудан отын алдырып өшін алар,
Кедейдің одан басқа несін алар?» - дейді.
Жамбыл осы Мақыш болыстыққа сайланып, бұрынғы бай, жуандардан билік кетіп, әйелге бостандық болып, шын кедейшіл үкімет орнаған соң осылайша таныған. Салмақтың байға түсіп, кедейден сайланған болыстар кедей жағына болысатын кеңес үкіметінің негізгі заңы солай екенін мынау бір ауыз өлеңінде дәл айтып берген.
1925 жылы Қазақстанның өз алдына автономиялы республика болғанына 5 жыл толуына байланысты Алматыда үлкен мереке өткізілді. Осы тойға Жамбыл және оның біраз шәкірттері шақырылды. Сол тойдың өлең-жыр, ойын сауық жағын басқарып жүрген Кенен мен Мақыш Жамбылға қарап:
- Ал, Жәке, байлардың тойын да, патшаның тойын да көрдің. Жарқылдаған қылыштың жүзі, сартылдаған қамшының өрімі ел басына ойнағанын әшкерелеп, өлеңді талай айттың ғой, енді мына өз тойың болды. Кәне, жырлап жіберіңіз! -деді.
Сонда Жамбыл томағасын алған қыран бүркіт қанатын қомдағандай, екі иығын бүлкілдетіп, домбырасын күйге келтірді де ұзақ толғады. Уақтысында жазып алынбаған бұл толғау кеңестік жаңа заман, ертеде езіліп келген қазақ халқының теңдікке қолы жетіп, өз алдына республика болуы мәселелеріне арналды. Бір кішкене үзіндісі 1940 жылы шыққан жинағына енгізіледі.
Жамбылдың Мақышты жақсы көруінің үш түрлі себебі болған. Бірінші, Мақыш - ақын, сері жігіт. Жамбылдың қасына көп еріп жүрген. Екінші, Мақыш қырғыз, қазақ бас қосқан бірнеше үлкен аста жеке сайысқа шығып, бір аста қырғыздардың Тістеуік деген ірі батырын найзамен аттан шаншып түсіріп, бәйге алған ірі батыр болған. Үшінші, 1916 жылғы көтеріліске Қастек елінен Сатайға барып қосылып, атқа мінген осы Мақыш болған. Батылдықты, батырлықты, жаны сері ақындықты жақсы көретін ақын Жамбыл Мақышты осы үш себептен өте жақсы көрген.
Алматы облысы Жамбыл ауданының орталығы Ұзынағаш ауылында Мақыш Райымбекұлы атында көше бар. Міне, жыр алыбы Жамбылмен қатар осы Мақыш сияқты ел үшін, жер үшін, азаттық үшін күрескен өзі ақын, өзі балуан әрі батыр аталары болғанын қазіргі жас ұрпақ жақсы білгені дұрыс болар еді.
Сабырхан СМАҒҰЛОВ, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті
Қазақстан тарихы кафедрасының оқытушысы