22 Желтоқсан, Жексенбі

Оқушыларға

Ара балының емдік қасиеті






Оқушының шығармашылық жұмысы

Тақырыбы: Ара балының емдік қасиеті

Орындаған: 10 б сынып оқушысы Байсалова Жансая

Жетекшісі: Биология пәні мұғалімі: Амангелдиева А.Д.

2016 жылы



Мазмұны

Кіріспе

Негізгі бөлім

а) Ара балының құрамы мен қуаты

ә) Ара балының емдік қасиеті

Пайдаланған әдебиеттер:

КІРІСПЕ

Қасиетті Құран Кәрім сүресінде (Ән –Нахл сүресі) ара туралы жазылуы тегін емес. Мұхаммед (с.ғ.с) Пайғамбарымыз да Хадистерінде екі түрлі емес: Құран мен ара балына айрықша ілтипатты болуға шақырады. Көктен түскен қасиетті төрт кітаптың бірі Інжілде бал туралы бірнеше мәрте айтылады. Иә, Жаратушының азаматқа жіберген ерекше ырыздығы туралы сөз қозғауға да ғанибет.

«Бардан ауысады, балдан жұғысады». Әлбетте, алға қойған астан бастап бұлықсыған сұлуға дейін шәрбатты дүниенің бәрін балға теңестірген қазағымыз балды ертеден біледі. Айталық «бал қымыз», «бал қаймақ», «бал ерін», деген сияқты түрлі теңеулер ілкім заманнан айтылып келеді. «Бала тілінің бал» екеніне сүйсінетін де біздің жұрт. Еуроцентристік ұғымдағы жас жұбайлардың алғашқы шаңырақ көтергенде өткізетін бал айы бүгінгі қазақпен біте қайнасып кеткелі біраз болды.

Бірақ, мұның бәрі қазақ жаппай бал тұтынады деген сөз емес. Бал-қуаты жоғары азық. 1 келі бал адамға 3250 кал. қуат береді. Бал адам ағзасын дәрумендермен, ақуызбен, ферменттермен, т.б тіршілікке қажетті заттармен байытады. Сондай- ақ, балды асқазан, бауыр, бүйрек, жүрек, өкпе, жүйке ауруларын емдеуге қолданады. Ара балын опа-далапта, дәрі жасау өндірісінде пайдаланады. Ғалымдардың айтуынша, Алтай балының адам денсаулығына берер пайдасы мол. Атап айтқанда, бал ағзадағы қан құрамын жақсартып, ішкі қызметтерді жандандырады. Иммунитетті арттыру, дененің физиологиялық күш-қуатын қалпына келтіру, ми қызметін күшейтуге әсерін етеді. Әжеңіздің тұмау немесе суық тигенде ыстық сүтке бал қосып беретіні есіңізде шығар? Балды құрт ауруына, ұйқысыздыққа, бас ауыруына, қан қысымына, асқазан жарасына, тіпті күйікке де ем ретінде пайдалануға болады.

Халық медицинасында бал арқылы ем қабылдау 4 мың жыл бұрын пайда болған екен. Грек ойшылы Пифагор «Ұзақ өмір сүрудің себебі- балды жиі қабылдаудан» десе, әйгілі медицина ғұламасы Әбу әли ибн Сина «Жастық шағыңды сақтағың келсе, жиі бал же!» деген екен.

Бал - халықты сауықтыратын ас.

Бал - қоршаған ортаны сақтаудың жолы.

Бал - үлкен бизнес.

Бал- байлықтың көзі. Омарта шаруашылығымен жекелеген адамдар, зейнеткерлер де айналысуға болады. Қарапайым ғана арифметикаға жүгініп көрейік. Ең төмен баға бойынша 500 теңгеге сатылатын балды әр ұядан 35 келіден жинағанда 100 омартадан 3,5 тонна өнім алып, бір маусымда екі миллион теңгеге жуық табыс табуға мүмкіндік бар. Ендеше, бал - нағыз табыстың кілті.

Ара балының химиялық құрамы

Ара балы - жоғары калориялы диеталық тағам. Жұмысшы бал арасының гүлді өсімдіктердің шырынынан өңдеп шығарған өнімі, қоймалжың, тәтті сұйық. Ара балы бір шырынды және көп шырынды болып бөлінеді. Бір шырынды бал- тек өсімдіктің бір түрінен ғана жиналған шырын. Оны өсімдіктің түріне (қарақұмық балы, жөке ағаштың балы, т.б) қарай атайды. Көпшырынды бал-өсімдіктердің бірнеше түрін жиналатын шырын. Мұндай балды табиғи бал беретін өңірлерге байланысты (дала балы, тау балы, бақ балы, т.б) әр түрлі айтады. Бұлардың химиялық құрамы шырын жинаған өсімдіктердің түріне, топырағына, ауа-райының жағдайына және балдың түрлеріне байланысты болып келеді.

Ара балының химиялық құрамы шырын жинаған өсімдіктердің түріне, ол өскен топыраққа, сол жердің ауа-райы жағдайына және балдың түрлеріне тығыз байланысты. Гүл балының құрамында 12-13 пайыз су, 0,4 пайыз белок, 0,3 пайыз күл, көмір сутегі, глюкоза, жүзім қанты, сахороза, мальтоза, т.б бар. Және де В3, В5, А, С, Н, Е, К дәрумендері, минералды тұдар, ферменттер, сондай-ақ, химиялық элементтер (калий, калций, фосфор, хлор, күкірт, натрий, темір, марганец, мыс, т.б) кездеседі. Бұлардан басқа алма, жүзім, қымыздық тәрізді қышқылдар да болады. Ара балының сапасын, негізінен, хош иісі, дәмі, түсі, тығыздығы, ылғалдығы, қоректік, жабысқақтық қасиеттері арқылы анықтайды. Өмірде табиғи балды ажырату оңай емес. Қантты бал араны қант шырынымен қоректендіру арқылы алынады. Сатушылар оны табиғи балға араластырып сатады. Бұл орайда табиғи, жасанды балды ажыратуға ешқандай анализ көмектеспейді. Жасанды балдың құрамында қант, қант крахмалы, ұн, желім, гипс болады. Оның кейбірін үй жағдайында анықтауға мүмкіндік бар. Ол үшін бір стакан қайнаған су аласыз да оған балды араластырамыз. Сол кезде тұнбаның төменгі жағында немесе бетінде механикалық қалдықтар шыға келеді. Ол балдың құрамында крахмалдың бар екендігінің айғағы. Гүлдейтін қаншама өсімдіктер бар болса, сонша ма балдың түрлері бар:
Түйебұршақ (донник) балы бірінші сортты балға жатады. Ақ немесе ашық- янтарь түсті болып келетін хош иісі бар балдың бұл түрі глюкозаға бай. Түйебұршақ балы ішек ауруларына пайдалы.
Шайқурай (кипрей) балы мөлдір жасыл сары түсті сұйық бал. Балдың бұл түрін әлсіздікке, жараны қайтаруға пайдаланады.
Жөке (липа) балы жақсы сортқа жатады. Сары жасыл түсті балдың бактерияға қарсы қасиеті бар. Жөке балының тамақ ауруларына пайдасы мол. Сондай-ақ, тыныштандыратын, ұйқыны жақсартатын қасиеті бар.
Шабындық (луговой) балы бірінші сортты балға жатады. Сары қоңыр немесе алтын түсті балды шабындықтағы түрлі гүлдерден алады. Бұл бал арқылы тыныс алу, жүйке, жүрек және ас қорыту жүйесін емдеуге болады.
Таңқурай ( малина) балы ақ түсті болады. Жоғары сортқа жататын балдың бұл түрі суық тигенде тұмаудың алдын алу үшін пайдаланады.
Қарақұмық (гречишный) балы қою қызыл немесе қоңыр түсті болады. Жоғары сортқа жататын бұл балдың ерекше иісі бар. Қарақұмық балы темірге, магний, мысқа бай болғандықтан, түрлі қан ауруларын емдеуге пайдаланылады. Сондай-ақ, тері ауруларын да балдың осы түрімен емдеуге болады.

Ара балының емдік қасиеті.

Емдік қасиеті ерте кезден белгілі болып, түрлі ауруларға қарсы әркім өзінше пайдаланып келген суық тигенде, жүрек, бауыр, өкпе, бүйрек, асқазан , ішек, жүйке ауруы, сондай-ақ қан қысымының көтерілуі сияқты дерттерге шипа.оны көпке созылып, асқынып кеткен жарақатқа да жағуға болады. Соған орай балды кейбір ауруларға қалай пайдалануға болатыны туралы қысқаша мәлімет ұсынамыз.
Қол-аяқ жансызданғанда, сары ара ұясының үлкенінен бір дана, кішілеуінен данасын, жалқы өскен 3-4 усарымсақпен қосып, жаншып ауру жерге таңады.
Тері қышымасына: ара ұясын спиртке 7 күн салып, 8 күннен бастап қышымаға бірнеше рет жағады.
Ыстық, суықтан тіс қақсағанда: өңделген ара ұясын, суға бұқтырып, сумен ауызды шайқайды. Өңделген ара ұясынан кішкене мөлшерде алып, қақсаған тіске басады.
Балалар кіндігі сыртқа шығып кеткенде ара ұясын өртеп, күлін кіндікке таңады.
Қан қысымы өрлегенде зығырдан 50 гр. балдан 60 гр-ды 220 гр. Қайнаған суға қосып күніне екі рет ішсе қан қысымын төмендетеді.
Отқа, қайнаған суға күйген жеңіл күйікке, жараның бетін физиологиялық тұзды сумен тазлап жуып, артынан жараға бал жағады.
Суық тигенде, тұмауратқан кезде балды ыстық сүтке, немесе лимонның шырынына қосып, науқастан әбден айыққанша ішкен дұрыс. Ол үшін бір стакан ыстық сүтке бір шай қасық қосып ішеді.
Асқазан, ішек науқасына шалдыққан, не қышқылы аса көбейіп, керісінше, өте азайып кеткен адамдардың да балды ем ретінде, пайдаланғаны жөн.

Қорытындылай келе балдың пайдасы өте зор. Оның емдік қасиеттеріне байланысты кеңінен қолдануға болады және қолдану керектігін түсіндік. Балдың құрамында адам ағзасына пайдалы барлық химиялық қоспалар бар екенін аңғардық. Балдың өте ертеде алғашқы адамдарға дейін пайда болғанын,ата-бабаларымыз оны тағам ретінде де,ем-дом ретінде де пайдаланғанын оқып білдік.

Пайдаланған әдебиеттер:
Егемен Қазақстан газет 28 тамыз 2013жыл
Биология 6 сынып. Атамұра -2015ж
Биология және сауаттылық негізі журналы №1, 2009 жыл
«Еңбекқор жәндік» 79 бет