Оқушыларға
Отыз ойын
1. Өзеннен өту
Өздері таңдаған алаңқайда немесе залда балалар екі топқа бөлінеді де, орталарынан ара қашықтығы 1 метрдей екі сызық сызады. Оны өзен деп белгілейді. Содан соң екі жақтағы балалр кезек-кезегімен бір-бірден өзеннен секіріп өте бастайды. Секіріп өткен бала сол келесі жақта, секіре алмаған бала өз орнында қалады. Балалар түгел секіріп біткенде, қай жақтың баласы көп болса, сол топ жеңіске жеткен болып есептелінеді.
Ойын балалардың дене қимылын жетілдіре түсуге бағытталған.
2. Ордан қарғу
Өздері таңдаған алаңқайда немесе залда балалар екі топқа бөлінеді де, орталарынан ара қашықтығы жарты метрдей екі сызық сызады. Оны ор деп белгілейді. Ойынға қатысушылар екі топқа бөлінеді де, ордың екі жағына бес-алты қадамдай жерде қарама-қарсы орналасады. Ойын басталуға белгі берген кезде екі жақтан кезек-кезегімен бір баладын шығып, көзі таңулы күйде орға қарай жайлап жүре бастайды. Оған өз тобының балалары көмектесіп тұрады:
– Әлі ерте, жылжи түс, жақындап қалдың, енді қарғы! – деп, демеулік көрсетеді. Сызыққа тимей, ордан аман өткен балаға бір ұпай жазылады. Қай топ көп ұпай жинанса, жеңіске жетеді.
Ойын балалардың сезімталдығын, сақтығын жетілдіре түсуге бағытталған.
3. Мақал айтыс
Балалар екі топқпқа бөлінеді де, екі метрдей қашықтықта бір-біріне қарама-қарсы тұрады. Бірінші топтың бір баласы бір мақалдың жарымн айтады. Мысалы:
Атаға қарап ұл өсер...
Оның екінші жарымын келесі топтың бір баласы жалғатырады. Дұрыс тапса:
Анаға қарап қыз өсер»,
5 ұпай жазылады. Дұрыс таба алмаса, 3 ұпай жоғалтады. Келесі мақалды екінші топтың баласы бастайды. Ойын соңында көп ұрай жинаған топ жеңіске жетеді.
Ойын балалардың сезімталдығы мен тапқырлығын арттырып, ой-өрісін кеңейте түсуге бағытталған.
4. Жұмбақ жарыс
Балалар екі топқпқа бөлінеді де, екі метрдей қашықтықта бір-біріне қарама-қарсы тұрады. Бірінші топтың бір баласы бір жұмбақ айтады. Мысалы:
Сексен сегіз тілі бар,
Сан құбылған үні бар?
Ол не?
Жұмбақты келесі топтың бір баласы шешуге тиіс. «Фортепиано», – деп, дұрыс тапса, оған 5 ұпай жазылады. Шеше алмаса, 3 ұпай жоғалтады. Жұмбақты енді келесі топтың баласы айтады. Ойын осылайша кезегіен жалғаса береді. Ойын соңында көп ұпай жинаған топ жеңіске жетеді.
Ойын балалардың ой-өрісін кеңейтіп, тапқырлығын арттыруға бағытталған.
5. Жер, су, ауа, от
Балалар ашық алаңда не залда дөңгеленіп тұрады. Бастаушы ортаға шығып, қолындағы допты балалардың кез келгеніне лақтырып жібереді де: жер, су, от, ауа деген төрт сөздің біреуін айтады. Егер бастаушы жер десе, допты қағып алған бала бір үй жануарын немесе аңды атауы керек. Мысалы. ит, тауық, қозы, арыстан... Ал, су деген сөз айтылса, балықтың түрлері, ауа десе, құстың түрлері айтылып, доп ойын бастаушыға қайтарылып отырады. Ал, от сөзі айтылған кезде балалардың бәрі қолдарын бұлғап, өз орындарында айнала бірнеше дүркін тез-тез секірулері керек.
Жайбасар, сасқалақ, жаңылысқан бала ойыннан шығып қала береді.
Ойын балалардың тапқырлығы мен шапшаңдығын арттыруға бағытталған.
6. Сызғыш қайда?
Балалар екі топқа бөлінеді де, екі метрдей қашықтықта бірнің артынан бірі бір бағытқа қарап тұрады. Сол кезде артқы топтың балалары жерге 5-6 қол орамалын жайып, біреуінің астына шағын да жұқа сызғыш жасырады. Әрине, оны алдыңғы топтың балалары көрмеулері керек. Өйткені, сызғыштың қай орамалдың астында жатқанын сол топтың ортаға шыққан баласы табуы тиіс. Сызғышты дәл тапса, ойынды енді сол топ бастайды. Ойын осылайша жалғаса береді.
Ойын балалардың тапқырлығы мен сезімталдығын арттыруға бағытталған.
7. Қасқыр мен қоян
Балалар қол ұстасып, дөңгеленіп тұрады да, бір баланы қасқыр, екінші баланы қоян деп белгілейді. Қоян қоршауға кіреді де, қасқыр сыртта қалады. Шеңбердегі балалар қоянды қасқырдан қорғап, өлең айтып жүреді:
Қоян, қоян, қорықпа,
Қасқыр қатер болып па?
Сені жауға бермейміз,
Әсем әнмен тербейміз.
Қасқыр болса шеңберді шыр айналып, ішке кіруге тырысады:
Қақпа, қақпа, ашылшы,
Қорқынышты қашыршы.
Ішке еркін кірейін,
Қоян жайын білейін.
Бірақ, оған тимейін,
Қатар жүріп билейін...
Сөйтіп жүріп, ашылған қақпа болып қол көтерген екі баланың ортасынан ішке кіріп кетеді де, қояны қуа жөнеледі. Қасқыр қоянды ұстап алса, ойын тоқталып, қайта басталады. Егер қоянды ұстай алмаса, қоян қақпа арқылы сыртқа шығып, құтылып кетеді де, қасқыр қоршауда қалып қояды. Ол жазасы ретінде сол жерде ән салып немесе билеп береді.
Ойын балалардың тапқырлығы мен жылдамдығын арттырып, өнерге баулуға бағытталған.
8. Арқан тарту
Аумағы 3-4 метрлік шеңбер сызылады да, сызықтың екі басына бір-біріне арқасын беріп екі бала шығады. Оларды белдерінен байланған арқан жалғастырып тұрады. Ойыншылар еңкейе тізелерін бүгіп, бастаушының бүйрығына дайын тұрады.
Белгі берілген кезде әрқайсысы қарсыласын сүйреп, шеңбердің сыртына шығаруға құлшынады. Қарсыласын шеңберден шығарғаны жеңеді
Белгі берілмей тұрып сүйретуге, қолды жерге тіреуге болмайды. Бұл шартты бұзған ойыншы жеңілген болып есептелінеді.
Ойын балалардың айла-амалын арттырып, күш-қуатын жетілдіре түсуге бағытталған.
9. Теке-тірес
Жерге не еденге аумағы 2-3 метрлік шеңбер сызылады. Ойынға қатысушылар сол шеңбердің ішінде екі-екіден күш сынасады. Олар қолдарын артына ұстап, иықпен, кеудемен тіресіп, қарсыласын шеңберден шығарып жіберуге тырысады. Қайсысы шеңбердің шетін басып кетсе немесе шеңбердің сыртына шығып қалса, сол ұтылады. Ал, жеңімпаз келесі ойыншымен айқасады. Ойын осылай жалғаса береді.
Ойын балалардың айла-амалын арттырып, күш-қуатын жетілдіре түсуге бағытталған.
10. Қарсақ
Ойынға он шақты бала қатысады. Ашықтау жерге топтасып, өз араларынан бір баланы қарсақ етіп белгілейді. Қарақ тұрған жерінде қозғалмай қала береді де, басқалары одан әрірек кетіп қалады. Содан кейін ойынға қатысушылар қарсақты алыстан қоршап, бірте-бірте жақындай түседі. Таяп келіп:
– Мына тұрған кім? – деп, шошынғандай, бірінен-бірі сұрасады. Біреуі:
– Ойбай, бұл қарсақ қой! – деп, тұра қашады.
Қалғандары да:
– Қарсақ, Қарсақ! – деп, жан-жаққа бытырай қаша жөнеледі.
Қарсақ біреуін ұстап қалу үшін тұра қуады. Кімді ұстаса, енді сол қарсақ болады да, ойын солай жалғаса береді.
Ойын баланы тапқырлыққа, батылдыққа, жылдамдыққа баулиды.
11. Ақ серек, көк серек
Ойын ашық алаңда өтеді. Ойынға қатысушылар екі топқа бөлініп,
бір-бірлерінен 10-15 метрдей қашықтықта қол ұстасып, қаз-қатар тізіліп тұрады. Ойынды бастаушы топ:
Ақ серек, көк серек,
Бізден сізге кім керек? – дейді.
Екінші топтың балалары өздері қалаған бір баланың атын атайды. Сол кезде аты аталған бала өз тобынан шығып, екпіндей жүгіріп келеді де, қарсы топтың тізбегін үзіп өтуге тырысады.
Егер үзіп кетсе, бір баланы жетектеп апарып, өз тобына қосады. Үзе алмаса, өзі сол топта қалып қояды.
Одан кейін ойынды екінші топ бастайды. Осылайша ойын кезкпен жалғаса береді. Қай топ өз ойыншыларынан көп ажырып қалса, сол жеңілген болып танылады.
Ойын баланы батылдыққа, жылдамдыққа баулиды.
12. Қуыр-қуыр, қуырмаш
Оң қолыңның бес саусағын бір жерге түйістіресің де, сол қолыңмен оны бүркемелеп, саусақтарыңның басын ғана көрсетіп, қапсыра ұстайсың да, досыңа:
– Ортан қолымды тапшы, – дейсің. Досың бастары ғана көрініп тұрған саусақтарыңа қарап:
– Мынау, – деп, бір саусағыңды шымшып ұстап тұрады. Егер ол ортан қолыңды дәл тапса, сен айып тартасың. Таба алмаса, айыты ол тартады. Бірақ, кім ұтса да, ұпай алу үшін, мына ережелерді жақсы білуі керек:
1. Бас бармақтан бастап, шынашаққа дейін саусақтардың аттарын түгел атап шығады: бас бармақ, сұқ қол, ортан қол, аты жоқ қол, шынашақ.
2. Бұдан кейін саусақтарға: бас бармақ, балалы үйрек, ортан терек, шылдыр шүмек, кішкене бөбек, – деп, түгел ат қойып шығады.
Саусақтар қайта жұмылады. Содан соң мына сөздерді айтып, саусақтарды жаза бастайды:
– Сен тұр – қойыңа бар;
– Сен тұр – түйеңе бар;
– Сен тұр – жылқыңа бар;
– Сен тұр – сиырыңа бар;
– Ал, кішкентай бөбек,
Әлі жас екенсің, үйде қал, – деп, тұқырта ұстайды да:
Енді ұтқан бала шынашақты өз алақанының шұңқырына бүгіп,
Қуыр-қуыр, қуырмаш,
Балапанға бидай шаш.
Әкең келсе, есік аш,
Қасқыр келсе, мықтап бас, –
деп, шынашақты шыр айналдырып, ұтылған баланың алақанын қытықтайды. Одан кейін:
– Мына жерде қой бар, – деп, баланың білезігін түртеді.
– Мына жерде түйе бар, – деп, білегін түртеді.
– Мына жерде жылқы бар – деп, білектің жоғарғы жағын түртеді.
– Мына жерде түлкі бар, – деп, қолтығына таман барады да, тездете түседі:
– Мына жерде күлкі бар, – деп, қытықтай бастайды:
– Қытық-қытық, қытық!
13. Ұшты-ұшты!
Ойынды үй ішінде де, сыртта да ойнауға болады. Ойынға қатысушылар бастаушының сөзін қалт жібермей бағып отыруы шарт. Ұшатын құс не зат айтылса, қолдарын жоғары көтереді. Ұшпайтын зат айтылса, тырп етпейді. Қателескен бала айып тартып, тақпақ айтады не ән салады, не билеп береді. Екі рет жаңылса, айып шарты арта түседі. Бастаушы ойынды былайша жүргізеді:
– Ұшты-ұшты, сұңқар ұшты! /қол көтеріледі/
– Ұшты-ұшты, тұлпар ұшты! /көтерілмейді/
– Ұшты-ұшты, қарға ұшты! /көтеріледі/
– Ұшты-ұшты, арба ұшты! /көтерілмейді/
– Ұшты-ұшты, тарғақ ұшты! /көтеріледі/
– Ұшты-ұшты, қармақ ұшты! /көтерілмейді/
– Ұшты-ұшты, дауыл ұшты! /көтеріледі/
– Ұшты-ұшты, қауын ұшты! /көтерілмейді/
14. Аяқ күрес
Ойын көкмайсада немесе кілем үстінде ойналады. Екі ойыншы ортаға шығады да, бір-біріне қарама-қарсы шалқаларынан жатады. Оң аяқтарын жоғары көтеріп, бірін-бірі шалып немесе іліп алады да, қарсыласын аударып түсіруге тырысады. Қайсы ойыншы қарсыласын аударып түсірсе, сол жеңіске жетеді.
Мұнда бірін-бірі қолмен ұстап немесе итеріп қарсыласуға болмайды. Тек айқасқан екі аяқтың күшімен бірін-бірі аударып тастаулары керек.
Ойын баланы батылдыққа, жылдамдыққа, ептілікке баулиды.
15. Шекара
Ойынға қатысушы балалар екі топқа бөлінеді де, орталарынан ұзын сызық сызылады. Ол шекара болып есептелінеді. Ойын бастаушы белгі бергенде, бір жақтың бір ойыншысы сызықтан аттап өтеді де, У-у-у-у! – деп дауыстай жүгірген күйі қарсы жақтағы ойыншыларды жанай, біреуіне қолын тигізіп өтуге тырысады. Қолы тиген ойыншы тұтқын саналады.
Қарсы жақтың тобы сергек, сақ тұруға тиіс. Олар өздеріне қол тигізбеу амалын қолдана отырып, «шекара бұзушының» өзін ұстап, тұтқындауға әрекеттенеді.
Әрбір тұтқын үшін ұпай жазылады. Қай топ көп ұпай жинаса, сол жеңеді.
Ойын баланы батылдыққа, жылдамдыққа, ептілікке, сақтыққа баулиды.
16. Ауыз
Ойынға қатысушылар дөңгелене отырады. Бастаушы ортаға жайғасады. Бастаушы: мұрын, ауыз, құлақ деген сөздерді айтып, мұрынын ұстайды. Өзгелер де мұрындарын ұстайды. Келесі жолы бастаушы тек ауыз деген сөзді ғана айтып, ауызын баспай, құлағын не желкесін ұстай қояды. Ойыншылар сақ отыруға тиіс. Бастаушыға еріп, жаңылысып, басқа жерін ұтаған бала ойыннан шығарылады. Айтылған сөздерден жаңылмай, ойынның соңында жалғыз қалған бала өте сақ, зерек, жеңімпаз атанады.
Ойын баланы зеректікке, ептілікке, сақтыққа баулиды.
17. Тоты құс
Ойынға қатысушылар дөңгелене тұрады да, бір бала ортаға шығады. Оның көзі таңылады. Ол тордағы тоты құс деп саналады. Басқалары қол ұстасқан қалпы құсты айнала жүріп әндетеді:
Тоты құс-ау, тоты құс –
Жақсы көрер досымыз.
Әнге құлақ тосыңыз,
Кім боламыз осы біз? –
деп, кілт тоқтай қалады. Сол кезде тоты құс ту сыртында тұрған баланың атын дәл тапса, аты аталған бала тордағы тоты құстың орнында қалады да, ойын әрмен қарай жалғасады.
Ойын баланы зерек, сергек болуға тәрбиелейді.
18. Доп қағу
Бес-алты ойыншы дөңгелене тұрып, допты қақпақылдап ойнайды. Әуелі бір ойыншы допты баспен де, кеудемен де, аяқпен де, иықпен де қақпақылдап тұрып, оны жерге түсірмей, келесі балаға жолдайды. Ол да допты іліп алып, алдыңғы ойыншының тәсілін жалғастырып, келесі серіктесіне жолдайды. Допты жерге түсіріп алған бала ойыннан шыға береді де, ең соңғы қалған бала жеңімпаз атанады.
Бұл ойын футбол әуесқойларының жаттығуына өте пайдалы септігін тигізеді.
19. Доп домалату
Ашық алаңқайда ұзындығы 20-30 метрдей сызық сызылады да, оның екі басында екі топ ойынға қатысушылар тұрады. Алдымен бір жағынды топтан бір ойыншы шығады да, допты аяғымен домалата сызық бойымен жүгіреді. Сызық бойынан ауытқып кетуге немесе допты қатты тебуге болмайды. Сызық бойынан ауытқып кеткен бала ойыннан шығады. Ойыншылары көп қалған топ жеңіске жетеді.
Бұл ойын да футбол әуесқойларының жаттығуына өте пайдалы септігін тигізеді.
20. Шармен жүгіру
Алдыңғы ойындағыдай ашық алаңқайда ұзындығы 20-30 метрдей сызық сызылады да, оның екі басында екі топ ойынға қатысушылар тұрады. Алдымен бір жағынддағы топтан бір ойыншы шығады да, алақанына теннис шарын қойып, сызық бойымен жүреді. Келесі топқа жеткенде, шарын сол топтың бір ойыншысына ұстатады. Ол да сол шарды алақанына қойып, келесі топқа қарай жүгіреді. Шарды түсіріп алған немесе сызықтан ауытқып кеткен бала ойыннан шығады. Ойын соңында ойыншылары көп қалған топ жеңіске жетеді.
Ойын баланы ептілікке, жылдамдыққа тәрбиелейді.
21. Арқалау
Ашық алаңқайда ойынға қатысушылар екі топқа бөлініп, бір-бірлеріне қарама-қарсы тұрады да, әр топтан екі-екіден ойыншы шығады. Белгі берілген заматта біреуі екіншісін арқалап, межелеген мәреге қарай жылжиды. Мәреге жекен соң, екінші ойыншы өзін арқалап барған ойыншыны арқалап, кері оралу керек. Жолда жығылған немесе арқасындағы баланы түсіріп алған ойыншыға ұпай жазылмайды. Көп ұпай жинаған топ жеңіске жетеді.
Ойын баланы төзімділікке, шыдамдылыққа, мықтылыққа баулиды.
22. Таяқпен жүгіру
Ойынға қатысушылар екі топқа бөлініп, сапқа тұрады. 15-20 метр жерге арнаулы таяқша қойылады. Белгі берілген кезде әр топтың басында тұрған ойыншы жүгіріп барып, таяқшаны айналып өтеді де, өз тобы сапының соңына келіп тұрады. Ол топтың да, екінші топтың да келесі баласы жүгіреді. Ойынға қатысушылар түгел айналып өтіп біткенше ойын жалғаса береді. Қай топтың ең артынан жүгірген ойыншысы озып келсе, сол топ жеңіске жетеді.
Ойын баланы төзімділікке, жылдамдыққа баулиды
23. Шеңбер айналу
Ойынға қатысушылар екі топқа бөлінеді де, орталарынан екі шеңбер сызады. Әр топтың ойыншысы содан кейін сайысқа түседі. Сайыс шарты бойынша сайысқа түскен ойыншы екі қолымен сол аяғын тізеден қапсыра ұтап, көтеріп алады да, оң аяғымен сыңар аяқтай секіріп, алдындағы шеңберді айналып өтуге тиіс. Тізеден көтерген аяғын жерге тигізбей секіріп, шеңберді қай топтың ойыншылары көбірек айналып шықса, сол топ жеңеді.
Бұл ойын да баланы төзімділікке, жылдамдыққа баулиды.
24. Екі қолмен жүру
Ашық алаңқайда ойынға қатысушылар екі топқа бөлініп, әр топтан екі-екіден бала алға шығады да, біреуі екі қолымен жер тіреп, етпетінен жатады. Ал, екінші серігі оның аяғын көтеріп ұстайды. Бастаушы белгі берген кезде, қолымен жер тіреп жатқан ойыншы еңбектеп ілгері жылжуы керек. Серігі көтерілген аяқты жерге тигізбей, ілесіп отыруға тиіс. Олар мәреге жетіп, қайта оралғанда келесі екі ойыншы осы әдіспен ойынды әрі жалғастырады. Осылайша ойын шартын мүлтіксіз орындап, озып келген ойыншылар тобы жеңіске жетеді.
Бұл ойын да баланы төзімділікке, жылдамдыққа, мықтылыққа баулиды.
25. Кітаппен жүгіру
Ойынға қатысушылар екі топқа бөлініп, бәсекеге түседі. Екі топтағы ойыншылардың саны тепе-тең болуы шарт. Өздері тұрған жерден 30-40 метрдей жерге белгі қойылады. Әр топтың бір-бір ойыншысы басына қатырма мұқабалы, қалыңдығы екі елідей кітап қойып алады да, жарыса жөнеледі. Жерге түсірмей, әлгі белгіні жүгіріп өткен соң, кезекті өз тобының келесі ойыншысына береді. Әр ойыншыға бірден ұпай саналады. Басына қойған кітапты қолмен ұстап түзеткен немесе түсіріп алған ойыншыға ұпай саналмайды. Көп ұпай жинаған топ жеңіске жетеді.
Ойын баланы ептілікке, икемділікке, жылдамдыққа баулиды.
26. ШЕКЕМТАС
Бірінші түрі
Бұл ойынды кілем үстінде немесе аласа жалпақ стол үстінде ойнауға болады. 5-6 ойынға қатысушылар дөңгелене отырады да, біреуі ойынды бастайды. Оның оң қолында көлемі лобиядан үлкендеу бес домалақ тас болады.Ол қолындағы тастың біреуін жоғары лақтырып жібереді де, ол қайта оралғанға дейін, қолында қалған 4 тастың біреуін жерге қояды да, жоғарыға лақтырған тасын жерге түсірмей қағып алады. Осы ырғақпен ойыншы қоланда қалған 3 тастың тағы біреуін жерге қояды. Сөйтіп, төрт тасты түгел жерге қойып біткен соң, қолында қалған тасты тағы да жоғарыға лақтырып, ол оралғанша жердегі төрт тасты түгел жинап, жоғарыдағы тасты жерге түсірмей, қағып алады.
Келесі кезекте ойыншы қолындағы 4 тасты алдыңғы әдіспен енді жерге екі-екіден қойып шығады.
Үшінші кезекте ойыншы қолындағы 5 тастың 4 тасын бірден жерге қойп, алдымен бір-бірден, одан кейін екі-екіден жинап шығады.
Екінші түрі – үйшік
Бұл – алдыңғы шекемтас ойынының екінші түрі. Ойыншы енді екі қолын да пайдаланады. Сол қолын доға секілді иілген күйде жерге тіреп қояды. Оның бас бармағы мен сұқ қолы үйшіктің қақпасы ретінде керіліп тұрады. Ойыншы оң қолындағы тастарды алдыңғы ойындағы әдіспен жерге кезегімен қоя береді. Бірақ, бұл жолы оларды оң қолына жинамайды. Лақтырып жіберген тасы оралғанға шейін жердегі тастарды сол қолының ашық қақпасына алдымен бірден, одан кейін екіден кезегімен кіргізе береді.Толық жиналып болған соң, оң қолындағы соңғы тасын лақтырып, сол қолының астындағы тастарды оң қолына жинап, жоғарыдағы тасты жерге түсірмей қағып алады.
Осы сындардан сүрінбей өткен ойыншы жеңіске жетеді. Кімде-кім жаңылысып кетсе немесе тасты жерге түсіріп алса, ол ойыннан шығып қалады да, ойынды келесі ойыншы жалғастырады.
Ойын баланы ұқыптылыққа, сақтыққа, жылдамдыққа баулиды.
27. Алтын қақпа
Топтаса тұрған ойынға қатысушылардың ішінен екі бала 2-3 қадам алға шығады да, бір-бріне қарма-қарсы қолдарыннан ұстасып, жоғары көтеріп қақпа жасайды. Өзара келсімдері бойынша алтын қақпаның бір жағындағы ойыншы ай, екінші жағындағы ойыншы күн болып саналады. Қалған ойыншылар бір-бірімен қол ұстасып, бірінің артынан бірі қақпадан өте бастайды. Сол кезде алтын қақпадағылар былай деп өлеңдетіп тұрады:
Алтын қақпа ыңғайлы,
Үнемі ашық тұрмайды.
Бірінші рет енесің,
Екінші рет – бөгесін.
Үшінші рет жабылар,
Біздің сөзге бағынар, –
деп, қақпадан енді өтіп бара жатқан ойышыны ұстап қалады да:
– «Қайсымызды қалайсың, айды ма, күнді ме?» – деп сұрайды. Ойыншы кімді қлаласа, соның жағына барып тұрады.
Ойыншы ұсталып қалмауы үшін қақпадан жүгіріп өтуге ұмтылса, қақпадағылар оны ұстап қалу үшін өлең ырғағын жылдамдатуға асығады. Ойын біткенде, қай жаққа бала көп жиналса, сол жақ жеңіске жетеді.
Ойын баладан жылдамдықты, тапқырлықты, батылдықты талап етеді.
28. Теріскей
Ойыншылар екі топқа бөлініп, ара қашықтығы 20-30 метрдай жерде бір-біріне қарама-қарсы тұрады. Әр топтан екі-екіден ойыншы бөлініп алға шығады да, бір-біріне арқаларымен тұрып қол ұстасады да, келесі топқа қарай жүгіреді. Әрине, біреуі алдымен, екіншісі артымен жүгіреді. Келесі топқа жеткен соң, алдымен жүгірген бала енді артымен жүгіретін болады. Екінші жақтың ойыншылары да осы тәсілді қайталайды.
Қай жақтың ойыншылары көбірек жаңылысса, сол жақ жеңіліске ұшырайды.
Ойын балаларды ептілікке, батылдыққа, жылдамдыққа, икемділікке тәрбиелейді.
29. Доп қағу
Ойыншылар шеңберлене тұрады да, ортаға бір бала шығады. Балалар қол добын бір-біріне жылдамдата жерге түсірмей әуелете де, лақтырып та бере бастайды. Ал, ортадағы бала оны жолай қағып алуға, немесе қолын тигізіп қалуға ұмтылады. Егер ол допты ұстап алса немесе қолымен қағып қалса, допты соңғы лақтырған бала ортадағы ойыншыны алмастырады. Ойын 5-6 бала алмасқанға дейін жалғаса береді.
Ойын балаларды ептілікке, батылдыққа, жылдамдыққа, икемділікке тәрбиелейді.
30. Қаздар мен қасқыр
Бұл ойын жазда ашық алаңқайда ойналады. Алаңқайдың екі жағына екі дөңгелек сызылады: бірі – қаздар мен оның иесінің үйі, екіншісі – қасқырдың апаны болып саналады.
Алаңда қаздар жайылып жүреді. Бір кезде қаздардың иесі қаздарын шақыра бастайды:
– Қаздар, қаздар!
– Қия, қия!
– Қарындарың ашты ма?
– Ия, ия!
– Келіңдер күрке қасына,
– Қасқыр жүр қырқа астында.
– Қасқыр нені ойлайды?
– Азу тісін қайрайды.
Түрі жаман бөлек қой,
Ойы – бізді жемек қой.
– Онда жылдам басыңдар,
Үйге қарай қашыңдар!
Қаздар қаша бастайды да, қасқыр оларды қуа жөнеледі. Ұстаған қазды апанына қамай береді. Қаздарды түгел ұстаған кезде, қаздардың иесі қасқырды шақырып:
– Қасқыр, қасқыр, қаздар емес жемегің?
Табылады керегің.
Бері таман кел,
Сиырдың етін беремін, –
деп, таяқ лақтырады. Қасқыр таяққа қарай жүгірген кезде, қамаудағы қаздар апаннан қашып шығып, үйлеріне келіп тығылады. Осылайша басқа қасқырды белгілеп, ойынды 2-3 рет қайталауға болады.
Ойын балаларды ептілікке, батылдыққа, жылдамдыққа, икемділікке тәрбиелейді.