22 Желтоқсан, Жексенбі

Оқушыларға

Анамызды аялайық






А.Үсенов атындағы жалпы орта мектебінің
педагог-ұйымдастырушысы Утебекова Алтынкүл


Ана сұлулығы жүзіндегі мейірімінен көрінеді
Ғабит Мүсірепов

Ана! Аналар жайлы әңгіме аз ба?

— Жоқ, ана туралы әңгіме де,өлең де таусылмайды. Ол мәңгілік таусылмайтын жыр. Жүрегіңнен қанша жыр, ән, өлең шықса да жалғасын тауып шыға береді. Бұл анаға деген шексіз — махаббат. Ана мейрімінен дүниеде қасиетті ештеңе жоқ. Ананың адал пейілі еш жерде табылмайды.....

Әрбір ана отының өшпеуін, бақытының көшпеуін, шаңырағының құламауын, сәбиінің жыламауын, сұм соғыстың болмауын тілейді. Атақты орыс жазушысы М.Горькийдің: «Дүниеде асыл атаулыңың бәрі күннің нұрынан, ананың ақ сүтінен жаралған» — деуі де сол шындықты айқындайды. Отанға опасыздық пен Ана сүтін ақтамау зор қылмыс саналады. Барлық жақсылықты себетін — аналар. Иә, аналар ажалдан да күшті.

Тәңір құлы Темірді жібіткен де ана екен. Жерді қанға тұншықтырған Ақсақ Темірдің ананың алдында бас иіп, кішірейгені туралы аңыз әңгіме бар: Ел шауып, жер басып алу жөнінде атышулы Шыңғыс ханнан кем түспеген Әмір Темір көреген елдің боздағы мен аруын, сәбиі мен кәрісін, қызы мен кемпірін қынадай қырып, қанын судай ағызған. Сол айдалып кеткен қолға көп тұтқынның ішінде бір кемпірдің көзінің ағы мен қарасындай жалғыз баласы да кетеді. Баласынан айрылған кемпір «Жалғызымнан айрылып, одан жанымды аяп қалып мен кімге тұлға боламын», — деп баласының артынан бұл да кетеді. Өжеттігі мен қайсарлығы кемімеген табанды кемпір Темірге де жетеді. Алдына келген адамнан жөн сұрауды күнәмен тең көретін Темір мына келген кемпірді адам екен-ау деп елемейді. Тіс жармайды. Ақыры шыдамы таусылған кемпір Темірге былай деп сөз бастайды:

— Уа, арыстандай айбатты, жолбарыстай қайратты әміршім! Біздей алдыңызға келген пақыр жанның сөзіне құлағыңызды асыңыз. Сен алмаған ел бар ма, сен баспаған жер бар ма?! Халықтың қанын судай ағыздың. Ұлын улаттың, қызын шулаттың, кәрісін зарлаттың, сәбиін жылаттың. Олардың барлығына да тырнақтай рахым жасамадың. Алдыңа келгенді аждаһадай жұттың, қасыңа жуығанды қапсыра құрттың, ойыңа алғанның бәрін істедің. Арманыңды түгел орындадың. Дүниеде уысыңа симаған ел де, қансырамаған халық та жоқ. Осының бәрін, әміршім, сен істедің. Дүние жүзіне Темір атың мәшһүр болып, кеңінен тарады. Осындай айбарлы атақ пен өшпес даңққа ие болғаныңмен, әміршім, сен мендей анадан туып, анадан өстің. Мендей ана болмаса, сендей атақты да қаһарлы патша да болмаған болар еді. Сондықтан да анадай асыл жан дүниеде әм ұлы, әм құдіретті деп айтуға лайық. Анаға бала өмір бақи қарыздар. Сол анадан сендей айбарлы хан да, айбатсыз, ақымақ, жаман да туады. Сен анадан артық туған хансың да, менің балам жаман туған жан. Бірақ жаман болса да ол өзіме артық, өзіме жақсы. Қарға екеш қарға да балапанын «аппағым» деп аялайтын көрінеді. Ананың балаға, баланың анаға қымбаттылығы сондай. Ендеше, хан ием! Ендеше, сол жаман балам сенің тұтқыныңның бірі болып зынданда жатыр. Сол жаман баламды сұрай келдім. Шыбынымды тірідей қолыма бер! Ол өзіме қымбат, — деп кемпір сөзін аяқтағанда дүниеде тастай қатты, ешкімге еш уақытта мейірімі түспеген, адам қанын судай төккен қатыгез Әмір Темір кемпірдің сөзіне жібіп, баласын өлтірмей қайтып беріпті. Адам баласына жібімеген, адамның сөзін сөз демеген, адам баласы батып сөз айта алмаған қаһарлы да айбарлы шығыстың жалғыз көзді арыстаны атанған Ақсақ Темір сияқты қатты әмірді сөзбен тоқтатып, мақсатын орындатқан тек ананың үлкен жүрегі мен оның құдіреті еді.

Ана баланы тоғыз ай көтеріп, толғатып дүниеге әкеліп, аялап өсіріп, аяғыңнан тік тұрғызады. Нәресте өмірінің нәрі — Ана сүті. Ұғымымызда «Ана сүтін ақтау» перзенттік парызын өтеу. Қазақ ғұрпында ата-ананың алатын биік орны, қадыр-қасиеті. Ананың ақ сүтін, әкенің адал күшін ақтау — өз болашағыңды сақтау. Ата-анаға не істесең сол келеді, алдыңа сол қайтады. Өкінішке орай ол сөзге мән беріп жүрген перзенттер аз. Ана ол да адам қателесетін кездері болады. Қателігін бетіне баспай ананы сыйлау. Жасы үлкенге құрмет ету, қарттың бүгілген беліне сүйеу болу — біздің ата дәстүріміз. Ана жүрегі мейрімі — түбі тұнық, түпсіз терең. Ана сыйлаған мейірім кәусар судай. Ана жүрегіне көлеңке түсірмей аялайық.