22 Желтоқсан, Жексенбі

Оқушыларға

Отбасы туралы өлеңдер мен тақпақтар






Бір үйде біз нешеуміз?
Кел санайық екеуміз.
Бас бармағым — атам,
Балан үйрек — апам,
Ортан терек — әкем,
Шылдыр шүмек — анам,
Кішкентай бөбек — мен.
Біз үйде нешеуміз?
Біз үйде — бесеуміз.

***

Ең жақын адамдар,
Әкем мен анам бар.
Әкемнің әкесі,
Ақ басты атам бар.
Әкемнің шешесі,
Ақ шашты әжем бар.


Ұлдардың үлкені,
Бір туған ағам бар.
Қыздардың үлкені,
Бір туған әпкем бар.

Ұлдардың кішісі,
Бір туған інім бар.
Қыздардың кішісі,
Бір туған қарындас,
Әпкеге — сіңлі бар.

***

Ата-ана асқар тау алдымдағы
Әрқашан асқақтайсың алдымда әлі
Өзің берген өнеге тәрбиеңмен
Бақыттымыз жанұя бауырындағы.

***

Жылжи берші кезім емес жасқанар
Бөгей алмас білім атты тас қамал
Отанның аяулысы боларсың
Отан деген отбасынан басталар.

***

Атамнан басталар,
Әжемнен қосталар
Отбасым мынылар:
Ең жақын адамдар —
Әкем мен анам бар,
Бір туған ағам бар,
Бір туған апам бар…
Бәрін жақсы көремін,
Еркелеймін, еремін!

***

Титтей бөбек кезімнен
Әлдилеген емізген,
Еркелетіп күлгізген,
Алғаш «апа» дегізген.

***

Кішкентайы — мен үшін
Тағат, байыз таппайтын,
Не жемесін, не ішсін,
Менсіз тағам татпайтын.
Шомылдырып кешкісін,
Мен жатпасам, жатпайтын —
Анам менің қандай-ды!

Ерте кетіп жұмысқа,
Үйге кештеп қайтатын,
Болған күндіз құрылыста
Қызықтарды айтатын.

Жаз келісімен, күн қызып,
Машинасын жүргізіп,
Барлық көрші баланы
Маған қоса мінгізіп,
Аралайтын даланы,
Қыдыртатын қаланы —
Әкем менің қандай-ды!

Қарағанда басқаға,
Қызықты көп бастайтын.
Күнде ертемен бақшаға
Мені апарып тастайтын.
Талай-талай істерде
Үлгі болар біздерге
Ағам менің қандай-ды!

Төрт жас үлкен өзімнен,
Оқи, жаза білетін.
Мені титтей кезімнен
Ойнатуды сүйетін.
Кітабынан кіл қызық
Әңгіме оқып беретін —
Әпкем менің қандай-ды!

***

Сізсіз әке — ең ақылды, ең сыршыл
Сізсіз әке — ең жақыным, ең шыншыл
Шуақ шашқан қашанда асыл жүрегің
Жанымдасың қамқорымсың білемін
Қабыл алғын бала жүрек тілегін.

***

Отбасым менің — бақытым
Отбасым менің — шаттығым
Отбасым барда ешқашан
Үзілмес менің үмітім.

***

Отбасы — жылы ұямыз,
Тірегі — ата-анамыз.
Уыз сүт еміп осында,
Уылжып біздер өсеміз.
Осында үлгі аламыз,
Осында адам боламыз.
Еркелеп, ойнап, еліктеп,
Осында өсіп толамыз
Тәрбие мектеп — отбасы,
Ақылды баулып, тіл ұштар.
Өрімдей тезге тартылған
Әдепті бейне дұрыстар.
Ата-ана болса өрнекті,
Ұл мен қыз өсер көрнекті.
Әуезов Мұхаң айтқандай:
Түзейік бесік-жөргекті.