27 Қараша, Сәрсенбі

Оқушыларға

Тәуелсіздік – рухани жаңғыру кепілі







Ата-бабаларымыз аңсаған азаттық пен тәуелсіздікті алдық. Ендігі мәселе - соны ертеңге жеткізу, келесі ұрпаққа, болашаққа Қазақстанның осы тәуелсіздігін аманаттау.

Н.Ә.Назарбаев.

Тәуелсіздік, бұл халқымыздың сан ғасырлар бойы аңсаған асыл арманы еді. Тарихқа жүгінсек, ежелден қазақ халқы өздігінен ешқандай соғыс ашпаған, қашанда бейбітшілікті ту етіп ұстаған бейбіт халық болған. Алайда кең-байтақ жерінде мамыржай тіршілік кешкен бейбіт елге көз алартушылар көп болды. Ата-баларымыз тәуелсіздік жолында қан майданға салынып,талай шайқастарда қасықтап қанын төгіп, Отан үшін отқа түсті.Тәуелсіздік жолында халқымыз тағдырдың талай тәлкегіне, талай азабына шыдады, талай қиын күндерді бастан кешірді.Еліне тәуелсіздік туын әперудің мақсатында ата-бабаларымыз ештеңеден де аянбады.

1991 жылдың он алтыншы жұлдызы, желтоқсан айында Қазақстан Республикасы егемен ел атанды, яғни, ғасырлар бойы аңсап келген тәуелсіздік туын тіккен күнге де қол жеткізді. Бұл күн- барша қазақтың есінен шықпас жүрекке мықты сенім тудырған күн. Бүгінгі күндері осы тәуелсіздігімізді алғанымызға жиырма сегіз жыл уақыт та зымырап келіп қалды. Ал тарих үшін бұл уақыт қас-қағымдай-ақ.Өйткені қаншама ғасырларды алып құшақтаған тарих қойнауы талай халықтардың, талай ұлы мемлекеттердің тәуелсіздігін көрген. Бірақ бізге ата-баба рухын көтергені үшін, елімізді әлемдік қауымға танытқаны үшін өзіміздің тәуелсіздігіміз қымбат. Және де бір қуаныштысы, еліміз үшінші мыңжылдық табалдырығын егеменді ел ретінде аттап, құқықтық – демократиялық сипаттағы мемлекет негізін қалыптастырды.

Әрине, тәуелсіздікке қол жеткізу оңай болмаса, оны баянды ету- одан да қиын шаруа. Бұл бағытта көреген саясат, салиқалы мінез, бұлжымас бірлік қажет болды. Әлемдегі ең үлкен мемлекет – КСРО-ның ыдырауы және оңың құрамындағы республикалардың саяси бостандық алуы көптеген сауалдарды туғызды. Ал олардың бәрі бірдей бейбітшілік жолмен шешімін таппады,оған:Молдова,Осетия мен Абхазия, Таулы Қарабақтағы қантөгіс мысал бола алады.Бұрын Одақтың құрамында болып, кейін өз алдына ел болған Қазақстан Республикасында да терең дағдарысқа ұшыраған экономиканы нарықтық қатынастарға бағыттайтын шаралар қарастырып, жүзеге асыру, елдегі инфляцияны тоқтату, ауыл өмірін жақсарту, кедейшілікпен күрес т.б.кең көлемді жұмыстарды атқару басталды.Алғаш тәуелсіздік жарияланған жылы мен небары жиырма үштегі жас маман екенмін.«Тәуелсіздік», «егемендік» деген сөздерді алғаш естігенім есімде,бірте-бірте құлағымызға сіңіп,санамызда орын тепті.Сыныптағы балалармен жаңа Әнұранды жаттап,оны салтанатпен шырқап үйренген кезіміз қалай ұмытылар!

Қарапайым ауыл мұғалімі мамандығын игере жүріп, осы жиырма сегіз жылда халқымның басынан қуанышты жетістіктері мен сүріністі сәттерін бірге өткіздім. Мен де,теңізге тамған тамшыдай болса да,өз білімім мен еңбегімді Отаныма, қазақ халқыма,болашақ ұрпаққа арнап келемін.

Еліміздің тарихын жас ұрпақтың зердесіне құйып,оларды тарихтың тағылымымен, әсіресе,туған жерінде,ауылында орын алған оқиғалармен,атақты жерлестерінің өмірі мен қызметімен таныстыру-тарих пәні мұғалімдерінің негізгі міндеті мен парызы екендігін ескере отырып,көп жылдар бойы «Тарих сабағын жергілікті жер материалдарымен байланыстыра оқыту» тақырыбында жұмыс жүргізіп келемін.

Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев«Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласында: «Төл тарихын білетін,бағалайтын және мақтан ететін халықтың болашағы зор» деп сенім білдірді.«Болашаққа бағдар рухани жаңғыру» жалпыұлттық бағдарламалық мақаласында білім беру саласында ауқымды өлкетану жұмыстарын жүргізу,ата-бабаларымыздың көп ғасырлық мұрасын жаңғыртып, жүйелі зерттеп,бүкіл Орталық Еуразия кеңістігі мен барша әлемге дәріптеуге тиіспіз деп атап көрсеткен. Сол себепті, біз де,тарих пәні мұғалімдері,жас ұрпақты туған өлкесінде болған маңызды оқиғаларымен таныстырып,терең де мазмұнды отансүйгіштік тәрбие береміз.

Нақты тарихи деректерге сүйене отырып,өлке тарихын зерттеу, білімдерін үздіксіз жетілдіру мен зияткерлік қабілеттерінің дамуына әсер ету үшін оқушыларыммен әрдайым ғылыми жоба жұмыстарын жүргіземін. Жылда ғылыми жобалар сайысында шәкірттеріміз «Тарих», «Өлкетану», «Құқықтану» секциялары бойынша жүлделі орындарды иеленеді.Атап айтсақ, 2012 жылы Дюсенбайқызы Сұлужанның Семей полигонының Знаменка ауылының тұрғындарына тигізген зардабы жайлы «Полигонның үні өшкенмен қасіреті қалды»тақырыбында жазылған ғылыми жобасы қалалық кезеңде ІІ-орын,облыстық кезеңде ІІІ-дәрежелі дипломға ие болды. Біздің туған өлкемізде 40 жыл сынақ жасалды және осы ядролық сынақ полигоның жабуға атсалысқан адамның бірі – біздің ауылымыздың құрметті азаматы Тұяқбаев Жаныс атамыз еді. Ядролық сынаққа қарсы Бонн қаласында өткен дүниежүзілік конгресте ел-жұртының, атом полигонының зардабын ашына айтты. Жапония елімен болған «Семипалатинск-Хиросима» телекөпірінде сынақтың әсерінен түрлі дерттің көбейгенін, бірақ үкімет тарапынан әлі де ешқандай көмек жасалмай отырғанын батыл түрде көтерді.Қазақстан Компартиясы Семей облыстың комитетінің бірінші хатшысы Кешірім Бозтаевпен бірге 1990 жылы КСРО Министрлер Кеңесінің төрағасы Н.А. Рыжковтың қабылдауында болып, алғаш рет Семей атом полигонының зардаптары туралы шығып сөйледі.Зерттеу барысында Жаныс атамыз өзінің бар күш-жігерін, білім тәжірибесін Семей полигонын жабу жолындағы күреске арнаған қоғамдық қайраткер ретінде АҚШ-тан келген бейбітшілік жолындағы күрескерлер Калифорния штатынан Джим Лерагер мен Колорадо штатынан Дейл Маллекпен бірге бейбітшілік трубкасын тартқан адам,«Невада-Семей» қозғалысының белсенді мүшесі екендігі анықталды.

Ұлы Отан соғысы жылдарында 96282 шығысқазақстандық жауынгер майдан даласында опат болса,Знаменка ауылынан 200-ге жуық адам соғыста қаза тапты. Жалпы Знаменка ауылынан соғысқа аттанған жауынгерлер саны әлі де белгісіз.Соғыс әрбір Знаменкалықтардың тағдырына қайғы әкелгендігі жөнінде зерттеуді 2015 жылы Бадыхова Айдана «Ұлы Жеңіске біздің де жерлестеріміздің үлесі бар» атты ғылыми-зерттеу жұмысын жүргізіп, қалалық кезеңде ІІІ-дәрежелі дипломмен марапатталды.

2016 жылы Абугалиева Мадинаның «Абай және Қарамола Ережесі» тақырыбындағы ғылыми жобасы қалалық кезеңінде І-дәрежелі, облыстық кезеңінде ІІІ-дәрежелі дипломдармен марапатталды.Зерттеу жұмысының мақсаты қазақтың ұлы ақыны,терең ойшылы Абай Құнанбаевтың атсалысуымен Семей облысы уездерінің ел билеушілері бірігіп жазған «Қарамола» ережесінің мән-мағынасын ашып көрсету болса,осы тақырыпты одан әрі жалғап зерттеу жасаған Нурланова Диана 2018 жылы «Құқықтану» секциясы бойынша «Қарамола Ережесінің қазақ әдет-ғұрып құқығында алатын орны» атты жобасымен қалалық кезеңінде ІІ-дәрежелі дипломды, облыстық кезеңінде І-дәрежелі дипломды жеңіп алды. Жобаның мақсаты «Қарамола» ережесінің мән-мағынасын, құқықтық іс жүргізудегі тәлімін салмақтап, Елбасы өзі бастама ретінде көтерген «Мәңгілік Ел» идеясымен сабақтастыру болса,зерттеу барысында Қарамола ережесінің маңыздылығы мен өзектілігін жоймай, әлі де сот билігінде пайдаланылып жүргендігі және ережені жазу барысында біздің Көкен болысынан шыққан қадірлі ақсақал Әлімхан мен уақ Мүсірәлінің Абайды қолдағаны анықталды.

«Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында «Киелі Алтайым-Туған жерім»атты Шығыс Қазақстан облысының білім басқармасы мен «Дарын» Шығыс Қазақстан өңірлік ғылыми-практикалық орталығының ұйымдастырумен археологиялық жазғы мектептер ұйымдастырылып,оған біздің де оқушыларымыз қызыға қатысты.2018 жылдың шілде айында археологиялық қазындылар жүргізіліп жатқан біздің өңірдегі Көкентау таулы сілеміндегі және Үштөбе қорымдарын зерттеуге қатыстық.Осы жұмыстарды жүйелеп қорытындылау мақсатында 11-сынып оқушысы Файзуллаев Ернат «Біздің өңірдегі археологиялық ескерткіштер» тақырыбында зерттеу жұмыстарын жүргізіп, осы 2019 жылдың қараша айында оқушылардың ғылыми жарыстарының қалалық кезеңінде І-орынды, облыстық кезеңінде ІІІ- орынды, республикада ІІ-орынды жеңіп алды.

Қорыта айтқанда, өлкетану мәліметтерін тарих сабақтарында жүйелі түрде пайдалану-заман талабы. Жергілікті өлкетанушылардың зерттеулеріне, тарихи деректер жинақтарына сүйене отырып, оқушылардың білімдерін,ой-өрістерін, дүниетанымдарын кеңейту жолында мектебімізде әлі де көп жұмыстар жүргізіледі.

Бүгінгі күні, Елбасымыз айтпақшы, мектеп партасында XXI ғасырда өмір сүретін,басқаратын және өзгерістер әкелетін ұрпақ отыр. Дана халқымыз: «Білегі мықты бірді жығады,білімі мықты мыңды жығады» деп,ұрпағының біліміне басты назар аударған.Тәуелсіздіктің тірегі-білім.Тәуелсіздіктің желбіреп тұрған туын болашақта желкілдететін,әнін әлемге әуелететін білімді ұрпағымыз көп болсын!

Машенова Алмагуль Алимовна - «Знаменка жалпы орта білім беретін мектебі» КММ-нің тарих пәнінің мұғалімі

Шығыс Қазақстан облысы, Семей қаласы, Көкентау ауылы