27 Қараша, Сәрсенбі

Оқушыларға

Жамбыл және Сәкен






Сәкен Сейфуллин Жетісуда Жамбыл сынды төкпе жыраудың бар екенін өткен ғасырдың жиырмасыншы жылдарының бас кезінен ести бастаған. Қазақстанда Кеңес өкіметін орнату жолындағы қызу күрес жылдары Жетісу өңірінен шыққан Ораз Жандосов сияқты жалынды мемлекет қайраткерімен Сәкеннің қызметтес болғаны тарихи әдебиеттерден белгілі. Сол жылдары екеуінің халық таланттары, әсіресе Жамбыл Жабаев жөнінде талай сұхбаттасқанын көргендер бар.

Жалпы, Жамбылды халық ақындары арасынан тауып, оның 20-жылдары-ақ жарияланған алғашқы шығармаларын сұрастырып, біліп, белгілі қоғам және мемлекет қайраткері Ораз Жандосов арқылы ауылына іздеп барып, сұхбаттасып, жеке танысқан, шығармашылығына қызығушылық танытқан Сәкен Сейфуллин болған. Ол туралы біраз естеліктер де бар. Бұл кезде Сәкен ел арасындағы халық ауыз әдеби мұраларын жинауды, халық жыршыларының басын қосып, олардың шығармаларын жария ету мәселелерімен айналысып жүрген болатын.

Міне, осы тұста Сәкен Жамбыл есімін, оның өлең, жырларының тізімін 1925 жылы Ташкент баспасынан жарық көрген «Терме» жинағынан көрді. Осы жинақты құрастырған мұғалім Шамғали Сарыбаевпен кездесті. Сәкен оған:

- Сіз құрастырған «Терме» жинағын оқып шықтым. Өте игілікті іс жасағансыз. Қолда жинағыңыз болса, тағы да осылай жариялау керек, - деді.

Шамғали Сәкенге 1922 жылдың маусым айында Ұзынағашта Жетісу қосшылар одағының І съезіне қатысқанын, оған жиырма шақты ақын, жыршылар шақырылғанын, олардың әрқайсысымен жеке-жеке әңгімелесіп, өлең жырын тыңдағанын, өмір тарихын, өлеңдерінің тізбесін жазып алғанын айтқан.

- Жетісу өңірінде, - деген ол Сәкенге, - Жамбылдан асатын жүйрік ақын жоқ. Ол халық ауыз әдебиетін көп білетін шежіре. Дастандары да көп. Бір «Көроғлының» өзін 15 күн айтады екен...

- Екі сөзінің бірінде: «Менің пірім Сүйінбай, сөз сөйлемен сыйынбай» деп отырады. Сүйінбай Аронұлы да сол Екей елінен шыққан аса үлкен ақын көрінеді...

Осылай дегенде, Шамғали арабша жазылған дәптерін парақтай отырып, Сәкенге мына бір шаған жолдарды оқыған:

Апыр-ау, мына жатқан Сарыбай ма,

Жан досы Сүйінбайды танымай ма?!

Абақты, Тарақпенен айдап жеп ең,

Басында шулап тұрған малың қайда?

Алпыстың алтауында Андас өлді,

Шуласып Сарыбайды жерге көмді,

Қатарлас тең-құрбымның бәрі кетті,

Байқасам, енді нәубет маған келді.

- Қайта оқыңызшы, жазып алайын, - деп Сәкен дәптерін оңтайлай берген. Шамғалидың Жамбыл айтуынан жазып алған Сүйінбайдың Сарыбайға арналған осы өлеңін Сәкен сол жолы жазып алып, «Жаңа әдебиет» журналына (№6, 1926) жариялатқан.

Сәкен 1929 жылы ҚазПИ-де қазақ әдебиеті кафедрасының доценті болып, қазақ әдебиеті пәнінен лекция оқиды. Осы жылдардан бастап оның халық ауыз әдебиеті нұсқаларын жинастыра жүргені аян. Қазақ әдебиетінен оқулық жазуды ойластырады. Осы мақсатпен ол 1929 жылы «Еңбекші қазақ» газетінде ел әдебиеті үлгілерін жинау жөнінде ашық хат жариялады. Содан былай қарай Сәкенге жер-жерден халық ауыз әдебиеті нұсқалары ағылып түсіп жатты. Ақын, жыршылар келіп жолықты. Кейбірін өзі іздеп барды.

Өткен ғасырдың отызыншы жылдарының бас кезінде Сәкен Сейфуллин Жамбылмен кездесіп, бір топ өлең, толғау, айтыстарын жазып алып, 1931жылы шыққан «Қазақтың ескі әдебиеті нұсқалары» жинағына енгізеді. Соның ішінде Құлманбетпен айтысы, «Жабай батыр» дастанынан үзінді бар. Сәкен «Жамбыл жырлары теңіз түбінде шашылып жатқан маржан сықылды. Оны жинап алып, халқының қолына беру – біздің әрқайсымыздың азаматтық борышымыз», - деп жазады. Жамбыл шығармаларының баспасөз бетінде алғаш жариялана бастағаны да сол кез деп айтуға болады.

1930 жылдың көктемінде Қазақстанның өз алдына социалистік республика болып құрылғанына 10 жыл толуына байланысты мерекелі жиын өтті. Осы мерекеге келген Жамбыл мен Кенен Әзірбаевты Сәкен Сейфуллин Алматыдағы үйіне шақырып, қонақ етеді. Кененің әндерін мен Жамбылдың жырларын тыңдап, дастархан үстінде кеңінен әңгіме-дүкен құрады. Осы отырыс барысында Сәкен Жамбылдың біраз өлең-жырларын қағазға жазып алады. Жоғарыда айтқан Сәкеннің қазақ әдебиеті жөніндегі бірінші кітабына қосқан «Жабай батыр» мен оның Құлмамбетпен айтысы сол жолы жазып алынған дүниелер екен.

Кезінде Жамбыл ақынға хатшылық қызмет көрсеткен белгілі ақын Ғали Орманов жүргізген күнделікте мынадай жолдар бар: «9 март 1940 ж. Жамбыл Ұзынағашқа барды. Бір үйге келіп, бірнеше қартпен әңгімелесті. Оның ішінде Ыбырайым, Қопабай және басқа қариялар бар еді.

- Ия, Жәке, сіздің аузыңыз ашылса бітті, алтын сауылдап төгіле жөнеледі. Енді сізде не арман бар? – деді бір шал.

- Менің өлеңімнің өрши беретіні рас, - деді Жамбыл. – Ана бір жылы Сәкен келіп қонақ болғанда, көп өлең айтқызды. Жазып алды. Сонда өлеңің өткір екен деген болатын. Ой, ол да бір алғыр ақын еді ғой, шіркін!.. (Лениншіл жас, 20 ноябрь, 1986).

1936 жылы сәуірде халық өнерпаздарының республикалық екінші слеті өткізіледі. Оған кең байтақ Қазақстанның түкпір-түкпірінен ақын, жыршылар, әнші, күйшілер ағылып мол келген. Бұл жиынның басты мақсаты Мәскеу онкүндігіне баратын өнерпаз талант иелерін анықтап, іріктеу болатын. Осы жиында Жамбыл өзінің әйгілі «Туған елім» атты толғауын жырлап, ерекше көзге түседі. «Тоқсанға келген жасым бар. Көпті көрген басым бар» деп басталатын осы жыры баспасөз беттерінде жарияланып, оның Мәскеуге баруына жол ашты.

Жамбыл даңқы бұрынғыдан да шарықтады. Енді оның атағы Алатау асқарынан асып, бүкіл Совет Одағына кетті. Шетелдерге де самғап жетті. Тоқсандағы қарттың құлшына жырлауына, сом алтын жыр тізбегін төгуіне барлық халық таң-тамаша қалып, оған құлақ түрді. Бұрын-соңды әдебиет әлемінде болмаған бұл не деген ғажап құбылыс десті бәрі. Сөйтіп, еліміздің мерейі тағы да бір көтеріліп қалды. Халқымыздың талантты ұлы перзенттері Мұхтар, Сәкен, Сәбит, Ғабит – бәрі-бәрі «керемет болды» деп қуаныштары қойнына сыймай қол соқты.

Осы жылдың мамыр айында сол слетке қатысып, өнер көрсеткен жүлдегерлер Москваға сапар шекті. Москва-Алматы жүрдек поезы толған өнерпаздар, ақын-жазушылар, орталарында ақсақалды аталары Жамбыл жырау, оның жанында Сәкен, Кенен, Тайжан, тағы басқалар болды.

Сабырхан СМАҒҰЛОВ,

әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті

Қазақстан тарихы кафедрасының оқытушысы