21 Желтоқсан, Сенбі

Оқушыларға

Қазақ баспасөзінің алғашқы қарлығашы «Айқап» журналы






Қазақ баспасөзінің алғашқы қарлығашының бірі «Айқап» журналының алғашқы саны 1911 жылы 10 қаңтарда Троицкіде шыққан.Және де биылғы 2021жылы «Айқап» журналының шыққанына 110 жыл толып отыр.Ұйымдастырушысы және баспагер, редакторы Мұхамеджан Сералин болды.

Айқап қазақтың қоғамдық санасының оянуына және ұлттық мәдениеттің дамуына үлкен үлес қосқан. Журналда қазақ ауылдарындағы оқу-ағарту жұмыстары, әйел теңдігі, отырықшылық өмір салтына көшу, сонымен қатар Мемлекеттік Думаға қатысу жөніндегі саяси мәселелер көтерілді. Журналды шығару жұмыстарына Ә.Ғалимов, С.Торайғыров қатысқан. Журналда А.Байтұрсынұлы, Ш.Құдайбердіұлы, Б.Майлин, Б.Өтетілеуов, С.Көбеев, Н.Құлжанов, т.б. сияқты белгілі жазушылар белсенді қызмет атқарған. Абай, Ш.Уәлиханов, Ы.Алтынсарин өлеңдерімен қатар халық ауыз әдебиетінің шығармалары, шығыс, орыс және еуропа әдебиетінің туындылары жарияланған.

Ұзақ уақыт күш-жігер жұмсап, аянбай еңбектенуінің арқасында М. Сералин 1910 жылдың аяғында журнал шығаруға рұқсат алды. “Қостанай уезінің Шұбар болысы № 5 ауылының қазағы М. Сералинге, – делінген құжатта, - Троицк қаласында оның жауапкершілігімен мынадай бағдарлама бойынша: бас мақалалар, шетелдік хабарлар, мұсылмандар өмірінің мәселелері, хроника, фельетондар мен өлеңдер, библиография және ғылыми мақалалар, аралас дүниелер және редакцияға хаттар бағдарламасымен ай сайын “Эй-кафь” журналын шығаруға рұқсат берілді”. Прогресшіл демократияшыл зиялылардың сан жылдар бойы аңсаған армандары орындалды:1911 жылғы 10 қаңтарда Троицкіде қазақ халқының тарихындағы тұңғыш “Айқап” ұлттық журналының бірінші нөмірі шықты.

«Айқап» журналының алғашқы санында Ахмет Байтұрсынұлының қазақтың ғылым мен білімді игермегенін мәселе етіп көтерген мақаласы жарияланды. Қаржының тапшылығынан журнал бірінші жылы айына бір рет, шағын көлеммен жарық көрді.

1911жылы Троицк қаласында басында айына бір рет, кейіннен 1912 жылдан бастап журнал айына екі реттен 12-24 бет көлемінде жарияланды. 1-2 мың данамен 88 нөмірі жарық көрген.

Журнал 1911 жылғы қаңтардан 1915 жылғы қыркүйекке дейін шықты. Барлығы 88 нөмірі тарап, таралымы 1000 данаға дейін жетті.

Міржақып Дулатов бұл басылым туралы «білім әлеміне ашылған бір терезе болды» деп жазған.

«Айқап» журналының тағдырына жалпы ұлттық басылым болу жазылды.

У.М.Джолдыбаева Әл–Фараби атындағы ҚазҰУ-нің Қазақстан тарихы кафедрасының доценті

М.Ш.Шалқарова Әл–Фараби атындағы ҚазҰУ-нің Шығыстану факультетінің 1-курс студенті