Оқушыларға
Математикадан біліктілікті тереңдетудің және дамытудың алгоритмдік бір тәсілі туралы
Қазіргі заманғы ақпараттық технологиялар талаптарына сәйкес оқушылардың өз бетінше білім алу бағыты мейлінше жетілдірілуі тиіс.
Ақпараттық оқыту технологиялары негізінен оқушының жеке өз бетінше оқып, білім алуына арналатын болғандықтан, оның оқулық қызметіне әдістемелік тұрғыда да мүмкіндігінше жақсы жағдай жасалғаны дұрыс болар еді. Математика ғылымы барлық ғылымдардың арасында ерекше орын алады. «Математика ақыл-ойдың гимнастикасы» деген сөз бекер айтылмаған. Адамзат іс - әрекетінің барлық саласында кеңінен қолданылып жүрген математика әмбебап болып табылады. Қазіргі кезеңде оның рөлі ғылым мен техниканың дамуымен күрт өсіп отыр. Бұл барлық келешек мамандардың, математикалық даярлықтарын жақсартуды талап етеді. Әрбір келешек маман өз іс-әрекеті даярлығы үрдісінде белгілі бір дәрежеде математика ілімімен қарулануы тиіс. Өйткені, адам тұлғасын дамытуда, оның дүниетанымдық көзқарасы мен адамгершілік қасиеттерін қалыптастыруда, ойлау қабілетін жетілдіруде математиканың алар орны ерекше.
Тақырыптың өзектілігі: математикада түрлі тапсырмаларды шешуі үшін оның ережелерін қолданып, іс-қимылын көрсету болып табылады. Мысалы, бөлшек сандарын бөлу ережесі, квадраттың шешуін түзету. Көбіне әрбір ереже және инструкциялар іс-әрекеттің нышанын көрсетеді. Тапсырманы шешуде біріншіден не берілгенін, нені алуын және қандай іс-әрекет кезектесіп жатқанын білу керек.Алгоритм – алдын ала көрсетілген түсінікті және нақты түсінік, ол арқылы қажетті есептерді шығаруға болады.
Жұмыстың көкейтестілігі: математиканы оқып үйренудегі оқушылардың іс-әрекеттерінде алгоритмдердің маңыздылығымен, алгоритмдерді пайдалану негізінде сабақ жүргізуді жетілдірудің қажеттігімен анықталады.
Зерттеу мәселесі негізгі мектепте математиканы оқытудың алгоритмдік бағытталғандығын тиімді түрде жүзеге асыру және соның негізінде оқушылардың білімін, білігін және дағдысын берік қалыптастыру.
Зерттеу пәні – оқушыларда білімді, білікті, дағдыны және алгоритмдік мәдениеттің элементтерін тиімді қалыптастыруға жағдай жасайтындай негізгі мектепте математиканы оқытудағы алгоритмдік тәсіл.
Зерттеу объектісі – негізгі мектепте математиканы оқыту процесі.
Зерттеу мақсаты:
жалпы орта мектептегі математика сабақтарында алгоритмдік тәсілді қолдана отырып оқушының математикалық біліктілігін арттыру және дамыту.
оқушылардың бойында жеке өз бетінше шығармашылық тұрғыда жұмыс істеу, іздену, ойлана білу, талдаушылық, шешім қабылдау, оқулық материалды саналы түсінуге тырысу қасиеттерін қалыптастыру.
Зерттеп отырылған мәселеге байланысты ғылыми әдебиеттерге талдау жасап және озат мұғалімдердің іс-тәжірбиесіне сүйене отырып мынадай болжам жасауға болады. Егер математика сабақтарында жаңа тақырыпты түсіндіру және есеп шығарту барысында алгоритмдік тәсілді пайдалана отырып сабақ жүргізсек, есептер шығаруда пайдалансақ, оқушыларда белгілі бір математикалық білімді, білікті және дағдыны қалыптастыра аламыз.
Міндеттері:
математиканы оқытудағы алгоритмдік бағытталғандықтың мағынасын айқындау және соның негізінде алгоритмдендіруді негізгі мектепте математиканы оқып үйренуде қолдану;
математиканы оқытуда эвристикалық (ойлан-тапқыштық) және алгоритмдік әдістерді үйлестіре қолдану мүмкіндігін негіздеу;
шешуінде алгоритмдендірудің құралдарымен тәсілдерін пайдалану мүмкіндігі бар болатындай жаттығулар мен тапсырмаларға талдау жасау;
өз бетінше білім алғысы келетін оқушыға әдістемелік тұрғысынан көмектесу.
Бұл міндеттерді шешу үшін мына төмендегідей жұмыстар жасалды:
зерттеу тақырыбы бойынша психологиялық-педагогикалық және әдістемелік әдебиеттермен танысып, оларға ғылыми-әдістемелік тұрғыдан талдау жасалды;
зерттеу бойынша мектептегі математика пәні мұғалімдерінің озық іс-тәжірибелерімен танысылды.
Алгоритмдік тәсілдің басты ерекшелігі – оның нәтижелігінде. Оқыту алгоритмдерінің қадамдар тізбегі дұрыс анықталған жағдайда (алгоритм талабы, қасиеті бойынша солай болуы тиіс), ол міндетті түрде оң сапалы білімдік нәтижеге жеткізеді. Сондықтан, бұл тәсіл бойынша оқып-үйренуге және теориялық білімді бекітуге арналған оқулық материалдарды пән мұғалімінің өзі дайындағаны және ұсынғаны жөн. Өйткені, ол өзі оқытып отырған сыныптағы оқушыларды жақсы біледі (білуі тиіс).
Алгоритм дегеніміз не? Бір типті мәселелер, айталық көп таңбалы екі санды қосу, көшеден өту, кесіндінің ұзындығын өлшеу және т.б. жиі кездеседі. Берілген типтес (бір типті) мәселелерді (есептердің) кез келген түрін шешуде пайданалуға болатын «жеткілікті жалпы тәсіл бар ма?» деген сұрақтың тууы заңды. Егер мұндай жалпы тәсіл бар болса, онда оны берілген мәселе (есеп) түрінің алгоритмі дейді. Есептердің әрқайсысының өзіне сәйкес алгоритмі болады. Мысалы, көп таңбалы екі санды қосу есебіне қатысты алғанда көп таңбалы кез-келген санды қосуға жарайтын, яғни типтес есептердің ішінен оның кез-келген дербес түрін шешудің «бағанмен» қосу тәсілі белгілі.
Жалпы алғанда, «алгоритм деп қандай да бір бастапқы деректерден (ұсынылып отырған алгоритм бастапқы деректер болатын мүмкін жиынтықтан алынатын) басталатын және осы деректер бойынша толық анықталатын нәтижені алуға бағытталған есептеу жүргізу процесін көрсетіп беретін нақты және дәл жарлықты түсінеді» [2].
Елбасымыздың Н. Назарбаевтың «Қазақстан - білім қоғамы жолында» атты жастар алдындағы дәрісінде сөйлеген сөзінде: «Ықылым замандардан қалған «білекті бірді жығады, білімді мыңды жығады» деген сөз бар. Бұл заман - білекке сенетін емес, білімге сенетін заман. Заманауи әлемде елдің қуаты, ең алдымен, білім мен ғылымда болатын уақытқа келдік. Сол білімді қажетке жаратып, қоғам игілігіне пайдалана білуіміз керек. Инемен құдық қазғандай қиын да күрделі, орасан қажыр қайрат пен ерік-жігерді талап ететін білімісіз өмір - тұл. Терең білім -тәуелсіздігімізідің тірегі, ақыл - ой – азаттығымыздың алдаспаны» - деп айтылған. [6]
Жас ұрпаққа жан-жақты білім беру - әр ұстаздың басты міндеті. Бұл шешуші міндетті жүзеге асыру ұстаздың шеберлігіне тәуелді. Қазіргі таңда еліміздің барлық ғылым мен білім саласында қайта құру яғни технологияландыру үрдісі жүріп жатыр. Мұның өзі оқушылырға сапалы білім беру қажеттілігінен туындауда. Бұл орайда оқушылардың математика пәнінен білімдерін, белсенділігін, біліктілігін арттыру үшін көптеген әдіс - тәсілдер бар.
Қазақстанның тәуелсіз мемлекет ретінде қалыптасуы барысында орта білім берудің жүйелі реформалануы қоғамдық тұрғыдан үлкен маңызға ие болды. Білім беруді реформалауды жүзеге асырудың және бір маңызды сипаты қазіргі уақыттағы оқыту процесін технологияландырудың қажеттігінен туып отыр. Осыған орай, соңғы кезде оқытудың әр түрлі педагогикалық технологиялары жасалып мектеп практикасына енгізілуде. Атап айтқанда, В.М. Монаховтың [7] оқыту технологиясы; Дьяченконың [8] жұмыстарында айтылатын оқытудың ұжымдық тәсілі.
Профессор Қараевтың жұмыстарында [9,10,11] еліміздің көптеген мектептерінде қолданылып жүрген:
оқытуды дербестендіру мен деңгейлік дифференциалдау;
білім беруді демократияландыру мен ізгілендіру принциптеріне негізделген жаңа педагогикалық комьютерлік технология алғаш рет зерттелген. Егер осы жұмыстарда қарастырылған оқытудың педагогикалық технологиясын оқу-тәрбие процессіне, оқытудың жаңартылған жүйесінің жобасы ретінде енгізетін болсақ, онда:
оқыту сапасын арттыруға,
басқару тиімділігін жетілдіруге,
оқушылардың дамуына бақылау жасауға,
оған сәйкес бағалауға болатыны дәлелденіп отыр.
Оқушылардың математикалық біліктілігін дамыту және тереңдетудің әдіс-тәсілдері
Ж.А.Қараевтың деңгейлеп оқыту технологиясы.
Бірінші деңгей – міндетті, репродуктивті, оқушылық деңгей;
Екінші деңгей - алгоритмдік деңгей;
Үшінші деңгей - эвристикалық деңгей;
Төртінші деңгей – шығармашылық деңгей;
Деңгейлеп-саралап оқытудың ерекшеліктері:
таланттылар өз қабілеттері мен икемділігін одан әрі бекіте түседі;
оқушыны өз қабілетіне, болашағына сенуге дағдыландырады;
оқушыны ынталандыруға үйретеді;
оқушы мен оқытушының ынтымақтастық қарым-қатынас достығы пайда болады;
оқушының біліктілігі артады;
оқушы өз білімін өзі бағалай білуіне дағдыланады;
баға әділ қойылады.
Алгоритмдік оқыту тәсілі негізінен оқушылардың сәйкес тақырыптар бойынша білімдерін өз беттерінше бекітуге және практикалық тұрғыда машықтануға, біліктілігін арттыруға арналған.
Бұл тәсілді негізінен нақты тақырыпты оқып- үйренудің бастапқы кезенінде тиімді пайдалануға болады. Оқушыларды қосымша дайындықтан өткізуде репетиторлық құрал рөлін де толық атқара алады.
Оқушылар белгілі себептермен сабақтарын көп жіберіп алған жағдайларда да алгоритмдік оқыту тәсілі олар үшін өз бетінше сәйкес тақырыптарды оқып-үйренуде тиімді құрал бола алатындығын келтірілген мысалдар дәлелдей алады. Жүргізілген эксперименттің нәтижесінен алгоритмдік тәсілді математика сабақтарында қолдану оқушылардың біліктілігін арттыруға септігін тигізетінін көрсетеді.
Шығармашылық тұрғыда пайдалана білсе, бұл тәсілді кез келген пәнді оқытуда және оқып үйренуде тиімді пайдалануға болады. Сондықтан бұл тәсілді кез келген пән мұғалімі өзінің нақты көмекшісіне айналдыра алады.
Ал нақты тақырыпты, тарауды оқып-үйренудің бастапқы кезеңдерінде үй тапсырмаларын және өзіндік жұмыстарды оқушылардың пән оқытушысы көрсеткен үлгілер бойынша орындағандары тиімді болады. Сонда ғана олар теориялық материалдарды жетік меңгеретін болады, оларды саналы түсінуге қол жеткізеді, білімін де және біліктілігін де өз бетінше сенімді түрде бекіте бастайды, жеткілікті деңгейде машықтануға мүмкіндігі болады, келешекте білімін өз бетінше тереңдетуге, дамытуға мүмкіндік алады.
Сонымен, біз ұсынып отырған алгоритмдік оқыту тәсілі мына жағдайларда тиімді қосымша әдістемелік құрал бола алады:
жеке өз бетінше математикалық білім алғысы келетіндерге;
әсіресе, қабілеті орташа оқушылардың өзіндік жұмысын қолдауға;
тақырыпты оқып-үйренудің және бекітудің бастапқы кезеңінде;
репетиторлықты толық қолдауда;
сабақты әртүрлі себептермен көп жіберіп алған оқушылар, білімгерлер үшін;
оқулық материалды қайталауда;
оқушы білімін және біліктілігін толықтыруда, тереңдетуде және дамытуда.
Тағы да атап кетуге болады, бұл оқыту тәсілін кез келген пәнді оқытуда тиімді қосымша әдістемелік құрал ретінде пайдалануға болады. Ол үшін пән мұғалімінің өзі оқытатын пәнін, нақты тарауды тақырыпты жеткілікті теориялық және әдістемелік деңгейде түсінуі, білуі тиіс. Сонда ғана бұл тәсілді пән мұғалімі өзінің ақылды көмекшісіне айналдыра алады.