27 Қараша, Сәрсенбі

Оқушыларға

Тәуелсіздікті жариялау






1991 жылы 16 желтоқсанда Парламент Қазақстан Республикасының Мемлекеттік тәуелсіздігі туралы Конституциялық заңды жариялады. Осылайша, Қазақстанның мемлекеттік тәуелсіздігі заңнама тұрғысынан рәсімделді.

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті-Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өзі басы-қасында болған осы маңызды тарихи оқиғаны өзінің 2017 жылы жарық көрген «Тәуелсіздік дәуірі» атты кітабында былайша еске алып және бағалайды: «1991 жылғы сайлаудан кейінгі бірінші жұмыс аптасында, өзім 1991 жылдың 16 желтоқсанында қол қойған «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Тәуелсіздігі туралы» заңның мәтінімен жұмыс істедім. Құқықтық тұрғыда әлемнің саяси картасында дәл осы күні жаңа тәуелсіз мемлекет – Қазақстан Республикасы пайда болды. Осылайша, тарихи әділеттік орнап, бабаларымыздың ұлы арманы орындалды. Бұған дейін декларация түрінде ғана болған мемлекеттік тәуелсіздік енді конституциялық негізге ие болды. Заңдағы 18 баптың біріншісі біздің елімізді ішкі және сыртқы саясатын дербес белгілейтін және жүргізетін тәуелсіз демократиялық және құқықтық мемлекет деп жариялады.

Осы жерде аздап шегініс жасамақпын. Меніңше, Тәуелсіздік күні тек ресми бекітілген мерекелік дата ғана болуға тиісті емес. Бұл күннің одан анағұрлым маңызы үлкен мазмұны бар. Ол тәуелсіздік жолындағы күрестің нүктесін қоюмен бірге, оның басталған күні де болды. Бүгін әр қазақстандық оны өзінің жеке тәуелсіздігі мен табысты күні есебінде мерекелей алады».

Әлем жаңа мемлекеттердің қалыптасуына мұқият зер салды. Қазақстанның тәуелсіздігін алғашқы болып Түрік Республикасы мойындады. Оқиға Тәуелсіздік туралы Заңға қол қойылғаннан кейін бірнеше сағат өткенде жүзеге асты және қазақстандықтар түркі ынтымағының мұндай көрінісін жоғары бағалады. Келесі 17 желтоқсан күні Қазақстанды Ресей Федерациясы, 25 желтоқсанда Америка Құрама Штаттары мойындады. 1992 жылдың 3 қаңтарында бұл ұлы державаларға – Қытай, ал жылдың соңына дейін тағы 102 мемлекет қосылды.

Бұл маңызды да тарихи құжатты дайындаушы жұмыс тобының төрағасы болып және оны парламентте жариялаған Жоғарғы Кеңестің депутаты, заңгер ғалым, қоғам қайраткері, академик Сұлтан Сартаев болды. Егер бір жыл бұрын Қазақстанның мемлекеттік егемендігі туралы декларацияға 71 депутат қарсы дауыс берсе, Республиканың мемлекеттік тәуелсіздігі туралы Конституциялық заңға қарсы үш-ақ дауыс берілді. «Қазақ КСР-нің мемлекеттік егемендігі туралы Декларациясы» мен «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік тәуелсіздігі туралы Конституциялық заңның» арасында дәйекті тікелей сабақтастық бар.

Қазақстан Республикасының Мемлекеттік тәуелсіздігі туралы Конституциялық заңды Парламент мінберінен жариялаған Сұлтан Сартаев бұл оқиғаны ерекше сезіммен еске алады: «1991 жылы 16 желтоқсанда мем­ле­кетіміздің тәуелсіздігін жа­риялау үшін мінберге көтеріліп бара жатқанымда еліміз үшін кеудемді мақтаныш кернеді. Мінберге толқып бардым, сөйтіп еліміздің тәуелсіздігін дүниежү­зіне жарияладым. Құдай маған еліміздің тәуелсіздігін жариялау бақытын нәсіп етті. Сондай бақытқа ие болған жан­дардың бірі болғаныма тағдырыма өте ризамын. Сол күні мінберге көтеріліп, еліміздің тәуелсіздігі туралы баяндаманы жасап шық­тым. Ел тәуелсіздігі кешкі 18 сағат 30 минутта жарияланды. 30 минуттан кейін бірінші болып Қазақ елінің тәуелсіздігін таныған Түркия мемлекеті болды. Осын­дайда түркі халықтарының ішінде ең бірінші тәуелсіз мемлекет болған Түркия мемлекеті екенін айта кетуіміз керек».

Бұл бейбіт революциялық қайта құрулар – өте қиын, күрделі және жаңа кезең болды. Ол негізінен күтпеген жерден, тосыннан 20 ғасырдың аяғы мен 21 ғасырдың басындағы ұрпақтың еншісіне тиді. Жарияланған республиканы Қазақстанның кең байтақ жерінде өмір сүріп жатқан және өмір сүретін адамдардың қолымен, білімімен және ақылымен құру қажет болды. Бұл жағдайда ең маңызды рөлді билікті құрайтын екі фактор - басқару және осы басқаруды жүргізуге қабілетті кадрлар атқаратын еді. Билікке тәжірибе жинақтаған ескі режимнің және тәжірибесіз, бірақ энтузиастар, халықтың мүдделеріне және ұлттық мемлекеттілікке қызмет етуге дайын болған жаңа кадрлар келді. Табысқа жетелейтін бұл жолдағы қозғалыс сынақ, іздеу және қателіктер арқылы өтті - бұл билік қызметі қалыптасуының жалпы ережесі, әсіресе жаңа билік үшін. Бұл тәуелсіз Қазақстан Республикасындағы билік қатынастарына да тән құбылыс болды.

Сонымен бірге, бұл жалпы халықтың қалың тобының, оның ішінде элиталық бөлігінің күрестегі ұмтылыстары мен мұраттарын білдіру үшін өте қажет жеке және ұжымдық, саяси және интеллектуалды еркіндік уақыты болды. Мемлекеттік билік, егер ол билікте емес және билік басындағылардың мәлімдемелеріндегі орынды және ақылға қонымды элементтер мен ойларды ескеріп, өз қызметінде есепке алып, жинақтаған болса, өміршең әрі тиімді бола алар еді. Бұл жағдайда республикада демократия мен елді түбегейлі жаңарту функцияларын орындай алатын жаңа билік құрылымдарының, олардың республикадағы жоғарғы буындарының жүйесін құру және нығайту өте маңызды болды.

Хронологиялық тұрғыдан Республиканың Жоғарғы Кеңесінің (Парламентінің) он екінші және он үшінші шақырылымдары қызметінің кезеңіне сәйкес келетін, 1990-1995 жж. қамтыған алғашқы бес жыл Республика тағдыры үшін де, оның халқы үшін де тарихи маңызы бар оқиғаларға толы болды. Осындай дәрежедегі оқиғалардың қарапайым тізімі, атап айтқанда: 1990 жылғы 25 қазанда Қазақ КСР-нің мемлекеттік егемендігін жариялау, одан кейін 1991 жылы 1 желтоқсанда Елдің Тұңғыш Президентін бүкілхалықтық сайлау, Қазақ КСР-ін Қазақстан Республикасы деп атау туралы Заңды қабылдау және 1991 ж. 16 желтоқсанда Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы Конституциялық заңды жариялау, сондай-ақ 1993 жылы 28 қаңтарда тәуелсіз Қазақстан Республикасының алғашқы Конституциясын, ал 1995 жылы 30 тамызда жаңа, екінші Конституцияны қабылдау - Қазақстанның және ондағы мемлекет құрушы ұлттың - қазақтардың тарихи тағдырларындағы жаңа дәуірдің басталуының маңызды оқиғалары болды. Мұның бәрі 1986 жылы Алматыда өткен қазақ жастарының бостандық үшін жаппай жанкешті Желтоқсан бас көтерулерінің жаңғырығы және оған қатысушылардың қанды қырғыны халықтың санасында сөнбей және арман алауы сияқты жалындап тұрған кезде болды.

Сөйтіп, Тәуелсіздіктің жариялануы арқасында Тарих қазақ халқына ұлы, қайталанбас, мүмкін ұлт ретінде қайта туылуының, өз мемлекеттілігінің, тілі мен мәдениетінің болуы үшін жалғыз мүмкіндік берді. Тәуелсіз, демократиялық мемлекеттің дамуына деген үміт нұры жанды. Ұзақ уақыт бойы азап шеккен, мың өліп, мың тірілген халқымыздың өркениетке, еркін қоғамдардың, әлемдік қауымдастықтың қатарына енуіне нақты мүмкіндік туды.

Сабырхан СМАҒҰЛОВ, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Қазақстан тарихы кафедрасының оқытушысы